Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры Әбдеш Төлеубаев «Марғұлан оқулары – 2021: Этномәдени зерттеулер контекстіндегі Ұлы дала» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтты.
Профессор конференция барысында биыл қыркүйек айында тарихшы Зейнолла Самашев екеуі Ұлыбританияның Кембридж университетінің музейінде еліміздің, әсіресе, Шығыс Қазақстанда табылған алтын жәдігерлердің көрмесін ұйымдастырғанын айтты. Көрме жоғары деңгейде өткен.
Бұл көрмені ШҚО басшылығының бастамасымен өз қаражатымызға өткіздік. Ол төңіректе түрлі әңгімелер шығып, оның не қажеті бар деген сөздер айтылды. Алайда, осы көрме барысында Жапония, Италия және тағы басқа елдердің музейлері осындай көрмені ұйымдастырсақ деген өтініш жасады. Бұл - біздің жетістігімізді, Ұлы даланың мәдениетін насихаттауға мүмкіндік береді. Оған қоса бұл елдермен ғылыми әрі мәдени байланысымыз нығая түсер еді, - деді Ә.Төлеубаев.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының 30 жылдығына орайластырылған.