Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әлемде: Трамп уәде берді, ХАМАС Израильге әскеридің денесін қайтарды, Филиппинде тағы супертайфун басталды

10 Қараша 2025, 10:45
660
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

Трамп америкалықтарға екі мың доллардан төлеуге уәде берді

АҚШ президенті Дональд Трамп кедендік баждан түскен табыс есебінен әрбір америкалыққа екі мың доллар төлеуге уәде берді.

Әлемде: Трамп уәде берді, ХАМАС Израильге әскеридің денесін қайтарды, Филиппинде тағы супертайфун басталды
Арман Мухатов

Бұл туралы Ақ үй басшысы Truth Social платформасында жазды. Оның айтуынша, жоғары табысы бар АҚШ азаматтары бұл төлемнен тыс қалады. 

Басылымның жазуынша, бұл осы мәселе бойынша қоғамдық қолдауды арттыруға бағытталған айқын әрекет.

Трамп жоғары баж салығын енгізуге қарсы шыққан америкалықтарды "ақымақтар" деп атады.

ХАМАС Израильге әскеридің денесін қайтарды

Әлемде: Трамп уәде берді, ХАМАС Израильге әскеридің денесін қайтарды, Филиппинде тағы супертайфун басталды
Anadolu Agency

ХАМАС 2014 жылы Газада қаза тапқан израильдік әскеридің денесін қайтарды. Жексенбі күні жеткізілген мәйіттің лейтенант Хадар Голдинге тиесілі екені Израиль билігімен расталды, деп хабарлайды BBC.

Премьер-министр кеңсесінің хабарлауынша, сәйкестендіру жұмыстары аяқталған соң Израиль Қорғаныс күштері Голдиннің отбасына олардың жақыны туған еліне қайтарылғанын хабарлаған.

Хадар Голдин атышулы бітім келісімі бойынша мәйіті қайтарылған 24-ші тұтқын. ХАМАС барлығы 28 адамның денесін қайтаруға міндеттенген.

11 жылдан кейін Израильдің қаһарманы лейтенант Хадар Голдин туған еліне оралды, - деп жазды Президент Ицхак Герцог X әлеуметтік желісінде.

Израиль әскері хабарлағандай, Голдин екі қатарлас солдатпен бірге атыс кезінде қаза тауып, содырлар оның денесін алып кеткен. ХАМАС әскери қанаты мәйіттің Рафах ауданындағы туннельден табылғанын мәлімдеді. Бұған дейін ұйым Голдиннің қаза тапқанын және денесінің өздерінде екенін мойындамаған.

Филиппинде тағы да супертайфун

Әлемде: Трамп уәде берді, ХАМАС Израильге әскеридің денесін қайтарды, Филиппинде тағы супертайфун басталды
pixabay

Филиппинде супертайфун салдарынан шамамен бір миллион адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Жергілікті биліктің хабарлауынша, кем дегенде екі адам қаза тапқан. Бұл осы апта ішінде Филиппинге соққан екінші тайфун.

Жергілікті тұрғындарға "Уван" атауымен белгілі "Фунг-вонг" тайфуны бұған дейін орталық арал аймағында шамамен 200 адамның өмірін қиған.

Жексенбі күні елдің 11 аймағынан шамамен 920 мың адам эвакуацияланған.

"Фунг-вонг" дауылы елдің шығыс және солтүстік өңірлеріне, соның ішінде ел астанасы Манила орналасқан ең халқы көп Лусон аралына, сондай-ақ Висай және елдің серфинг астанасы саналатын Сиаргао аралдарына соғады деп болжануда.

Дауыл жақындаған сайын оның жойқын желдері Катандуанес провинциясына залал келтіріп үлгерген. Бұл өңірлерде қызыл деңгейлі дабыл жарияланды.

Мыңдаған отбасы спорт залдарында, театрларда және мемлекеттік ғимараттарда бас сауғалап жатыр. Үкімет оларды азық-түлікпен және ең қажетті заттармен қамтамасыз етуде.

Елдің оңтүстігіндегі Себу мен Давао провинцияларында бірінші дауылдан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары уақытша тоқтатылды. Барлық қолда бар ресурстар жаңа дауылға дайындыққа бағытталған.

Билік өкілдері төтенше жағдайлардың жиілеп кетуінен ресурстардың сарқыла бастағанын мәлімдеді.

Лусонның шығыс жағалауында көшкін мен қатты су тасқыны күтіліп отыр. Алдағы 24 сағат ішінде 200 миллиметрден астам жауын-шашын түсуі мүмкін.

Филиппиннің Азаматтық авиация басқармасының дерегінше, 300-ден астам ішкі және халықаралық рейс тоқтатылған.

"Калмаэги" тайфуны қараша айының басында Филиппиннің орталық бөлігіне соққан болатын. Табиғи апат салдарынан 90 адам қаза тауып, тағы 26 адам хабар-ошарсыз кеткен.

Апат аймақтарына бағытталған әскери тікұшақтың апатқа ұшырауы кезінде алты адам мерт болды. Қалғандары су тасқыны, ағаштардың құлауы мен қираулардың құрбанына айналған.

Малайзияда мигранттар мінген қайық суға батып кетті

Әлемде: Трамп уәде берді, ХАМАС Израильге әскеридің денесін қайтарды, Филиппинде тағы супертайфун басталды
Anadolu Agency

Малайзия жағалауында мигранттар мінген қайық суға батып кетті. Салдарынан жүздеген адам хабар-ошарсыз кеткен.

Мьянмадан шыққан рохинджа мигранттарын тасымалдайтын кемеден қайыққа ауысып мінгендер Малайзия мен Таиланд шекарасына жақын жерде суға батып кетті. Қайық Бутидаунг қаласынан шамамен 300 адаммен шыққан. Қазіргі уақытта іздеу-құтқару жұмыстары жүргізілуде. Аман қалғандар табылып, бір адамның денесі анықталды.

Малайзияға бағыт алған адамдар бастапқыда үлкен кемеға отырса, шекараға жақындаған сайын олардан үш кішірек қайыққа ауысу талап етілген. Әр қайықта шамамен 100 адам болған, бұл биліктің бақылауынан жасырын өту үшін жасалған.

Оның сөзінше, қалған екі қайықтың жағдайы белгісіз, іздеу-құтқару операциясы әлі де жалғасып жатыр.

 

Өзгелердің жаңалығы