Әлемде: Трамп Ресейдің G7 ұйымына қайта қосылғанын қалайды, Германияда мигрант теракт жасады

14 Ақпан 2025, 11:33
301
Бөлісу:
Әлемде: Трамп Ресейдің G7 ұйымына қайта қосылғанын қалайды, Германияда мигрант теракт жасады

BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын ұсынады.

Әлемде: Трамп Ресейдің G7 ұйымына қайта қосылғанын қалайды, Германияда мигрант теракт жасады
Фото: Matt Dunham/ASSOCIATED PRESS/picture alliance

Трамп Ресейдің "Үлкен жетілікке" қайта оралуын қолдайды

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейдің G7 ("Үлкен жетілік") құрамына қайта қосылғанын қалар еді. Бұл туралы ол Ақ үйде журналистермен әңгіме барысында айтты.

Мен олардың қайтып келгенін қатты қалар едім. Оларды шығару қате болды деп ойлаймын. Тыңдаңыздар, мәселе Ресейдің маған ұнайтыны немесе ұнамайтынында емес. Бұл бұрын G8 еді. Мен: "Сендер не істеп жатырсыңдар? Сендер тек Ресей туралы сөйлейсіңдер, ал олар үстел басында отыруы керек", – дедім. Менің ойымша, Путин қуана оралар еді, – деп келтіреді оның сөзін Reuters агенттігі. 

Айта кетейік, Ресей 1997 жылдан 2014 жылға дейін G8 құрамында болды. Алайда Қырым аннексиясынан кейін бұл бірлестік жұмысын "Үлкен жетілік" форматында жалғастырды. Қазіргі уақытта оған АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Канада және Жапония кіреді.

Бұл мәлімдемеге әзірге не Кремль, не осы жылы G7-ге төрағалық ететін Канада ресми түрде жауап берген жоқ.

Әлемде: Трамп Ресейдің G7 ұйымына қайта қосылғанын қалайды, Германияда мигрант теракт жасады
Фото: Tasneem Zahra/DW

Мюнхенде мигрант шерушілерді басып кетті

Мюнхен орталығында Mini Cooper көлігі Ver.di кәсіподағы ұйымдастырған шеруге қатысушыларды қағып кетті. Оқиға түскі уақытта Орталық вокзалға жақын орналасқан Штигльмайерплац алаңында болды.

Бавария полициясының мәліметінше, оқиға салдарынан кемінде 28 адам зардап шекті, олардың ішінде ауыр жараланғандар бар. Бір немесе екі адамның өміріне қауіп төніп тұрғанын Бавария ішкі істер министрі Йоахим Херрман мәлімдеді.

Мюнхен мэрі Дитер Райтер жараланғандар арасында балалар бар екенін айтты. Ол бұл оқиғаны "Мюнхен үшін қаралы күн" деп сипаттады.

Күдікті шеруге қатысушылардың соңғы тобын көздеп, әуелі полиция көлігіне жақындап, кейін жылдамдықты арттырып, адамдарға соғылған.

Полиция көлікке оқ атып, жүргізушіні ұстады. Оның 24 жастағы Ауғанстан азаматы екені анықталды. Ол Германияда саяси баспана сұраушы мәртебесінде болған. Оқиға кезінде ол жеңіл оқ жарақатын алды.

Бавария ішкі істер министрінің айтуынша, күдіктінің баспана сұрау туралы өтініші қабылданбаған, бірақ депортация мүмкін болмағандықтан, Германияда қалуға рұқсат берілген. DPA агенттігінің хабарлауынша, ол 2016 жылдың соңында Германияға кәмелетке толмаған жетім ретінде келген. Оның өтініші 2017 жылы қабылданбады, кейін бұл шешімді сот арқылы өзгертуге тырысқан, бірақ сәтсіз болған. 2020 жылдың күзінде Германия билігі оған елден кетуді міндеттеген, алайда кейіннен Мюнхен билігі оған Германияда тұру және жұмыс істеу құқығын берген.

Полиция күдіктінің Мюнхеннің Зольн ауданындағы пәтерінде тінту жүргізді. Бавария федералды жерінің премьер-министрі Маркус Зёдер бұл оқиғаның әдейі жасалған шабуыл болуы мүмкін екенін растады. Мюнхен полициясының өкілі "экстремизм белгілерінің" барын мәлімдеді. Жергілікті ішкі істер министрі Йоахим Херрман қылмыскердің мотивтерін одан әрі тергеу қажеттігін атап өтті.

DPA агенттігінің мәліметінше, шабуыл жасар алдында күдікті әлеуметтік желілерде исламистік жазба жариялаған.

Әлемде: Трамп Ресейдің G7 ұйымына қайта қосылғанын қалайды, Германияда мигрант теракт жасады
Фото: Omar AL-QATTAA

ХАМАС тағы үш израильдік тұтқынды босатады

Палестиналық ХАМАС тобы Израильді атысты тоқтату туралы келісімді бұзды деп айыптап, тұтқындарды босату процесін кейінге қалдыруы мүмкін екенін мәлімдеген еді.

Алайда ХАМАС сенбі күні үш израильдік тұтқынды босататынын растады, бұл Газа секторындағы әлсіз бітімнің сақталуына үміт оралтты. Израильдік БАҚ мәліметінше, тұтқындардың есімдері жұма күні белгілі болады.

ХАМАС өз мәлімдемесінде делегациясының араағайындармен келіссөз жүргізгенін және Газаға көбірек баспана, медициналық құрал-жабдықтар, жанармай мен қирандыларды тазартуға арналған ауыр техника жеткізу мәселесін талқылағанын хабарлады. Ортақ мәмілеге келу үшін делдалдар "барлық кедергілерді жоюға" уәде берген.

10 ақпанда ХАМАС Израильді келісім міндеттемелерін орындамады деп айыптап, тұтқын алмасу үдерісін тоқтататынын мәлімдеді.

Осыған жауап ретінде Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац соғысты қайта бастауға уәде берді, ал АҚШ президенті Дональд Трамп барлық тұтқындар сенбіге дейін босатылмаса, Газа секторында "нағыз тозақ орнату керек" деп мәлімдеді.

Өзгелердің жаңалығы