BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын ұсынады.

Трамп Путинмен сөз алмасу алдында: Көп нәрсе келісілді
Ертең мен Украинадағы соғыс жөнінде президент Путинмен сөйлесемін. Қорытынды келісімнің көптеген элементтері келісілді, бірақ әлі де көп жұмыс бар. Мен президент Путинмен сөйлесуді асыға күтемін, – деп жазды АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.
Сол күні Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путин мен Трамп арасындағы сөйлесуге дайындық жүріп жатқанын растады.
Бұл рас. Сейсенбіге осындай әңгіме жоспарланған, – деді ол брифингте.
Алайда ол екі президенттің алдағы келіссөздерін егжей-тегжейлі талқылау орынсыз екенін атап өтті.
Ақ үй басшысы Владимир Путинмен келесі сейсенбіде сөйлесуге ниетті екенін 16 наурыз кешінде, Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясынан Вашингтонға ұшып бара жатып, журналистерге айтты. Трамп АҚШ-тың Украинадағы соғысқа қатысты бітімгерлік ұсынысына байланысты «кейбір мәлімдемелер жасауға» үміттенетінін жеткізді.
CNN және AP агенттіктерінің хабарлауынша, алдағы келіссөздерде «аумақтар» мен «энергетикалық зауыттар» туралы сөз болады. Трамп бұл мәселелерді «кейбір активтерді бөлу» деп атады.
Сонымен қатар Reuters агенттігі Трамп пен Путиннің жоспарланған келіссөздерінде Ресей күштері басып алған Запорожье АЭС-ін бақылау мәселесі де көтерілуі мүмкін екенін жазды.
АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф Вашингтон мен Мәскеу Қара теңіздегі порттарға қолжетімділікті талқылап жатқанын айтты.
Барлығымыз білетіндей, ресейліктер көз тіккен аймақтар бар. Ол жерде Украинаға едәуір көп электр энергиясын жеткізетін ядролық реактор орналасқан. Бұл мәселені шешу керек, – деді Уиткофф CBS арнасына берген сұхбатында.
Ол атысты тоқтату режимінің күшіне енуі үшін келісуді қажет ететін «көптеген элементтер» бар екенін ерекше атап өтті.

ЕО мен серіктестері Сирия мен оның көршілеріне 5,8 млрд еуро бөледі
Еуропалық Одақ пен оның серіктестері Сириядағы азаматтық соғыстың салдарын жеңілдету және оған шекаралас елдерге көмек көрсету үшін қосымша 5,8 миллиард еуро бөлмек. Бұл туралы Брюссельде өткен донор елдер конференциясының қорытындысы бойынша Жерорта теңізі мәселелері жөніндегі еурокомиссар Дубравка Шуица мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл қаражаттың 4,2 миллиард еуросы грант түрінде, ал 1,6 миллиард еуросы кредит түрінде беріледі.
ЕО және оның серіктестері Сирия мен оның көршілеріне 5,8 миллиард еуро бөлуді уәде етті. Бұл Сирияны аса маңызды өтпелі кезеңде қолдауға және жергілікті жерлердегі күрделі қажеттіліктерді қанағаттандыруға мүмкіндік береді, – деп жазды ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас X әлеуметтік желісінде.

Лондон: 30-дан астам ел Украинаға бітімгерлерін жіберуге дайын
30-дан астам мемлекет өз әскери қызметкерлерін Украинадағы бітімгершілік миссиясына қатыстыруға дайын. Бұл туралы Ұлыбритания премьер-министрі Кира Стармердің өкілі мәлімдеді.
Қатысу мүмкіндіктері әртүрлі болады, бірақ бұл айтарлықтай күш болмақ. Көптеген елдер әскер жібереді, ал одан да көп мемлекет өз үлесін басқа жолдармен қосады, – деп атап өтті британдық шенеунік.
Айта кетейік, 15 наурызда НАТО бас хатшысы Марк Рютте, Еуроодақтың екі жоғары өкілі және Батыстың 26 елінің көшбасшылары «қатысуға ниетті елдер коалициясының» ықтимал мүшелері ретінде виртуалды кездесу өткізді. Ұлыбритания мен Франция өз бітімгерлік күштерін жіберуге келісім берді.
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен 30 күндік атысты тоқтату туралы келісім жасауға дайын екенін мәлімдеген болатын.