Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әлемде: Трамп пен Зеленский кездесуі, Газада өзгеріс, Саркози соты, Қырғызстанда өлім жазасы, Камчаткада жанартау оянды

14 Қазан 2025, 10:10
421
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

Трамп пен Зеленский Ақ үйде кездеседі

АҚШ президенті Дональд Трамп 17 қазанда Украина басшысы Владимир Зеленскиймен кездесетінін растады. Ол Шарм-эш-Шейхтен Вашингтонға бара жатқан жолында журналистерге берген сұхбатында Зеленскийді Ақ үйде қабылдайтынын айтты. Алайда Трамп Украинаға америкалық Tomahawk зымырандарын жеткізу мүмкіндігі жөніндегі сұраққа нақты жауап бермей, бұл тақырыпты түсіндіруден бас тартты.

Әлемде: Трамп пен Зеленский кездесуі, Газада өзгеріс, Саркози соты, Қырғызстанда өлім жазасы, Камчаткада жанартау оянды
The White House

Бұған дейін Financial Times басылымының журналисі Кристофер Миллер әлеуметтік желідегі парақшасында 17 қазанда Вашингтонда Трамп пен Зеленскийдің кездесуі жоспарланғанын үш дереккөз растағанын жазған еді.

Сонымен қатар Миллердің хабарлауынша, өткен демалыс күндері екі ел басшылары телефон арқылы сөйлесіп, Украинаға Tomahawk зымырандарын беру мәселесін талқылаған.

Апта соңына дейін Вашингтонда украин делегациясы америкалық әріптестерімен бірнеше келіссөз өткізеді деп күтіледі.

Газада атысты тоқтату келісімі

Әлемде: Трамп пен Зеленский кездесуі, Газада өзгеріс, Саркози соты, Қырғызстанда өлім жазасы, Камчаткада жанартау оянды
BAQ.KZ

Газа секторында атысты тоқтату туралы келісім жасалды. Шарм-эш-Шейх қаласында Египет, АҚШ, Қатар және Түркия өкілдері Газа секторындағы қақтығысты тоқтату жөнінде келісімге қол қойды. АҚШ президенті Дональд Трамп бұл құжатты "Таяу Шығыстағы ең маңызды әрі күрделі мәміле" деп сипаттады. Оның сөзінше, жаңа келісім аймақтағы соғысқа нүкте қойып, үшінші дүниежүзілік соғыстың алдын алады.

Бұл жетістікке жету үшін мыңдаған жылдар қажет болды. Енді бейбітшілік орнайды және ол сақталады, – деді Трамп.

Келісімге сай, Израиль мен ХАМАС атысты толық тоқтатады. Израиль Газаның бір бөлігінен әскерін шығарады, ал ХАМАС кепілге алынған адамдардың барлығын босатады.

Францияның экс-президенті Николя Саркози түрмеде жазасын өтейді

Әлемде: Трамп пен Зеленский кездесуі, Газада өзгеріс, Саркози соты, Қырғызстанда өлім жазасы, Камчаткада жанартау оянды
BAQ.KZ

Францияның бұрынғы президенті Николя Саркози 21 қазанда Париждегі Санте түрмесінде жазасын өтей бастайды. 25 қыркүйекте Париж соты оны 2007 жылғы сайлау науқанын Ливия тарапынан заңсыз қаржыландыру ісі бойынша кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырған еді. Тергеу мәліметтері бойынша, сол кезде Ливия басшысы Муаммар Каддафи Саркозидің сайлауалды кампаниясын қолдау үшін шамамен 50 миллион еуро бөлген.

Франция қаржы прокуратурасының хабарлауынша, экс-президент осал адамдарға арналған арнайы бөлімде, тоғыз шаршы метрлік жеке камерада орналасады. Оған аптасына үш рет кездесулер өткізу және тек құқық қорғау органдары бекіткен нөмірлерге телефон шалуға рұқсат беріледі.

