BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын ұсынады.
Трамптың арнайы өкілі Киевте
АҚШ-тың Украина және Ресей мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Кит Келлог Киевке сапары барысында Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырскиймен кездесті. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский видеоүндеуінде мәлімдеді.
Зеленскийдің айтуынша, Келлог барлау қызметтері мен арнайы қызмет басшыларымен, сондай-ақ Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермакпен келіссөздер жүргізген.
Біз үшін Кит Келлогтың майдандағы жағдай, ұлтымыздың беріктігі мен рухы туралы толық ақпарат алуы маңызды. Әскер басшылығы мен жергілікті қолбасшылардың жағдай туралы брифингтері де аса маңызды болмақ, – деп жазды Ермак өзінің Telegram-каналында.
Зеленский Кит Келлогты өзі де қабылдауды жоспарлап отыр.
Біз үшін АҚШ-пен кездесулер мен жалпы жұмыс конструктивті болғаны маңызды. Америка мен Еуропамен бірлесе әрекет еткенде әлем қауіпсіз бола алады, бұл – біздің мақсатымыз, – деді Украина президенті.
Кит Келлог Киевке 19 ақпан күні таңертең келген. “Суспільне” телеарнасына берген сұхбатында ол сапарының “жақсы келіссөздер жүргізуге мүмкіндік” екенін айтты. Сондай-ақ, Келлог Дональд Трамптың бұрын бірнеше рет айтқан сөзін қайталап, “Трамп президент болғанда, бұл соғыс басталмас еді” деп мәлімдеді.
Келлогтың сапары 21 ақпанға дейін жалғасады деп күтілуде.
ХАМАС 6 тұтқынды босатып, 4 адамның мәйітін қайтарады
Радикалды ХАМАС қозғалысы алдағы аптада алты тұтқынды босатып, Израильге тағы төрт өлтірілген тұтқынның мәйітін тапсыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды AFP агенттігі. Израиль тарапы бұл ақпаратты растады.
ХАМАС мәлімдемесіне сәйкес, өлтірілгендердің мәйіттері Израиль жағына 20 ақпан, бейсенбі күні тапсырылмақ. Ал 22 ақпан, сенбіде қозғалыс тағы 6 тірі тұтқынды босатуға уәде берді. The Jerusalem Post басылымы олардың есімдерін жариялады: Омер Венкерт, Элий Коэн, Авраам Менгисто, Таль Шохам, Омер Шем Тов және Хишам әл-Саед. Олардың отбасылары жақындарының осы аптада босатылатыны туралы хабар алды.
Олардың төртеуі 2023 жылғы 7 қазаннан бері тұтқында. Ал екеуі Газа секторында шамамен 10 жылдан бері кепілде отыр, деп жазады The Jerusalem Post.