Индонезия астанасы Джакарта әлемдегі ең көп қоныстанған қалалар рейтингінде Токионы басып озды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаментінің Халық санын зерттеу бөлімі жариялаған «2025 жылға дейінгі әлемдік урбанизация перспективалары» есебіне сәйкес, индонезиялық мегаполисте 42 миллион адам тұрады.
Екінші орында – Бангладеш астанасы Дакка, онда 37 миллион халық бар. Ал бұрын көш бастап тұрған Токио қазір 33 миллион тұрғынымен үшінші орынға түсті.
2018 жылғы БҰҰ баяндамасында Жапония астанасы 37 миллион халқы бар әлемнің ең ірі қаласы ретінде көрсетілген еді.
Есепте 1950 жылы әлем халқының небәрі 20%-ы ғана қалаларда тұрғаны, ал бүгінде бұл көрсеткіш шамамен 50%-ға жеткені аталып өтеді.
Болжам бойынша, 2050 жылға қарай жаһандық халық өсімінің екіден бірі қалаларға тиесілі болады, ал қалған өсімнің басым бөлігі қалаға жақын орналасқан шағын елді мекендерде тіркелмек.
Халқы 10 миллионнан асатын мегаполистер саны 1975 жылғы 8 қаладан 2025 жылы 33 қалаға дейін төрт есеге өскен.
Әлемдегі ең көп халық шоғырланған 10 қаланың 9-ы —–Джакарта, Дакка, Токио, Нью-Дели, Шанхай, Гуанчжоу, Каир, Манила, Калькутта және Сеул –Азияда орналасқан.
Урбандалу – біздің заманымызды айқындайтын ең басты күштердің бірі. Егер оны кешенді әрі стратегиялық тұрғыда басқарсақ, ол климаттың өзгеруімен күреске, экономикалық өсімге және әлеуметтік әділдікке жаңа мүмкіндіктер аша алады, - делінген баяндамадан келтірілген БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ли Цзюньхияның сөзінде.