BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.
Трамп: АҚШ Украинадағы дағдарысты қаржыландыруды тоқтатады
АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонда өткен кабинет отырысында елдің Украинадағы соғысқа қаржылық түрде қатысуын тоқтататынын мәлімдеді, деп жазды ТАСС агенттігі.

Трамптың айтуынша, бұрынғы президент Джо Байден Киевке «кәмпит сияқты» 350 млрд доллар бөлген.
Бұл – өте көп қаражат. Оның көп бөлігі қолма-қол және жабдық түрінде берілді. Мен ештеңе бермеймін, – деді ол.
Президенттің сөзінше, АҚШ енді тек НАТО елдеріне жабдық сатады, ал Еуропа мемлекеттері оны өздері Украинаға жеткізуі немесе қалағанынша пайдалануы мүмкін.
Трамп АҚШ-тың Украинадағы қақтығысты шешуге күш салып жатқанын да атап өтті.
Бұған дейін сегіз соғысты тоқтаттым, бұл – тоғызыншысы. Қазір біздің адамдарымыз Ресейде осы мәселені шешуге тырысып жатыр, – деп қосты Трамп.
Илон Маск АҚШ-тың келесі президенті кім болатынын болжады
SpaceX және Tesla компанияларының басшысы Илон Маск АҚШ-тың алдағы президенті қазіргі вице-президент Дж. Д. Вэнс болады деп есептейді. Бұл туралы Politico басылымы өз дереккөздеріне сүйене отырып жазды.

Басылымның мәліметінше, Маск мұндай ойымен АҚШ үкіметінің (DOGE) тиімділігін арттыру жөніндегі ведомство қызметкерлерімен өткен бейнеконференцияда бөліскен. 2025 жылдың басында ол ведомствоның жұмысына бірнеше ай бойы жетекшілік етіп, қоғамдық негізде ерекше мәртебеге ие мемлекеттік қызметші болған. Осы кезеңде Маск АҚШ президенті Дональд Трамптың жақын айналасындағы адамдардың бірі саналды.
Politico дерегіне қарағанда, Маск сол құпия кездесуде АҚШ «ұлы 12 жылдық кезеңнің» басында тұр деп мәлімдеген. Яғни ол Трамптың қазіргі төрт жылдық мерзімін және Вэнстің екі ықтимал президенттік кезеңін меңзеген. Маск Вэнспен жақсы қарым-қатынаста екені де атап өтілді.
2028 жылы өтетін келесі президенттік сайлауға қатысты Дж. Д. Вэнс әзірге нақты жоспарларын жариялаған жоқ. Ал қазіргі президент Дональд Трамп Конституцияның 22-түзетулеріне сәйкес үшінші мерзімге түсе алмайды.
Маск сонымен қатар өзін, Трампты және Вэнсті «АҚШ-та қастандық жасалуы мүмкін ең басты нысандардың қатарында» деп санайтынын айтқан.
Bloomberg дерегінше, Масктың байлығы 450 млрд доллардан асады, бұл оны әлемдегі ең бай адамға айналдырады. Америкалық басылымдардың жазуынша, 2025 жылдың басында Трамп пен Маск арасындағы қарым-қатынас бірқатар іскерлік және жеке себептерге байланысты нашарлаған. Мемлекеттік қызметтен кеткеннен кейін Маск 5 маусымда әлеуметтік желілерде Трампқа қатысты ашық түсініктеме берген, кейін ол өз сөздері үшін өкініш білдірген.
Қыркүйекте екеуі Аризона штатындағы Глендейл қаласында өткен белсенді Чарли Киркке арналған қоштасу рәсімінде қатар отырып, қайта жақындасқандай болған. Ал қазан айының соңында Трамп олардың «жақсы қарым-қатынаста» екенін тағы да растады.
Мадуро кетсе, АҚШ әскері әрекет етуге дайын – Пентагон
АҚШ әскери министрлігінің баспасөз хатшысы Кингсли Уилсон Венесуэла президенті Николас Мадуро қызметінен кетсе, ведомствоның кез келген күтпеген жағдайға дайын іс-қимыл жоспары барын хабарлады. Ол министрліктің жоспарлаумен айналысатынын және кез келген оқиғаға дайын екенін атап өтті.

ТАСС агенттігінің мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамп 21 қарашада Мадуродан бір апта ішінде елден кетуді талап еткен. Мадуро өз кезегінде заңды рақымшылық, АҚШ санкцияларының тоқтатылуы және Халықаралық қылмыстық соттағы ісінің жабылуын талап еткен. Сондай-ақ ол өтпелі үкіметтің жаңа сайлау өткізілгенге дейін Венесуэла атқарушы вице-президенті Дельси Родригестің басқаруын сұраған. Трамптың дереккөздеріне сәйкес, оның талаптарының көпшілігі қабылданбаған.
Трамп 29 қарашада Truth Social желісінде Венесуэла әуе кеңістігі «толығымен жабық» екенін мәлімдеді, бірақ бұл АҚШ әскерінің соққы беруі мүмкін екенін білдірмейді деп түсіндірді. Сонымен қатар, Вашингтон Венесуэла үкіметін есірткі контрабандасына жеткілікті белсенділік көрсетпеді деп айыптайды, ал АҚШ БАҚ мәліметтері бойынша, жақын арада елдегі наркокартель нысандарына бағытталған операциялар мүмкін.
Путин АҚШ өкілдерімен Украинадағы бейбіт жоспарды талқылады
Бүгін, 2 желтоқсанда Кремльде Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткоф пен Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнермен кездесті. Кездесуге Путиннің сыртқы саясат жөніндегі көмекшісі Юрий Ушаков, Президенттің өкілетті өкілі Кирилл Дмитриев және аудармашылар қатысты.
.png)
Reuters мәліметінше, кездесу барысында Трамп әкімшілігі Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған бейбіт келісім жобаларын ұсынды. Путин еуропалық тараптың ұсыныстарын Ресей үшін қолайсыз деп бағалап, егер Еуропа Ресеймен соғысуға шешім қабылдаса, ол тез аяқталатынын ескертті. Сонымен қатар, Ресейдің Қара теңіздегі флотына дрон шабуылдарына жауап ретінде Украинаға теңіз қатынасын шектеу мүмкін екенін айтты.
Путин бейбіт келіссөздерге дайын екенін білдірсе де, Украина келісімге келмесе, Ресей әскерлерінің алға жылжуы мүмкін екенін айтты. АҚШ-тың жобалары Мәскеудің негізгі талаптарына сәйкес келетінін, оның ішінде Украина НАТО-ға кірмеуі, армиясын шектеу және Ресейдің Қырым мен Донбасты бақылауы сияқты тармақтарды қамтитынын хабарлады.
Украина президенті Владимир Зеленский келіссөздердің нәтижесі ашық және әділ болуы керегін айтты. Қақтығыс 2022 жылдан бері жалғасып келеді және қазіргі уақытта Ресей Украина аумағының 19%-ын бақылауда ұстап отыр. Соғыс құрбандары саны 1,2 миллион адамға жеткен, ал елді мекендерде үлкен қиратулар болған.
Бұл кездесу Ресей мен АҚШ арасындағы Украина дағдарысын бейбіт жолмен шешуге бағытталған соңғы талпыныстардың бірі болып отыр.