Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әлемдік діндер съезі: Тоқаев этносаралық келісімді қорғау қажеттігіне тоқталды

17 Қыркүйек 2025, 11:24
385
Бөлісу:
 Ақорда
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде этносаралық, дінаралық және ұлтаралық толеранттылық саясатын жүргізудің маңыздылығына тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанда осының барлығына, шын мәнінде, жаһандық сипаттағы мәселелерге ерекше назар аударылады. Бұл біздің ішкі саясатымыздың өзегінде тұр. Сондықтан этносаралық, дінаралық және ұлтаралық толеранттылық пен өзара құрмет саясатын жүргізу аса маңызды деп есептеймін. Мұндай саясатты, яғни көптүрліліктегі бірлікті әлсіретуге немесе қаралауға бағытталған кез келген әрекет, соның ішінде елімізде тұратын халықтардың тілдерін мемлекеттік қызметте және қоғамдық ортада еркін қолдануына кедергі келтіру әрекеттері заң мен тәртіп тұжырымдамасына сәйкес тоқтатылып, тиісті құқықтық баға алады, – деді Президент Тоқаев.

Сонымен қатар Президент мемлекет құру ісіндегі саяси факторлар мен биліктің рөлін ескерудің маңызын алға тартты.

Киплингтің сөзі бар: «Батыс – батыс болып қала береді, Шығыс – шығыс болып қала береді, екеуі ешқашан тоғыспайды». Соңғы кездері ірі мемлекеттерде болып жатқан оқиғаларға қарап, мұндай тұжырым шындыққа жақын секілді көрінуі мүмкін. Алайда мемлекеттік құрылыс тәжірибесін және биліктің саясатын ескермеуге болмайды. Өкінішке қарай, олардың саясаты әрдайым бейбіт дамуға, өркениеттер, діндер мен дүниетанымдардың өзара ықпалдастығына негізделе бермейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бүгін Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі басталды.

Өзгелердің жаңалығы