- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Әлемде: Трамп мұнай бағасын құбылтты, Макронның ескертуі және Қытайдағы өлім жазасы
Әлемде: Трамп мұнай бағасын құбылтты, Макронның ескертуі және Қытайдағы өлім жазасы
Әлемде соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасы.
Бүгiн 2026, 09:44
BAQ.KZ cоңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.
Трамптың сөзінен кейін мұнай бағасы көтеріліп кетті
АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға соққы беруді жалғастыру туралы уәделерінен кейін трейдерлер мұнай жеткізудегі ұзақ мерзімді іркілістерден қауіптене бастады. Бейсенбі күні АҚШ-тағы мұнай бағасы 11 пайыздан астамға, ал Brent маркалы мұнай бағасы шамамен 8 пайызға көтерілді.
Brent маркалы мұнай фьючерстері барреліне 109,03 доллар деңгейінде жабылды. Америкалық West Texas Intermediate (WTI) мұнай фьючерстері барреліне 111,54 долларға дейін қымбаттап, 2020 жылдан бергі ең жоғары абсолюттік баға өсіміне жетті.
Трамп әскери операциялардың күшейтілетінін мәлімдеді, бірақ соғыс қимылдарын тоқтату туралы ештеңе айтпады. Ол Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін қадамдар туралы ешқандай егжей-тегжейлі ақпарат берген жоқ.
Сарапшылардың пікірінше, осының бәрі «қара алтын» бағасының жаңа өсу кезеңіне себеп болды.
Естеріңізге сала кетейік, сәрсенбі күні Трамп халыққа жолдауында алдағы екі-үш аптада «біз оларға өте жойқын соққы береміз» деп мәлімдеген болатын. Ол Иранды «өздеріне лайықты тас дәуіріне» шегіндіруге уәде берді.
Нарық егер Ормуз бұғазы бірнеше аптадан кейін ашылса, тәуекел сыйлықақысы бірден төмендейді деп күтеді, - деді басылым сұхбаттасушыларының бірі.
Тағы бір маман соғыстың тез арада реттелуі экономикалық зардаптардың біршама жұмсақ болуын білдіруі мүмкін екенін атап өтті. Дегенмен, ол дағдарысқа байланысты экономикалық болжамдар әлі де белгісіз екенін алға тартты.
Энергия ресурстары бағасының күрт өсуі жағдайында Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қалпына келтіру бүкіл әлем үкіметтері үшін басты міндетке айналды.
«Ормуз бұғазын күшпен ашу мүмкін емес»: Макрон Трампты «сабырлы болуға» шақырды
Франция президенті Эммануэль Макрон бейсенбі күні Ормуз бұғазын күшпен ашу мақсатында әскери операция жүргізу мүмкін емес екенін мәлімдеді.
Бұл мәлімдеме АҚШ президенті Дональд Трамп одақтастарын бұғазды ашу бағытында жұмыс істеуге шақырғаннан кейін жасалды. Франция басшысының сөзін Елисей сарайының баспасөз қызметі жариялады.
«Франция президенті Эммануэль Макрон Дональд Трампты қатаң сынға алып, оны Ирандағы соғыс мәселесіне қатысты өз-өзіне қайшы келеді және НАТО әскери альянсына деген сенімге нұқсан келтіреді деп айыптады.
Оның айтуынша, Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын ашуға бағытталған әскери операция жүргізу «шындыққа жанаспайды».
Ормуз бұғазын әскери операция арқылы, күшпен ашуды қолдайтындар бар. Мұндай позицияны кейде Америка Құрама Штаттары алға тартады... Бірақ бұл - шындыққа жанаспайтын дүние. Өйткені бұған өте көп уақыт қажет және бұғаз арқылы өтпек болған кез келген тарапқа жағалаудан Ислам революциясы күзеті корпусы тарапынан қауіп төнеді. Олардың айтарлықтай ресурстары мен баллистикалық зымырандары бар. Бұдан бөлек басқа да көптеген қауіп-қатерлер жетіп артылады, - деп мәлімдеді Макрон Оңтүстік Кореяға сапары барысында.
