Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әлемдегі ең ұзақ және ең қысқа демалыс берілетін елдер анықталды

18 Тамыз 2025, 17:35
806
Бөлісу:
 pexels.com
Фото: pexels.com

Resume платформасы әртүрлі елдердегі еңбек нарығын зерттеп, ең ұзақ және ең қысқа ақылы демалыс пен мерекелік күндер бойынша рейтинг жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Абсолютті көшбасшы – Иран: жылына 53 күн ақылы демалыс (26 күндік еңбек демалысы және 27 мерекелік күн). Екінші орында – Сан-Марино (46 күн), одан кейін Йемен, Андорра, Бахрейн, Бутан, Мадагаскар, Нигер және Того елдері орналасқан (43-тен 45 күнге дейін), деп жазады energyprom.kz.

Ал Микронезия Федеративтік Штаттарында ең қысқа демалыс – жылына небәрі 9 ақылы күн. АҚШ, Науру және Кирибати де ең қысқа демалысы бар елдер қатарына кіреді.

Орталық Азияда Ресей мен Түрікменстан алда – әрқайсысында 42 күн.

Қазақстанда Resume сарапшылары 37 ақылы демалыс күнін есептеген (18 еңбек демалысы және 19 мерекелік күн). Алайда Еңбек кодексінің ерекшеліктері мен мерекелік күндерді ауыстыруды ескергенде, қазақстандықтар іс жүзінде 33 күннен артық демалады.

Қырғызстанда Resume дерегінше, ақылы демалыс – 32 күн. Бірақ елдің Еңбек кодексіне сәйкес, еңбек демалысы – 28 күнтізбелік күн, оған демалыс күндері де қосылып төленеді. Нәтижесінде жалпы демалыс ұзақтығы 40 күнге жетеді. Бұл Қырғызстанды Орталық Азия мен ЕАЭО елдері ішінде Ресей мен Түрікменстаннан кейін үшінші орынға шығарады.

Өзбекстанда жақында еңбек демалысы 15 күннен 21 күнге дейін ұлғайтылды, сондықтан жалпы ақылы демалыс – 28 күн. Беларусь пен Тәжікстанда – 33 күннен, Арменияда – 32 күн.

Осылайша, өңір елдері арасында қазақстандықтар өзбекстандықтардан көбірек, бірақ қырғызстандықтардан азырақ демалады.

Өзгелердің жаңалығы