Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әлемде: Жапониядағы табиғат апаты, Таиланд-Камбоджа қақтығысы, АҚШ-Латын Америка текетіресі

Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

Әлемде соңғы тәулікте Жапонияда күшті жер сілкінісі, Таиланд пен Камбоджа шекарасында қақтығыс, АҚШ пен Украинадағы саяси мәлімдемелер және экологиялық дағдарыс талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жапонияда 7,5 магнитудалық жер сілкінісінен кейін цунами ескертуі жарияланды

8-9 желтоқсанда солтүстік-шығыс Жапония жағалауында 7,5 (кейін 7,6 деп көрсетілді) магнитудалы күшті жер сілкінісі орын алды. Бастапқыда 3 метрге дейінгі цунами болуы мүмкін деп болжанды, бірақ соңында 20-70 см деңгейіндегі толқындар тіркеліп, барлық ескерту жойылды. 

Шамамен 90 мың адам эвакуацияланды, кем дегенде 30-50 адам жарақат алды, пойыздар мен теміржол қатынастары тоқтап, электр жарығы мен инфрақұрылым уақытша үзіліске ұшырады. 

Басқару органдары тұрғындарға алдағы бірнеше күн ішінде тіректі қатты дүмпулер болуы мүмкін екенін ескертіп, эвакуация және дайындық шараларын сақтауды ұсынуда.

Таиланд пен Камбоджа шекарасында қақтығыс қайта өршіді

Әлемде: Жапониядағы табиғат апаты, Таиланд-Камбоджа қақтығысы, АҚШ-Латын Америка текетіресі
Фото: Getty Images

Таулы шекара аймағында екі ел әскері арасындағы қарулы қақтығыстар қайта күшейді. Таиланд бес провинцияда ұрыстар жүріп жатқанын хабарлап, Камбоджа артиллерия мен ұшқышсыз аппараттарды қолданды деп айыптады. Бангкок аумақтық тұтастықты қорғау үшін қажетті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.

Камбоджа болса, атысты тоқтату режимін бұзған Таиланд деп керісінше айыптап отыр. Соңғы күндері кемінде 9 бейбіт тұрғын мен 3 тай сарбазы қаза тапты, ондаған адам жараланды. Екі тарап жүздеген мың адамды эвакуациялауға кірісті.

Бұл шілдедегі ауыр шайқастардан кейінгі ең үлкен шиеленіс. Ол кезде 48 адам қаза тауып, 300 мыңнан астам тұрғын үйін тастап кетуге мәжбүр болған еді, ал қазан айында АСЕАН саммитінде АҚШ делдалдығымен жаңа бейбіт келісім жасалған болатын.

АҚШ Латын Америкасындағы есірткі желілеріне соққы жасайды

Әлемде: Жапониядағы табиғат апаты, Таиланд-Камбоджа қақтығысы, АҚШ-Латын Америка текетіресі
Фото: vpoanalytics.com

АҚШ Латын Америкасындағы есірткі желілеріне қарсы қысымды күшейтіп жатыр. Президент Дональд Трамптың айтуынша, америкалық әскерилер енді олардың құрлықтағы жасырын орындарын да нысанаға алады.

Трамп қыркүйекте аймақтағы есірткі тасымалына қарсы кең ауқымды науқан бастаған еді. Сол уақыттан бері оны теңіз арқылы жеткізу көлемі 94 пайызға азайған. Бұған дейін АҚШ Тынық мұхиты мен Кариб теңізінде есірткі тасымалдады деген күдікке ілінген 23 кемеге соққы беріп, 87 адам қаза тапты. Ал Венесуэла АҚШ осы елдегі билікті төңкеру үшін есірткіні желеу етіп отыр дейді.

Зеленский Украина президенті қызметінен кете ме?

Әлемде: Жапониядағы табиғат апаты, Таиланд-Камбоджа қақтығысы, АҚШ-Латын Америка текетіресі
Фото: T.me/V_Zelenskiy_official

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамптың президент сайлауын өткізу туралы үндеуіне жауап берді.

Мен әрқашан дайынмын, – деді Украина көшбасшысы.

Бұған дейін Трамп Зеленскийдің дауыс беруде жеңіске жетуі мүмкін екенін мойындаған, бірақ елде сайлау көптен бері өткізілмегенін атап өткен.

Сонымен қатар, америкалық көшбасшы Зеленскийдің "өзін қолға алып", қақтығысты шешу үшін Вашингтон әзірлеген бейбітшілік жоспарына келісуі керек екенін мәлімдеді.

«Азық-түлік пен қазба отынды өндіру – ғаламдық экологиялық зақымның басты себебі»

БҰҰ-ның жаңа есебі (Global Environment Outlook, GEO) бойынша, азық-түлік пен қазба отынды өндіру арқылы сағатына шамамен 5 миллиард доллар көлемінде экологиялық зиян келтіру орын алады. 

Экология, климат, биоалуандылық, су мен азық-түлік қауіпсіздігі, жалпы адам денсаулығы – бәріне қауіп төндіріп отырған бұл дағдарыс тек таза экологиялық проблема емес, сонымен бірге ғаламдық тұрақтылық, әлеуметтік әділдік пен халықаралық қауіпсіздік мәселесі екені көрсетілген. 

Есепте ғаламдық жылдық экологиялық зиян жалпы шамамен 45 триллион доллар деп бағаланған (соның ішінде ауыл шаруашылығы, энергия, электр қуаты, көлік салалары). Сарапшылар әлем елдерін билік, экономика, қаржы жүйелерін түбегейлі өзгертуге – шынайы «сыртқы шығындарды» есепке алуға, қазба отын субсидияларын тоқтатуға, таза энергия мен орнықты ауыл шаруашылығына инвестиция салуға шақырып отыр. 

Өзгелердің жаңалығы