Әлемге әйгілі шахматшы президент болудан бас тартты

Әлемге әйгілі шахматшы Юдит Полгар Венгрия президенті болу мүмкіндігінен бас тартты. Ол мұндай шешімге не себепті келгенін мәлімдеді.

21 Шілде 2026, 09:44
АВТОР
 Kovács Tamás/MTI 21 Шілде 2026, 09:44
21 Шілде 2026, 09:44
422
Фото: Kovács Tamás/MTI

Тарихтағы ең табысты әйел шахматшы, халықаралық гроссмейстер Юдит Полгар Венгрия президенті лауазымына кандидат болудан бас тартты. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында мәлімдеді. Бұған дейін елдің премьер-министрі Петер Мадьяр оны мемлекет басшысы қызметіне кандидат ретінде ұсынған болатын.

Мені республика президенті лауазымына ұсыну бастамасын өмірімдегі ең үлкен құрмет деп санаймын және бұл үшін шексіз ризамын. Алайда ұлтты біріктіру жолындағы осындай тарихи жауапкершілікті өз мойныма алуға дайын емеспін, – деп жазды Полгар.

Еuronews басылымының мәліметінше, бұл мәлімдеме «Тиса» партиясының парламенттегі фракциясы әйгілі шахматшының кандидатурасын қолдауға дайын екенін жариялағаннан кейін жасалды. Сонымен қатар елде мұндай маңызды бастама қоғаммен алдын ала талқыланбағанына қатысты сын-пікірлер де айтылып жатыр.

Өз кезегінде премьер-министр Петер Мадьяр Юдит Полгардың шешіміне құрмет білдіріп, оған алғыс айтты. Сондай-ақ Венгрия қоғамы оның алдағы уақытта да қоғамдық өмірге белсенді араласатынына үміт артатынын жеткізді.

Құрметті Юдит! Венгрия үшін атқарған еңбегіңізге рақмет! Миллиондаған венгрдің атынан айта аламын деп ойлаймын: сіз басқа рөлде болсаңыз да, болашақта да сізге сенім артамыз әрі қолдауыңызды күтеміз, – деді үкімет басшысы.

20 шілдеден бастап президент Тамаш Шуйоктың өкілеттік мерзімі ресми түрде аяқталды. Жаңа президент сайланғанға дейін мемлекет басшысының міндетін парламент төрағасы Агнеш Форстхоффер уақытша атқарады.

Заңға сәйкес, парламент 30 күн ішінде жаңа президентті сайлауы тиіс. Бұған дейін «Тиса» партиясының өкілдері бірнеше мәрте президентті тікелей халықтың дауыс беруі арқылы сайлау жүйесін енгізуді ұсынған болатын. Сондықтан Венгрияның келесі президенті жаңа Конституция қабылданғанға дейін ғана қызмет атқаруы мүмкін деген болжам бар.

Наверх