Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әлемде: Трамптың қысымы, Испаниядағы теміржол апаты және Угандадағы сайлау

Бөлісу:
 ©BAQ.KZ коллажы
PHOTO
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Әлемде геосаяси шиеленіс күшейіп барады: Гренландиядағы НАТО миссиясы, Испаниядағы пойыз апаты, Ыстамбұлды басқан қар, Угандадағы даулы сайлау және Қызыл теңіздегі қауіп жаһандық тұрақтылыққа әсер етуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Гренландиядағы НАТО миссиясы: неміс әскерилері аралдан шұғыл кетті

НАТО-ның барлау миссиясы аясында Данияның шақыруымен Гренландияға барған Германия бундесверінің 15 әскери қызметкері 18 қаңтар күні аралдан жедел түрде кетіп қалды. Бұл жағдай АҚШ президенті Дональд Трамп Германия мен бірқатар еуропалық елдерге Гренландияға қатысты позициясы үшін кедендік баж енгізетінін мәлімдегеннен кейін орын алды.

Әлемде: Трамптың қысымы, Испаниядағы теміржол апаты және Угандадағы сайлау
Фото: ашық дереккөз/ WELT

Германия Қорғаныс министрлігі миссия жоспарға сай аяқталғанын мәлімдесе де, неміс БАҚ-тары әскерилердің аралда бар болғаны 44 сағат болғанын жазды. Қазіргі уақытта Гренландияда Франция әскерилері ғана қалды, ал НАТО елдерінің арктикалық жаттығулары 2026–2027 жылдарға дейін жалғасуы мүмкін.

Испанияда екі жоғары жылдамдықты пойыз рельстен шықты

Әлемде: Трамптың қысымы, Испаниядағы теміржол апаты және Угандадағы сайлау
Фото: Fotografias.antena3.com

Испанияның Кордова провинциясында екі жоғары жылдамдықты пойыз рельстен шығып, елдегі маңызды теміржол бағыты уақытша тоқтатылды. Adif мәліметінше, Малага – Мадрид және Мадрид – Уэльва бағытындағы пойыздар бір-біріне жақын жолдарда апатқа ұшыраған.

Оқиға салдарынан Севилья мен Мадрид арасындағы қозғалыс толық тоқтатылып, жолаушылар бастапқы станцияларына кері қайтарылды. Қуанышқа қарай, зардап шеккендер жоқ.

Ыстамбұлды қалың қар басты: әуе рейстері кешікті

Әлемде: Трамптың қысымы, Испаниядағы теміржол апаты және Угандадағы сайлау
Фото: aa.com.tr

Түркияның ірі мегаполисі Ыстамбұл бірнеше ауданында қалың қар жауып, көлік пен әуе қатынасына әсер етті. Сабиха Гөкчен әуежайында, әсіресе халықаралық рейстер бірнеше сағатқа кешіктірілді.

Метеорологтар Мәрмәр теңізі аймағында желдің екпіні сағатына 75 шақырымға дейін жетуі мүмкін екенін ескертті. Болжам бойынша, қар 20 қаңтарда тоқтап, артынан жаңбырға ұласады.

81 жастағы президент жетінші рет қайта сайланды

Әлемде: Трамптың қысымы, Испаниядағы теміржол апаты және Угандадағы сайлау
Фото: Getty Images

Угандада өткен президенттік сайлауда елді 1986 жылдан бері басқарып келе жатқан Йовери Мусевени жетінші мәрте жеңіске жетті. Ол сайлаушылардың 71,65 пайыз дауысын жинаған.

Алайда оппозиция сайлау нәтижелерін мойындамай, елдің кей өңірлерінде наразылық акциялары өтті. БАҚ дерегінше, қақтығыстар салдарынан кемінде 12 адам қаза тапқан. Мусевенидің жаңа өкілеттік мерзімі – 5 жыл.

Қызыл теңіздегі ахуал: әлемдік тасымалға қауіп күшейді

Әлемде: Трамптың қысымы, Испаниядағы теміржол апаты және Угандадағы сайлау
Фото: ҚазМұнайГаз

Қызыл теңіз аймағында қауіпсіздік жағдайының ушығуына байланысты бірқатар халықаралық кеме компаниялары бағыттарын өзгертуге мәжбүр болды. Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдай жаһандық логистикаға әсер етіп, мұнай мен тауар тасымалының қымбаттауына әкелуі мүмкін.

Әсіресе Еуропа мен Азия арасындағы жеткізу тізбегіне қысым күшейіп, алдағы апталарда нарықта баға құбылуы ықтимал.

Өзгелердің жаңалығы