- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Әлемде: Трамп Иран мұнайын алмақ, Ливанда 7 адам қаза тапты, Солтүстік Корея жаңа зымыран сынағын өткізді
Әлемде: Трамп Иран мұнайын алмақ, Ливанда 7 адам қаза тапты, Солтүстік Корея жаңа зымыран сынағын өткізді
Трамп Иран мұнайы туралы мәлімдеді, Таяу Шығыста шиеленіс күшейді, Ливанда қақтығыс жалғасуда, Солтүстік Корея зымыран сынады, Шешенстанда төтенше жағдай жарияланды.
Бүгiн 2026, 10:52
АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс күшейіп, Таяу Шығыстағы жағдай ушығып барады. Осы уақытта Ливанда қақтығыстар жалғасып, Солтүстік Корея жаңа зымыран сынағын өткізді, ал Шешенстанда табиғи апат салдарынан төтенше жағдай енгізілді. BAQ.KZ тілшісі әлемдегі басты оқиғаларға шолу жасап, назарларыңызға ұсынады.
Трамптың мәлімдемесі: Иран мұнайы мен Харг аралына көз тігіп отыр

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның мұнайын бақылауға алуға ниетті екенін ашық мәлімдеді. Оның айтуынша, басты мақсат – Иран мұнай экспортының негізгі орталығы саналатын Харг аралын басып алу.
Трамп бұл сценарийді жоққа шығармай, АҚШ-тың түрлі нұсқаларды қарастырып отырғанын жеткізді. Дегенмен сарапшылар мұндай әрекет әскери шығындарды арттырып, қақтығысты ұзартып жіберуі мүмкін екенін ескертеді. Сонымен қатар Пентагон қысқа мерзімді жерүсті операциясына дайындалып жатқаны да айтылуда.
Ормузды айналып өтетін жол: Сауд Арабиясы мұнай тасымалын күшейтті

Иранның Ормуз бұғазын бұғаттауы әлемдік мұнай нарығына әсер етуде. Осы жағдайда Сауд Арабиясы балама бағыт – шығыс-батыс мұнай құбырын (Petroline) толық қуатта пайдаланып отыр.
Ұзындығы 1200 шақырым болатын бұл құбыр тәулігіне шамамен 7 миллион баррель мұнай тасымалдауға мүмкіндік береді. Сарапшылар оны Ормузға тәуелділікті азайтатын негізгі бағыт деп бағалайды. Алайда құбыр жүйесі бұрын дрон шабуылдарына ұшыраған, сондықтан қауіп толық жойылған жоқ.
Ливандағы соққылар: 7 адам қаза тауып, 8 адам жараланды

Ливанның оңтүстігінде Израиль армиясының әуе соққылары салдарынан 7 адам көз жұмып, тағы 8 адам жарақат алды. Шабуылдар Набатия провинциясындағы елді мекендерді қамтыған.
Израиль әскері 2 наурыздан бері Ливан аумағына соққыларын тоқтатпаған. Бұған жауап ретінде «Хезболла» қозғалысы жүздеген зымыран ұшырған. Израиль тарапының мәліметінше, олардың басым бөлігі әскери нысандарға бағытталған. Аймақтағы жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр.
Солтүстік Корея жаңа зымыран қозғалтқышын сынақтан өткізді

Солтүстік Корея АҚШ аумағына жетуге қабілетті зымырандарға арналған жаңа қозғалтқышты сынақтан өткізгенін мәлімдеді. Сынақты Ким Чен Ын жеке бақылап, оны стратегиялық маңызды жетістік деп бағалаған.
Жаңа қозғалтқыштың тарту күші бұрынғы көрсеткіштен жоғары. Сонымен қатар Пхеньян маневрлі әрі ұстатуы қиын зымырандар әзірлеуді көздеп отыр. Алайда сарапшылар бұл мәлімдемелердің асыра айтылуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Шешенстанда төтенше жағдай: мыңдаған үйді су басты

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров өңірде төтенше жағдай режимін енгізді. Бұған нөсер жауын, қар мен сел қауіпі себеп болған.
27-28 наурыз аралығында 18 елді мекенде 1800-ден астам тұрғын үй су астында қалған. Сонымен қатар ондаған жол, көпір және инфрақұрылым нысандары зақымданған. Билік жағдайды бақылауға алғанымен, табиғи қауіп әлі де сақталып отыр.