Әлемде: Швецияда Құранды өртеген эмигрантты атып кетті, Италия DeepSeek ботын бұғаттады

Бөлісу:
Әлемде: Швецияда Құранды өртеген эмигрантты атып кетті, Италия DeepSeek ботын бұғаттады

BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын ұсынады.

Әлемде: Швецияда Құранды өртеген эмигрантты атып кетті, Италия DeepSeek ботын бұғаттады
Andrey Rudakov/Bloomberg via Getty Images

Италия Қытайдың DeepSeek чат-ботын бұғаттады

Италияның реттеуші органы Garante Қытайдың DeepSeek чат-ботын GDPR талаптарына сай келмегені үшін ресми түрде бұғаттап тастады.

Бұған дейін Garante реттеушісі әзірлеушілерден Италия қолданушыларының деректерін жинау, сақтау және өңдеу бойынша ақпарат сұратқан.

Бұл сұраныс 2018 жылдан бері ЕО елдерінде деректерді қорғауды реттейтін GDPR ережесіне сәйкестікті тексеру мақсатында жасалған. Алайда компанияның жауабы италиялық билікті қанағаттандырмады. 

DeepSeek өкілдері олардың сервисі Италияда жұмыс істемейтінін, сондықтан еуропалық заңнама талаптарына бағынуға міндетті емес екенін мәлімдеді.

Осыған байланысты Garante чат-ботты ел аумағында бұғаттау туралы шешім қабылдады.

Әлемде: Швецияда Құранды өртеген эмигрантты атып кетті, Италия DeepSeek ботын бұғаттады
Reuters

Трамп 30 мың заңсыз мигрантты Гуантанамоға жібермек

АҚШ президенті Дональд Трамп Пентагон мен Ішкі қауіпсіздік министрлігіне Гуантанамо базасында ең қауіпті заңсыз мигранттарды ұстауға арналған көші-қон орталығын дайындауды тапсырды.  

Оның айтуынша, бұл жерде «америкалықтарға қауіп төндіретін заңсыз мигранттардың ең қауіпті қылмыскерлерін» ұстауға 30 мың орын бар.  

Олардың кейбіреулері қауіпті болғаны соншалықты біз оларды басқа елдерге сеніп тапсыра алмаймыз және олардың қайтып келгенін қаламаймыз. Сондықтан оларды Гуантанамоға жібереміз, — деді Трамп.  

АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет Гуантанамо базасын «мигранттарды қауіпсіз уақытша ұстауға арналған тамаша орын» деп атады.  

Куба президенті Мигель Диас-Канель Трамптың бұл әрекетін «қатігездік» деп сынға алды. Ал елдің сыртқы істер министрі Бруно Родригес бұл идеяны «адам өмірі мен халықаралық құқыққа құрметсіздік» деп бағалады.  

Айта кетейік, Гуантанамо АҚШ-тың әскери базасы орналасқан аймақ. 2001 жылғы 11 қыркүйектегі терактілерден кейін мұнда халықаралық террористерге арналған түрме ашылған. Кейін құқық қорғаушылар түрмеде сотсыз қамау және азаптау қолданылғанын айтып, сынға алған. Түрмеде жалпы 800-ге жуық адам отырып шыққан.  

АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама Гуантанамоны жабу туралы бұйрыққа қол қойғанымен, Конгресс қаржыландырудан бас тартқандықтан, оны орындай алмады. Кейін Трамп бұл шешімді ресми түрде жойған, бірақ оның кезінде түрмеге жаңа тұтқындар түскен жоқ. Джо Байден әкімшілігі түрмені жабуға ниетті екенін мәлімдеген. Трамптың жаңа мерзімі басталғанға дейін онда 15 тұтқын қалған.

Әлемде: Швецияда Құранды өртеген эмигрантты атып кетті, Италия DeepSeek ботын бұғаттады
Jonas Ekströmer/TT/AP Photo/picture alliance

Швецияда Құран өртеу акциясына қатысушы атып өлтірілді

Ирактан келген эмигрант Салван Момика - Құранды өртеу акцияларына бірнеше рет қатысқан белсенді. Ол Стокгольм маңындағы Сёдертелье қаласында атып өлтірілді. Бұл туралы швециялық SVT телеарнасы хабарлады.

Ол, болжам бойынша, пәтерінің балконына шыққан кезде оққа ұшқан. Оқиға болған сәтте TikTok-та тікелей эфир жүргізіп жатқан болуы мүмкін.

Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 5 адам ұсталды. Тергеуге Швецияның Қауіпсіздік полициясы қосылды, ол қарсы барлау, терроризмге қарсы күрес және конституциялық құрылымды қорғаумен айналысады.

Қылмыскерлердің шетелдік державалармен байланысы бар екені анық, — деді Швеция премьер-министрі Ульф Кристерссон баспасөз мәслихатында, бірақ нақты деректер келтірмеді.

Момика 2018 жылы Ирактан Швецияға көшіп келіп, үш жылға уақытша тұруға рұқсат алған. 2024 жылдың жазында бұл рұқсатты тағы бір жылға ұзартқан.

Әлемде: Швецияда Құранды өртеген эмигрантты атып кетті, Италия DeepSeek ботын бұғаттады
Omar Al-Qattaa/AFP

ХАМАС тағы 8 тұтқынды босатты  

ХАМАС содырлары Газа секторының солтүстігіндегі Джабалия ауданында Қызыл Крест қызметкерлеріне 8 тұтқынды тапсырды.  

Алдымен 482 күн тұтқында болған израильдік әскери қызметкер Агам Бергер босатылды. Оны Қызыл Крест көлігіне ХАМАС өкілдері жеткізген соң, израильдік арнайы жасаққа тапсырды. Кейін Бергер ауруханаға жеткізіліп, медициналық тексеруден өтіп, ата-анасымен кездеседі.  

Кейін ХАМАС тағы екі израильдік – Германия азаматтығы да бар Арбель Йехуд пен 80 жастағы Гади Мозесті босатты.  

Арбель Йехуд «Исламдық жиһад» қозғалысының тұтқынында болған және ол 25 қаңтарда босатылуы тиіс еді. Бірақ бұл жүзеге аспағандықтан, Израиль палестиналықтардың Газа секторына оралуына кедергі келтірді. 

Алайда 27 қаңтарда Арбель Йехуд пен екі тұтқынның жақын арада босатылатыны туралы ақпарат пайда болған соң Израиль Газаның солтүстігіне көшіп кеткен тұрғындардың қайтуына рұқсат берді.  

Сондай-ақ ХАМАС бес таиландтық азаматты да босатты. Егер таиландтықтар шартсыз босатылса, Израиль билігі израильдіктерге айырбас ретінде 110 палестиналық тұтқынды, оның ішінде 32 өмір бойына сотталған және 48 ұзақ мерзімге түрмеге қамалған адамдарды босатуы керек.  

ХАМАС 1 ақпанда тағы үш израильдік тұтқынды босатуы мүмкін.  

Израиль мен ХАМАС 19 қаңтарда күшіне енген атысты тоқтату туралы келісімге қол қойды. Сол уақыттан бері ХАМАС жеті тұтқынды босатып, Израиль 290 палестиналық тұтқынды түрмеден шығарды.

Өзгелердің жаңалығы