BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-да Жерді көгалдандыру күнін ұсынды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 23 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясында сөз сөйлеп, 22 сәуірді Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні деп жариялауды ұсынды.

Президент климаттың өзгеру қаупіне назар аударып, былтырғы ең ыстық маусым мен Орталық Азиядағы температураның әлемдік орташа деңгейден екі есе жоғарылағанын атап өтті.
Тоқаев Алатау мұздықтарының еруі миллиондаған адамның су және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіретінін, ал Каспий теңізінің тартылуы жаһандық деңгейде алаңдатарлық мәселе екенін айтты.
Ол халықаралық серіктестерді Каспий су қорын сақтап қалуға бірігіп әрекет етуге шақырды.
Қазақстан алдағы жылы сәуірде Астанада Өңірлік экологиялық саммит өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, БҰҰ Қазақстанның бастамасымен 2026 жылды Орнықты даму мақсаттары жолындағы Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады.
Трамп: Украина бүкіл аумағын қайтара алады

АҚШ президенті Дональд Трамп БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуден кейін мәлімдеме жасады.
Ол Украина Еуроодақтың қолдауымен бүкіл аумағын қайтарып алуға қабілетті екенін айтып, Ресейді "қағаз жолбарыс" деп атады.
Қазір Украинаның әрекет ететін уақыты келді. Біз НАТО-ны қару-жарақпен қамтамасыз етуді жалғастырамыз, – деді Трамп Truth Social желісінде.
Зеленский: Путинмен Қазақстанда кездесуге дайынмын

Украина президенті Владимир Зеленский Fox News арнасына берген сұхбатында Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуге дайын екенін айтты.
Оның айтуынша, келіссөздер Түркияда, Сауд Арабиясында, Қатарда, Австрияда, Швейцарияда немесе Қазақстанда өтуі мүмкін.
Зеленский бұған дейін де Трамп пен Путинмен алдын ала шартсыз кездесу өткізуге дайын екенін, бірақ ол Мәскеуде өтпеуі керек екенін мәлімдеген болатын.
Супертайфун Рагаса тыншымай тұр

Әлемдегі ең қуатты тропикалық циклондардың бірі – Рагаса Гонконгта дауыл мен нөсер әкеліп, электр қуаты мен көлік қозғалысын үзді.
Тайфун Тайваньда 14 адамның өліміне себеп болды. Бұған дейін ол Филиппиннің солтүстігін шарпыған еді.
Сондай-ақ, халық үлкен дайындыққа бет бұрып, Гонконгта табиғи апаттың алдында тұрғындар супермаркеттерге ағылып, тауар тапшылығы орын алды.
Ауғанстанда жер сілкінісі: 15 адам жарақат алды

24 қыркүйекте түстен кейін Шығыс Ауғанстандағы Нангархар мен Кунар провинцияларында 4,9 магнитудалы жер сілкінісі болды.
Табиғи апаттан кемінде 15 адам жарақат алды, бірнеше үй бүлінген.
АҚШ Геологиялық қызметінің дерегінше, жер сілкінісінің эпицентрі Жәлалабад қаласының маңында, 10 км тереңдікте орналасқан. Жарақат алғандар ауруханаға жеткізіліп, жағдайлары тұрақты деп хабарланды.