Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әлемдегі ең бақытты қала белгілі болды

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
8 Мамыр 2025, 16:53
1068
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Happy City Index ұйымы 2025 жылға арналған әлемнің ең бақытты қалаларының жыл сайынғы рейтингін жариялады. Биылғы көшбасшы – Копенгаген (Дания), ол 1039 "бақыт ұпайын" жинап, бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Копенгаген – бақыттың астанасы

Сарапшылар үшін Дания астанасының бірінші орын алуы күтпеген жағдай емес. Копенгаген – тұрақты қалалық даму мен жоғары өмір сапасының эталоны саналады. Есепте қалада экологиялық тұрақтылық принциптеріне ерекше көңіл бөлінетіні айтылған.

Мәселен, қалада қолданылатын көліктің 69 пайыздан астамы – экологиялық таза. Тұрғындар велосипед пен қоғамдық көлікті белсенді пайдаланады. Сонымен қатар, Копенгагенде бақыт туралы ғылыми әрі мәдени көзқарасты ұсынатын ерекше Бақыт музейі жұмыс істейді. Осындай бастамалар қаланы жайлы ғана емес, шабыттандыратын мекенге айналдырады.

Бақытты қалалар бестігі

Екінші орында – Цюрих (Швейцария, 993 ұпай). Сарапшылар оның экономикалық қуатын, өмір сапасын және жаңартылатын энергия көздері мен денсаулық сақтау жүйесіне қатысты бастамаларын ерекше атап өтті.

Үшінші орынды Сингапур (979 ұпай) иеленді – Еуропа аумағынан тыс орналасқан ең бақытты қала. Ол білім, азаматтық белсенділік және жұмыссыздықтың болмауы сияқты көрсеткіштер бойынша жоғары баға алды.

Төртінші орында – Орхус (Дания, 958 ұпай), ол экономикасының тұрақтылығы мен азаматтық белсенділігімен көзге түсті. Бестікті Антверпен (Бельгия, 956 ұпай) түйіндеді, ол Сеулді (Оңтүстік Корея, 942 ұпай) басып озды.

ТОП-10 бақытты қала қатарына Стокгольм, Тайбэй, Мюнхен және Роттердам да енген.

Рейтинг үш санатқа бөлінген:

  • Golden Happiest Cities – ең жоғары бақыт деңгейіндегі қалалар;
  • Silver Cities – орташа жоғары деңгей;
  • Bronze Cities – жақсы көрсеткіш көрсеткен қалалар.

Әлемдегі ең бақытты қалалар тізімі (ТОП-30):

  1. Копенгаген, Дания
  2. Цюрих, Швейцария
  3. Сингапур
  4. Орхус, Дания
  5. Антверпен, Бельгия
  6. Сеул, Оңтүстік Корея
  7. Стокгольм, Швеция
  8. Тайбэй, Тайвань
  9. Мюнхен, Германия
  10. Роттердам, Нидерланды
  11. Ванкувер, Канада
  12. Вена, Австрия
  13. Париж, Франция
  14. Хельсинки, Финляндия
  15. Ольборг, Дания
  16. Берлин, Германия
  17. Нью-Йорк, АҚШ
  18. Дрезден, Германия
  19. Брюссель, Бельгия
  20. Женева, Швейцария
  21. Порту, Португалия
  22. Барселона, Испания
  23. Осло, Норвегия
  24. Дублин, Ирландия
  25. Милан, Италия
  26. Роскилле, Дания
  27. Рейкьявик, Исландия
  28. Окленд, Жаңа Зеландия
  29. Аделаида, Австралия
  30. Миннеаполис, АҚШ

Қай елдер рейтингке енбеді

Рейтинг ауқымды географиялық қамтуына қарамастан, Қазақстан, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің бірде-бір қаласы алғашқы 200-дікке кірмеді. Сонымен қатар, тізімде Әзербайжан, Монғолия, БАӘ сияқты бірқатар елдердің қалалары да жоқ.

Неліктен бақытты өлшеу маңызды

Зерттеу авторлары бақыт ұғымының нақты шешімдерге негізделетінін атап өтеді. Қаланың инфрақұрылымы, білім беру сапасы, инклюзия, экология және инновация – бәрі тұрғындардың әл-ауқатына әсер етеді.

Қазіргі заманда әлеуметтік игілікке бағытталған саясатты табанды түрде жүзеге асыру – бұрынғыдан да маңызды, – делінген есепте.

Бақыт ұғымы әр адам үшін әртүрлі болуы мүмкін: бала үшін – ойын алаңдары, қарт үшін – қолжетімді медицина мен қауіпсіз орта. Сондықтан үздік қалалар жай ғана жоғары табысты немесе күншуақты емес, өзгерістерге дайын әрі серпінді қоғамдар ретінде бағаланады.

Өзгелердің жаңалығы