Экономика
Covid-19 пандемиясы кезінде ел экономикасы ауыр дағдарысты бастан өткеріп, теріс көрсеткіштерге тап болды. 2021 жылы экономика пандемияға дейінгі деңгейге қайта оралып, оң динамикаға шықты. Алайда, 2022 жылдың қаңтарында болған бүліктер ел экономикасына 3 млрд долларға жуық шығын әкелді. Бұл оқиғалардан кейін Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталып, бұл теңгенің құнсыздануына, логистикалық қиындықтарға және экспорт пен импорттағы шектеулерге себеп болды.
2023 жылы экономика өсімі 5,1%-ға жетіп, тұрақтылық қалпына келе бастады. Инфляция деңгейі төмендеді, бірақ оның әсері халықтың төлем қабілеттілігіне әлі де айтарлықтай әсер етіп отыр. Ал 2024 жылы еліміздің 10 облысында болған су тасқыны экономикалық дамуға жаңа кедергілер тудырды. Үкімет табиғи апат салдарын жоюға 150 млрд теңгеден астам қаражат бөлді.
2019 жылы ЖІӨ 181,7 млрд АҚШ долларынан 288,1 млрд долларға дейін жетті. Яғни, 58,5% өсім тіркелді. Нақты өсім 15,5% болса, жан басына шаққандағы ЖІӨ 46%-ға артты. Бұл көрсеткіштер ел экономикасының қалпына келіп қана қоймай, белгілі бір тұрақтылыққа қол жеткізгенін көрсетеді.
Әлеуметтік салада да айтарлықтай жетістіктер бар. 500 жаңа мектеп бой көтерді, 4400 шақырым жаңа автожол салынды. 2023 жылы ауыл шаруашылығында 27 млн тонна астық жиналып, рекорд жаңарды. Сонымен қатар, 19 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – бұрын-соңды болмаған жоғары көрсеткіш. 2019 жылдан бері студенттердің жатақханадағы орын тапшылығы 6 есеге қысқарып, 250-ден астам жаңа жатақхана салынды.
Инвестиция
2019 жылдан бастап 2024 жылдың ІІІ тоқсанына дейін елге тартылған шетелдік тікелей инвестиция көлемі 129,9 млрд АҚШ долларына жетті. Негізгі капиталға салынған инвестиция 1,5 есеге ұлғайды. Бұл – инвесторлардың Қазақстан экономикасына деген сенімінің артып келе жатқанын білдіреді.
2024 жылы инвестиция көлемі 19 трлн теңгеден асты. Инвестиция саласындағы басты өзгерістер:
Білім саласына салынған инвестиция 5 есе артты.
Әлеуметтік салаға салынған инвестиция 3,5 есе ұлғайды.
Жаңартылатын энергия көздеріне салынған инвестиция да едәуір артты – қазір еліміздегі электр қуатының 15%-ы баламалы энергия көздерінен өндірілуде.
Жалақы және инфляция
2019 жылы республика бойынша орташа жалақы 186 819 теңге болса, 2024 жылдың 4-тоқсанында бұл көрсеткіш 434 982 теңгеге жетті. Яғни, жалақы 132% немесе 248 163 теңгеге артты.
2019 жылдан бері елдегі жалпы инфляция 36,57% деңгейіне жетті. Тауарлар мен қызметтердің қымбаттауы халықтың сатып алу қабілетіне әсер етті. Бірақ Үкіметтің инфляцияны бақылау жөніндегі бағдарламалары біртіндеп нәтижесін беруде.
Сыртқы борыш
Сыртқы қарыз 2019 жылы 160 млрд доллар болса, 2024 жылы 165 млрд долларға дейін өсті. Бұл – 5 млрд долларға немесе 3,1%-ға ұлғайғанын көрсетеді.
Сыртқы борыш құрылымында корпоративтік сектордың үлесі жоғары. Мемлекеттік борыш 15%-ға артқанымен, Үкімет қарызды тиімді басқару арқылы төлем қабілеттілігін сақтап отыр.
Банк секторы
Халыққа берілген несие көлемі 2019 жылы 6,3 трлн теңге болса, 2024 жылы 20,8 трлн теңгеге жетті. Бұл 3,3 есеге немесе 14,5 трлн теңгеге ұлғайды.
