Әлемде геосаяси жағдай күрделене түсті: Трамп Қытайға санкциямен қорқытты, Орбан сайлауда жеңілді, АҚШ пен Иран келіссөздері нәтиже бермеді. Израиль шығыны өсіп, Түркия Нетаньяхуға ордер берді. BAQ.KZ тілшісі әлемдегі басты оқиғаларға шолу жасап, назарларыңызға ұсынады.
Трамптың қатаң ескертуі: Қытайға 50% баж салығы салынуы мүмкін
Фото: The White House
АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайды Иранға әскери жабдық жеткізді деп анықтаса, қосымша 50 пайыздық баж салығын енгізетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл – өте қатаң экономикалық шара болмақ. Ал Бейжің болса, мұндай қысымға қарсы екенін айтып, сауда соғысының ешкімге пайда әкелмейтінін тағы да ескертті.
Орбан жеңілгенін мойындады: Венгрияда билік ауысуы мүмкін
Фото: Виктор Орбан және Питер Мадьяр/Anadolu Ajansı
Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан парламент сайлауында жеңілгенін ресми түрде мойындады. Алдын ала нәтижелерге сәйкес, проеуропалық «Тиса» партиясы айқын басымдыққа ие. Партия көшбасшысы Петер Мадьяр үкіметтің отставкаға кетуін талап етіп, елде саяси трансформация басталуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Израильдің Иранмен соғысы: 11,5 млрд доллар шығын
Фото: Israel Defense Forces via AP
Израильдің Иранмен қақтығысы ел бюджетіне 35 млрд шекель (шамамен 11,5 млрд доллар) шығын әкелді. Оның басым бөлігі қорғанысқа жұмсалған. Сонымен қатар, Израиль армиясы соғыстың қайта басталу қаупіне байланысты дайындықты күшейтіп жатыр.
Түркия Нетаньяхуға қамауға алу ордерін берді
Фото: AFP (Agence France-Presse)
Түркия прокуратурасы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен тағы 36 жоғары лауазымды тұлғаға қатысты қамауға алу ордерін шығарды. Олар Газа секторындағы әрекеттері үшін геноцид және адамзатқа қарсы қылмыстар жасады деп айыпталуда. Шешім халықаралық құқық нормаларына сүйене отырып қабылданған.
АҚШ пен Иран келіссөздері нәтиже бермеді
Фото: Anadolu Agency
Исламабадта өткен АҚШ пен Иран арасындағы ядролық келіссөздер 21 сағатқа созылғанымен, тараптар ортақ келісімге келе алмады. АҚШ Ираннан ядролық қару әзірлемеуге нақты кепілдік талап етсе, Тегеран ұсынылған шарттарды қабылдамаған. Бұл жағдай өңірдегі шиеленісті одан әрі күшейтуі мүмкін.