Егер Саркози түрмеге нақты кірсе, ол соғыстан кейінгі кезеңде қамалған алғашқы француз көшбасшысы және Еуропалық Одақ елдеріндегі бұрынғы президенттердің ішінде бірінші болады. 70 жастан асқан Саркози жазасын жеңілдету үшін өтініш бере алады. Мұндай жағдайда ол түрмеде емес, электронды білезік арқылы үй қамауында жазасын өтеуі мүмкін.

Айта кетерлігі, Саркози бұған дейін де сыбайлас жемқорлық пен ықпал саудасы істері бойынша сотталған. 2024 жылдың желтоқсанында Париждің кассациялық соты апелляцияны қанағаттандырмай, бұрынғы шешімді күшінде қалдырған еді.

Бұл іс саясаткердің L’Oreal компаниясының иесі Лилиан Беттанкур ісіне араласуға тырысқаны және 2007 жылғы сайлау науқанына заңсыз қаржы тартқаны туралы айыптармен байланысты болды.

Маусым айында Франция билігі Саркозиді "Құрметті легион" және "Еңбегі үшін" ордендерінен айырды. Бұл шешім 1945 жылдан бері алғаш рет қабылданған. Алайда қазіргі президент Эммануэль Макрон экс-президенттен бұл марапаттарды алуға қарсы екенін білдірген.

Қырғызстан өлім жазасын қайтаруы мүмкін

Әлемде: Трамп пен Зеленский кездесуі, Газада өзгеріс, Саркози соты, Қырғызстанда өлім жазасы, Камчаткада жанартау оянды
BAQ.KZ

Қырғызстан Президент әкімшілігі ел Конституциясына өлім жазасын енгізу мүмкіндігін көздейтін өзгерістер енгізу туралы заң жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Құжатта балаларды зорлау және зорлаумен байланысты адам өлтіру қылмыстары үшін ең жоғарғы жаза — өлім жазасын қолдануға рұқсат беру ұсынылған.

Жобаға сәйкес, Конституцияның 25-бабының бірінші бөлігі жаңа редакцияда жазылады. Онда әр адамның өмір сүру құқығының ажырамас екені туралы ереже сақталады, бірақ «тек балаларды зорлау және зорлаумен байланысты адам өлтіру» жағдайларында өлім жазасын қолдануға рұқсат беретін тармақ қосылады.

Бұған дейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Президент әкімшілігінің құқықтық қамтамасыз ету басқармасының бастығына балаларға, қыздарға және әйелдерге қарсы қылмыстар үшін жазаны барынша қатаңдатуды көздейтін заңнамаға өзгерістер енгізуді тапсырған болатын.

Камчаткада жанартау оянды

Әлемде: Трамп пен Зеленский кездесуі, Газада өзгеріс, Саркози соты, Қырғызстанда өлім жазасы, Камчаткада жанартау оянды
pixabay.com

Камчаткада жер сілкінісінен кейін Ключевский жанартауы оянып, одан 7,2 шақырым биіктікке күл-тозаң атылды. Бұл туралы Ресей ғылым академиясының Жанартау және топырақтану институтының Камчатка жанартауларына бақылау жасайтын тобы хабарлады.

Вулкандық бұлт 7,2 шақырымға дейін көтерілді. Күл шоғыры жанартаудан 57 шақырымға дейін созылды, - деді ғалымдар.

Олар Ключевский жанартауына қызғылт-сары авиациялық қауіптілік коды берілгенін атап өтті. Қазіргі уақытта аумақта жанартау күлі бар бу мен газ белсенділігі байқалуда. Бұл төмен ұшатын ұшақтарға қауіп төндіруі мүмкін. Сонымен қатар, күлдің ұшу биіктігі 10 шақырымға дейін жетуі ықтимал.

Ключевский жанартауы — Еуразиядағы ең белсенді жанартаулардың бірі. Оның шыңында диаметрі шамамен 700 метр болатын кратер бар. Сондай-ақ жанартаудың баурайында 80-ге жуық қайталама жарылыс шұңқырлары мен шлак конустары орналасқан.

Айта кетейік, кеше Камчаткада бір тәулікте 24 рет жер сілкінісі тіркелді.

Өзгелердің жаңалығы