Жеке тұлғалардың несиеге деген сұранысының артуы банк секторын жандандырып, ипотекалық және тұтынушылық несие көлемінің ұлғаюына әсер етті. Бірақ, несие жүктемесінің артуы халықтың төлем қабілеттілігіне қауіп төндіруі мүмкін.
Ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласындағы рекордттар
2019 жылдан бері құрылыс саласы экономиканың драйверіне айналды деуге болады. Мәселен 2019 жылы 13 млн шарша метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2024 жылы 19 млн шаршы метр үй салынып, пайдалануға берілген. Осы жылдар аралығында құрылыс саласы 44,4%-ға өсіп, тарихи рекорд орнады.
Ауыл шаруашылығында да жақсы өсім байқалуда. 2024 жылы 27 млн тонна астық жиналып, рекордттық көрсеткішке қол жеткіздік. Мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға қыруар қаржы бөліп жатыр.
Экономикалық мәселелер де жеткілікті
2019 жылдан бері Қазақстанның бюджет тапшылығы тұрақты түрде өсіп келеді. 2024 жылы бюджет тапшылығы 3,7 трлн теңге деңгейінде бекітілді. Бұл ЖІӨ-нің 3,3%-ына тең.
2019 жылдан бері Ұлттық қордан 27 трлн теңгеден астам қаржы алынды. Қазіргі кезде Ұлттық қордағы қаражат 58,9 млрд долларды құрап отыр. Бұл – 2019 жылмен салыстырғанда 9%-ға аз.
Теңге бағамы
2019 жылдың наурызында теңгенің орташа бағамы 377,64 теңге болса, 2025 жылдың 19 наурызында доллар құны 499,1 теңгеге дейін көтерілді. Бұл – теңгенің 32,1%-ға немесе 121,5 теңгеге құнсызданғанын білдіреді.
Әлемдік нарықтағы мұнай бағасының тұрақсыздығы, геосаяси шиеленістер мен инфляция теңге бағамына қысым көрсетуде. Ұлттық банк теңгенің құнын ұстап тұру үшін 2024 жылы валюта нарығына 4,3 млрд доллар интервенция жасады.
Тозығы жеткен инфрақұрылым
Қазақстандағы инфрақұрылымның тозуы – экономиканың дамуына кері әсерін тигізіп отырған басты мәселелердің бірі. 2019 жылдан бері жол, электр желілері, су құбырлары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарының тозу деңгейі 55%-дан асып кетті.
Жол инфрақұрылымы:
4400 шақырым жаңа автожол салынғанымен, елдегі жолдардың жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде 35%-дан астамы тозған және жөндеуді қажет етеді. Әсіресе, ауылдық жерлердегі жолдардың сапасы төмен. 2024 жылы республикалық бюджеттен 350 млрд теңге жолдарды жөндеуге және жаңартуға бөлінді.
Энергетика инфрақұрылымы:
Электр желілерінің тозу деңгейі 65%-ға жетті. Бұл энергетикалық жүйелердегі жиі апаттарға және электр қуатының үзілуіне әкеліп соғуда. 2023 жылы ел бойынша 1200-ден астам электр жүйесіндегі ақаулар тіркелді. Үкімет 2030 жылға дейін энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту үшін 2 трлн теңгеге жуық қаражат бөлуді жоспарлап отыр.
Сумен жабдықтау:
Су құбырларының тозу деңгейі 60%-дан асады. Ауылдық жерлердегі су құбырларының 40%-ға жуығы апатты жағдайда тұр. 2024 жылы 200 млрд теңге су жүйесін жаңартуға бағытталды. "Ауыл – Ел бесігі" бағдарламасы аясында 1000-нан астам ауыл таза ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы:
Тұрғын үй инфрақұрылымының тозу деңгейі 50%-дан жоғары. Еліміздегі көпқабатты үйлердің 30%-ы күрделі жөндеуді қажет етеді. Үкімет 2024 жылы 600 млрд теңгені тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға бағыттады.
2019-2024 жылдар аралығында Қазақстан экономикасы бірқатар қиындықтарды еңсеріп, тұрақты даму кезеңіне өтті. Пандемия, «Қаңтар» оқиғасы және Ресей-Украина соғысы экономикалық тұрақтылыққа елеулі әсер етті. Дегенмен, экономика қалпына келіп, 2024 жылы өсім4,8 %-ға жетті.