BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.
Трамп-Си Цзиньпинь кездесуі өтті
АҚШ президенті Дональд Трамп фентанил мәселесіне байланысты енгізілген Қытайға қарсы тарифтерді төмендететінін мәлімдеді.
Енді баж салығы екі есе қысқарып, 20%-дан 10%-ға дейін азаяды.
Америкалық көшбасшы ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен келіссөздерді «таңғаларлық әрі ерекше» деп сипаттады. Оның айтуынша, ол 2026 жылдың сәуір айында Қытайға сапармен баруды жоспарлап отыр.
23 қазанда Ақ үй басшысы Симен өтетін кездесуде фентанил мәселесі басты тақырып болатынын айтқан еді.
Трамп Қытайды бұл затты Венесуэла арқылы АҚШ пен Мексика порттарындағы бақылаудан айналып өткізіп жатыр деп айыптаған. Сондай-ақ ол Қытай көшбасшысымен Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеу мәселесін де талқылауды көздеген.
Өз кезегінде ҚХР төрағасы келіссөздердің басында (олар 1 сағат 40 минутқа созылған) Қытайдың даму мен жаңғыру жолы Трамптың «Американы қайта ұлы ету» мақсатына қайшы келмейтінін айтты.
Си Цзиньпиннің сөзінше, ол көптеген жылдар бойы АҚШ пен Қытай серіктес әрі достас елдер болуы керек екенін айтып келеді.
Ніл өзенінде 200-ден астам турист мінген кеме өртенді
Египеттегі Ніл өзенінде туристік круиздік лайнерде өрт шықты. Оқиға кезінде бортта 200-ден астам шетелдік турист болған.
Басылымның мәліметінше, өрт 28 қазанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:15 шамасында тұтанған. Жалын кеменің бірінші қабатын түгел шарпыған, бірнеше каюта мен ішкі бөлік толықтай жанып кеткен.
Кеме экипажы дабыл жүйесін іске қосып, жолаушыларды жоғарғы палубаға көшіруге мәжбүр болған. Экипаждың жедел әрекетінің арқасында лайнер Эсна маңындағы бейресми айлаққа шұғыл түрде тоқтатылып, шамамен 220 турист қауіпсіз жерге эвакуацияланды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Туристер 12 күнге жоспарланған круиздің бірінші күнінде болған.
Қазіргі уақытта Египет прокуратурасы оқиғаға байланысты тергеу жұмыстарын бастады. Болжам бойынша, өрттің шығуына кеме ас үйіндегі қысқа тұйықталу себеп болуы мүмкін.
Украина жастары елден жаппай кетіп жатыр
Шығу ережелері жеңілдетілгеннен кейін небәрі екі ай ішінде 100 мыңға жуық жас украин елден кетіп қалған.
28 тамыздан бастап Украина билігі 18–22 жас аралығындағы азаматтарға елден шығуға рұқсат берген. Сол уақыттан бері 98,5 мың адам шекарадан өтіп үлгерген. Ал қаңтар–тамыз айларында бұл көрсеткіш небәрі 45,3 мың болған.
Көшіп келушілер саны күрт артты: егер тамызға дейін Германияға аптасына 19 адам келсе, қыркүйектің ортасында бұл көрсеткіш мыңға жетті, ал қазан айында апта сайын 1,4-1,8 мың адам келіп отыр, - деп жазады басылым.
The Telegraph дерегінше, кетіп жатқандардың басым бөлігі Германияны таңдаған. Елге келген жас украиндар саны шамамен 70 мыңға жеткен, бұл Ұлыбритания армиясының жалпы санына тең көрсеткіш.
Германиядағы украиналық босқындарға ай сайын кемінде 530 миллион еуро көлемінде әлеуметтік көмек төленіп отыр. Осыған байланысты ел ішінде босқындарға арналған төлем жүйесіне қатысты сын күшейіп келеді.
Бұған дейін Австрия астанасы Вена украин босқындарын қабылдайтын соңғы орталықтың – Quartier Schlossberg-тің 2025 жылдың соңына дейін жабылатынын хабарлаған. 200 адамға арналған бұл орталық ашылғаннан бері 8,9 мың адамға көмек көрсеткен.
Ердоған БҰҰ Бас хатшысына бейбітшілік сыйлығын табыстайтынын мәлімдеді
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антонио Гутерришті 2025 жылғы Ататүрік атындағы халықаралық бейбітшілік сыйлығымен марапаттауға ниетті екенін жариялады.
Бұл сыйлықты Антонио Гутерриш мырзаға бүкіл әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнатуға қосқан үлесі үшін табыстаймыз, – деді Ердоған Республика күніне арналған салтанатты жиында.
Ататүрік атындағы бейбітшілік сыйлығы Түркия Республикасының ресми мемлекеттік наградасы саналады. Ол Мұстафа Кемал Ататүріктің “үйде бейбітшілік, әлемде бейбітшілік” қағидатына сәйкес, халықаралық татулық пен ізгі ниетті ілгерілеткен тұлғаларға беріледі.
Айта кетсек, осы күні Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мен АҚШ президенті Дональд Трампты елдің ең жоғары мемлекеттік марапаты – “Мугунхва” орденімен наградтады.