Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында бірқатар ауқымды конституциялық реформаларды жариялады. Олардың қатарында бір палаталы парламентке көшу, Халық кеңесін құру және вице-президент лауазымын қайта енгізу бар. Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары бұл бастамаларды елдегі институционалдық тұрақтылық пен билік вертикалін нығайтуға бағытталған қадам ретінде бағалап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Халықаралық агенттіктер Президенттің реформалары президенттік басқару формасының базалық моделін өзгертпей, саяси жүйені «дәл баптауға» бағытталғанын атап өтеді.
Түркияның Anadolu агенттігі Тоқаевтың жаңа парламенттік құрылымды және вице-президент институтын елді басқару үшін үйлесімді әрі тұрақтандырушы тетік деп санайтынын жазады. Қазақстан Президенті қоғамның бір палаталы жүйеге көшуге қолдау білдіріп отырғанын, сондай-ақ парламентте кәсіби патриоттармен жұмыс істеудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар Ассамблея тәжірибесін біріктіретін әрі барлық этникалық және қоғамдық топтардың өкілдігін қамтамасыз ететін «Халық кеңесі» құрылады.
Қытайдың Синьхуа агенттігінің мәліметінше, атауын «Құрылтай» деп өзгерту ұсынылған жаңа парламент 145 депутаттан тұрып, олардың өкілеттік мерзімі 5 жыл болады. БАҚ реформалардың рәсімдік сипатына назар аударады: референдумға дайындық үшін конституциялық комиссия құру, ұсыныстарды талдау және Конституцияға елеулі өзгерістер енгізу көзделген. Халық кеңесі Президент жанындағы ең жоғары консультативтік орган ретінде қарастырылады.
Америкалық Timesca басылымы реформалардың тарихи мәніне тоқталып, парламенттің «Құрылтай» деп аталуы халықтық өкілдік дәстүрлерін бейнелейтінін жазады. Ал вице-президент лауазымы басқару тұрақтылығын қамтамасыз ету және Президенттің жүктемесін азайту құралы ретінде қарастырылады. Басылым бұл реформалардың 2022 жылғы конституциялық өзгерістерден кейін (оларды сайлаушылардың 77 пайыздан астамы қолдаған) парламент рөлін кеңейту бағытының жалғасы екенін еске салады.
Ресейдің «Ведомости» басылымы реформаның нақты тетіктеріне назар аударады. Атап айтқанда жоғарғы палатаны тарату, Мәжілісті партиялық тізімдер бойынша сайланатын 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтайға айналдыру, вице-президент лауазымын қайтару және заң шығару бастамасы құқығы бар Халық кеңесін құру мәселелері қамтылған.
Басылым сарапшылар пікіріне сүйене отырып, бұл өзгерістерді билік вертикалін және институционалдық тұрақтылықты күшейту, сондай-ақ бұрынғы назарбаевтық модельден өзгеше жаңа саяси архитектура қалыптастырумен байланыстырады. Сонымен бірге Конституция преамбуласын қайта жазу, «Әділетті Қазақстан» идеологиялық тұжырымдамасы және Алтын Орда мен жалпы түркі өркениетіне қатысты тарихи бастамаларға ерекше назар аударылған.
Жалпы алғанда, әлемдік БАҚ Тоқаевтың реформаларын билікті жүйелеуге, парламенттің институционалдық жауапкершілігін күшейтуге және мемлекеттік басқаруда сабақтастық тетігін қалыптастыруға бағытталған кешенді шаралар ретінде сипаттайды. Бұл ретте Президент лауазымы саяси жүйедегі негізгі тұлға болып қала береді.