Белгілі британдық ғалым Дэвид Фрост Қазақстанға ресми сапары аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне келді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Фрост әлемге әйгілі HertsCam Network желісінің директоры және Кембридждегі Вулфсон колледжінің құрметті ғылыми қызметкері. Британдық профессорды ректор Гүлмира Қанай құрметпен қарсы алды. Фрост университет оқытушылары мен профессорларына «Мектептер мен педагогикалық университеттер ынтымақтастығын қалай тиімді дамыту керек» тақырыбында семинар өткізді.
Ғалыммен кездесу Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы үшін маңызды оқиға болды және Қазақстан мен Ұлыбританияның білім беру мекемелері арасындағы байланысты нығайта түсті. Өйткені, Фрост ұзақ жыл бойы мұғалімдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған нәтижелі зерттеулер жүргізген. Ол бұл процестің кейіпкер өміріне трансформациялық әсері туралы айтқан әртүрлі адамдардан сұхбат алған.
Белгілі ғалым қызметін қарапайым мектеп мұғалімі болып бастаған. Ізінше университетте оқытушы болып, 1980 жылдардан бастап ол мұғалімдерге өз мектептері мен қауымдастықтарындағы өзгерістердің жетекшісі болуға мүмкіндік беретін стратегияларды белсенді түрде әзірледі. Одан бөлек, Фрост мұғалімдердің көшбасшылық қасиеттері туралы белсенді жазып, педагогика мен мектеп көшбасшылығына қызығушылық танытып келеді.