BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.
Сауд Арабиясы мен АҚШ арасындағы келісімдер 557 млрд долларды құрады
Эр-Рияд пен Вашингтон арасында қол қойылған келісімдердің жалпы көлемі 557 миллиард долларды құрады. Бұны Сауд Арабиясының инвестициялар министрі Халид бин Абдулазиз әл-Фалих хабарлады.

Анадолу агенттігі жазғандай, «Әл-Ихбария» телеарнасына берген сұхбатында әл-Фалих Вашингтонда өткен АҚШ — Сауд Арабиясы Инвестициялық форумы аясында тараптардың 242 инвестициялық келісімге қол қойғанын атап өтті.
Біз тараптар арасындағы серіктестікті нығайту мақсатында әртүрлі секторларда көптеген келісім жасадық. Қол қойылған құжаттардың жалпы құны 557 миллиард долларға жетті, — деді министр.
Әл-Фалихтің айтуынша, АҚШ Сауд Арабиясындағы ең ірі шетелдік инвестор саналады. Ол осы жыл екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуде маңызды кезеңге айналатынын атап өтті.
Министр сондай-ақ тарихы 90 жылдан астам уақытты қамтитын Сауд Арабиясы мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастардың жаһандық үдерістеріне де елеулі ықпал ететінін айтты.
Жапониядағы ірі өрт қаланың бір бөлігінің тас-талқанын шығарды
Жапонияның Кюсю аралындағы Оита қаласында болған үлкен өрт шамамен 170 ғимаратты толығымен жойып жіберді.

Bild басылымының мәліметінше, Саганосеки ауданы толығымен өртеніп, 76 жастағы бір тұрғын қаза тапты.
Өрт сейсенбі күні кешке басталып, сәрсенбіге дейін жалғасты. Жалын жылдам тарады, себебі аудандағы ғимараттардың көпшілігі ағаштан салынған және бір-біріне өте жақын орналасқан. Сондай-ақ көрші түбектегі орманды аймаққа да тарады.
Біз оқиға орнына жеткенде, бәрі өртеніп жатқан еді. Үлкен ұшқындар ұшып, өрт сөндіру шлангілері мен жабдықтары жанып жатты, өрт сөндірушілер эвакуациялануға мәжбүр болды, - деді Оита өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Тошиюки Шуто.
Өрт 49 гектар аумақты шарпыды. Қазір билік баспанасыз қалған тұрғындарды қайта орналастыру жұмыстарын жүргізуде.
Зеленский Пентагон өкілдерімен келіссөз жүргізді
Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ армиясының хатшысы Дэн Дрисколл және бірнеше жоғары лауазымды генералдарды қамтитын америкалық делегациямен кездесті.

РБК-Украина дереккөзге сілтеме жасай отырып, келіссөздер шағын форматта өтті және қорғаныс саласындағы ынтымақтастық пен әскери қолдауға бағытталған.
Жақында тағы бір кездесу, бұл жолы кеңейтілген форматта өтетіні атап өтілді. Талқылауға Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рүстем Умеров және Украина басшылығының басқа да өкілдері қатысады.
Америкалық делегацияның сапары Киев пен Вашингтон арасындағы стратегиялық серіктестікті тереңдетуге бағытталған күш-жігердің бөлігі ретінде қарастырылуда.