Еуропалық және басқа да одақтастармен бірге соғыс қимылдары тоқтағаннан кейін Ормуз бұғазы арқылы кемелердің еркін өтуін қамтамасыз ететін коалиция құрумен айналысқан Франция президенті бұған тек Иранмен келіссөздер жүргізу арқылы ғана қол жеткізуге болатынын мәлімдеді.
Біз бұл бұғаздың қайта ашылуы керектігін басынан бері айтып келеміз. Өйткені оның энергия ресурстарын, тыңайтқыштарды жеткізуде және халықаралық саудада стратегиялық маңызы зор. Бірақ бұны тек Иранмен консультациялар өткізгеннен кейін ғана жүзеге асыруға болады, - деді ол.
Сонымен қатар, Макрон Трампты қақтығыс мәселесінде өз-өзіне үнемі қайшы келеді деп айыптады.
Сабырлы болу керек. Егер сабырлы болғың келсе, күн сайын кешегі айтқаныңа қарама-қайшы сөйлеудің қажеті жоқ. Бәлкім, күнде сөйлей берудің де керегі шамалы болар, - деді Макрон.
Қытайда энергетикалық алпауыт компанияның бұрынғы басшысы өлім жазасына кесілді
Ішкі Моңғолия автономды ауданының соты «China Datang Corporation Ltd» мемлекеттік энергетикалық корпорациясының бұрынғы бас директоры Коу Вэйге қатысты үкім шығарды. Ол екі жылдық мерзімге кейінге қалдырылатын өлім жазасына кесілді.
Бұрынғы топ-менеджер бірқатар сыбайлас жемқорлық қылмыстары, соның ішінде аса ірі көлемде пара алу, сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу және лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бойынша кінәлі деп танылды.
Іс материалдарына сәйкес, Коу Вэй 1996-2024 жылдар аралығында жалпы сомасы 154 миллион юаньнан астам ($22,4 млн) пара алған. Ол ақшалай сыйақы үшін жеке және заңды тұлғаларға мердігерлік алуға, бизнес жүргізуге және қызметте өсуге көмектесіп отырған.
2023 жылдың қыркүйегі мен 2024 жылдың қарашасы аралығында Коу Қытайдың Мемлекеттік электр желісі корпорациясын басқарған кезде жинаған беделі мен байланыстарын түрлі ұйымдардың мүддесін қорғау (лоббилеу) үшін пайдаланып, ол үшін 9,05 миллион юаньнан астам ($1,3 млн) көлемінде «откат» алған.
Сот сонымен қатар Коудың 2001-2012 жылдары Юньнаньдағы Ланьцанцзян өзенінің гидроэнергетикасын дамыту компаниясын басқарып тұрғанда, еншілес құрылымдарға акциялар нарығында алыпсатарлық жасау үшін заңсыз банктік кепілдіктер бергенін анықтады. Бұл әрекет ірі қаржылық шығындарға әкеп соқтырған.
Соттың түпкілікті шешімі бойынша ол екі жылдық мерзімге кейінге қалдырылатын өлім жазасына кесілді, сондай-ақ саяси құқықтарынан өмір бойына айырылып, мүлкі толық тәркіленді. Заңсыз жолмен табылған барлық қаражат мемлекет қазынасына қайтарылуы тиіс.
Қытайдың заң тәжірибесінде, егер сотталушы екі жыл ішінде жаңа қылмыс жасамаса, кейінге қалдырылған өлім жазасы әдетте өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады. Тәртібі жақсы болған жағдайда, болашақта жаза мерзімі тағы да қысқартылуы мүмкін.
Ең оқылған:
- «Өкінемін, кінәлімін»: Полиция қызметкерін жабылып ұрғандар кешірім сұрады
- 37 адам 80 млн теңгесінен айырылған: Жетісу облысында ірі қаржылық алаяқтық ісі сотқа жолданды
- "Анашым, менің өлгім келмейді": Жоғалып табылған 13 жастағы баланың жанайқайы жұртты толқытты
- Астана маңындағы жолда жеңіл көлік жылқыға соғылды: Зардап шеккендер бар
- Ақтауда жүкті әйелдерге арналған жәрдемақыны "рәсімдеген" бухгалтер сотталды