Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жасанды интеллектті дамыту азаматтар мен бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді едәуір жеңілдететінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, Жасанды интеллект министрлігі мемлекеттік қызметтерді бір платформаға жинайды. Ол үшін қызметті басынан аяғына дейін алуға мүмкіндік беретін AlemGPT мультиагенттік платформасы әзірленді. Қазіргі кезде ол тестілеуден өтіп жатыр.
Жаңа жүйе қызмет алудың барлық кезеңін біріктіріп, процестерді жеделдетуге бағытталған, – дейді министр.
Алдағы уақытта AlemGPT барлық мемлекеттік қызметтер бойынша толыққанды жасанды интеллект көмекшісіне айналады. Бұл азаматтар мен кәсіпкерлер үшін қызмет алу барысын барынша ыңғайлы әрі түсінікті етпек.
Министрлік мемлекеттік қызметшілерге арналған қауіпсіз цифрлық жұмыс орнын құру бағытында да жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл цифрлық орта күнделікті қызметтік міндеттерді атқаруға қажетті барлық негізгі құралдарды қамтиды. Оның ішінде Қазақстан аумағынан тыс жерде де толыққанды қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылған, – дейді ол.
Жаслан Мәдиевтің сөзінше, аталған бастамалар мемлекеттік аппараттың жұмысын оңтайландырып, оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Үкімет отырысында министр Жаслан Мәдиев киберқауіпсіздікті күшейту мақсатында қабылданған шараларға қарамастан, мемлекеттік органдардың ақпараттық қауіпсіздік талаптарын жиі бұзатынын, сондай-ақ шалғай елді мекендерді интернетпен қамту жоспары туралы айтты.