Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әлемде: Жапонияда ұшақ құлады, Ливанда әуе шабуылынан 13 адам көз жұмды, Сочиде атыс болды

19 Қараша 2025, 10:09
353
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

Жапонияда ұшақ құлап, үш адам қаза тапты

Жапонияның оңтүстік-батысындағы Фукуока префектурасында шағын ұшақ апатқа ұшырады. Оқиға салдарынан үш адам қаза болды.

Әлемде: Жапонияда ұшақ құлады, Ливанда әуе шабуылынан 13 адам көз жұмды, Сочиде атыс болды
pixabay.com

NHK телеарнасының мәліметінше, жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 10:45 шамасында жедел қызметтерге апат туралы белгі түскен. Шамамен екі сағаттан кейін құтқарушылар Оита префектурасының шекарасына жақын таулы аймақта әуе кемесінің сынықтарына ұқсас бөліктер мен қаза болғандардың денелерін тапқан.

Ұшақ Сага әуежайынан 10:13-те ұшып шығып, Осакадағы Яо әуежайына 12:43-те қонуы тиіс болған. Ұшу басталғаннан көп өтпей пилот дабыл белгісін берген, содан кейін бортпен байланыс үзілген.

Құқық қорғау органдары мен авиация саласының мамандары апаттың себептерін анықтап жатыр.

Ливанда Израильдің әуе шабуылынан 13 адам көз жұмды

Әлемде: Жапонияда ұшақ құлады, Ливанда әуе шабуылынан 13 адам көз жұмды, Сочиде атыс болды
Anadolu Ajansi

Ливанның оңтүстігінде, Сидон қаласында Израиль әуе күштері жасаған шабуылдан 13 адам қаза тапты. Бұл ақпаратты Ливанның Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. 

Әуе соққысы палестиналық босқындар тұратын Айн-эль-Хилве лагеріндегі оқу-жаттығу нысанын нысанаға алған. Министрлік дерегіне сәйкес, тағы төрт адам жарақаттанып, ауруханаға жеткізілген.

Бұған дейін, 6 қарашада Израиль Қорғаныс армиясы Ливанның оңтүстігінде орналасқан "Хезболла" ұйымының инфрақұрылымына бірнеше соққы жасалғанын хабарлаған. Израиль жағының айтуынша, бұл нысандар қозғалыстың инфрақұрылымды қайта құру үшін қолданылған.

Ал Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху 2 қарашада Ливандағы "Хезболла" күштерінің қайта қарулану әрекеттері қауіп төндіретінін атап өтіп, атысты тоқтату режимі аясында Израиль өзіне тиесілі қорғану құқығын пайдаланатынын мәлімдеген.

Сочиде сауда орталығындағы атыстан кейін ер адам ұсталды

Әлемде: Жапонияда ұшақ құлады, Ливанда әуе шабуылынан 13 адам көз жұмды, Сочиде атыс болды
BAQ.KZ

Сочиде полиция сауда орталығында оқ атқан 34 жастағы ер адамды ұстады. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам бұзақылық ниетпен «Retey PM» маркалы тапаншадан ауаға оқ атқан. 

Оқиға сауда кешенінің ішінде болып, келушілерді шошытқан. Төтенше жағдай батырмасы басылғаннан кейін оқиға орнына жедел түрде патрульдік қызмет қызметкерлері келіп, тәртіп бұзушыны ұстаған.

Құқық бұзушы уақытша ұстау изоляторына жеткізіліп, қару тәркіленді.

Өзгелердің жаңалығы