Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әлемде: Сауд Арабиясы-Пәкістан одағы, Газада қантөгіс, Трамптан саяси қысым, Қытайда әуе рекорды

19 Қыркүйек 2025, 10:36
651
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

Пәкістан мен Сауд Арабиясы арасында қорғаныс келісімі

Сауд Арабиясы мен Пәкістан бірлесіп қорғануға уағдаласты. Пәкістан Премьер-министрі Шахбез Шариф Сауд Арабиясына ресми сапармен келіп, Эр-Риядтағы Йемам сарайында Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманмен кездесті. 

Кездесуге қос ел делегациялары да қатысып, тарихи және стратегиялық қарым-қатынастармен қатар, әріптестікті тереңдетуге қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Әлемде: Сауд Арабиясы-Пәкістан одағы, Газада қантөгіс, Трамптан саяси қысым, Қытайда әуе рекорды
 Анадолы

Келіссөздер нәтижесінде тараптар "Бірлескен стратегиялық қорғаныс келісіміне" қол қойды. Бұл құжат екі елдің қауіпсіздігін күшейтіп, аймақтағы және жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Келісім бойынша, екі тарап қорғаныс саласында тығыз ынтымақтастық орнатып, кез келген агрессияға бірлесе жауап береді. Яғни, бір елге жасалған шабуыл екеуіне де қарсы әрекет ретінде қарастырылады.

Израиль Газаға шабуылын жалғастыруда

Әлемде: Сауд Арабиясы-Пәкістан одағы, Газада қантөгіс, Трамптан саяси қысым, Қытайда әуе рекорды
reuters.com

Израиль артиллериялық бөлімшелері осы аптада Газаға 150-ден астам соққы жасады. Олар ХАМАС-тың әскери бақылау бекеті ретінде қолданылатын биік мұнараларды қиратып жатыр.

Израиль әскерлері ХАМАС-тың әскери инфрақұрылымын жоюды мақсат етіп отыр, Бірақ шабуылдың қаншаға созылатыны белгісіз. 

ЦАХАЛ мәліметі бойынша, операция басталғаннан бері 500 мың палестиналық сектордан кеткен. Аурухана қызметкерлері Израильдің түнгі соққыларынан кемінде 16 адам, соның ішінде әйелдер мен балалар қаза болғанын хабарлады.

Газаның денсаулық сақтау министрлігі 65 062 адамның көз жұмғанын мәлімдеді. Халықаралық гуманитарлық ұйымдар Израильді шабуылын тоқтатуға шақыруда.

Трамп Путинге қысым көрсетпек

Әлемде: Сауд Арабиясы-Пәкістан одағы, Газада қантөгіс, Трамптан саяси қысым, Қытайда әуе рекорды
x.com/WhiteHouse

АҚШ президенті Дональд Трамп 18 қыркүйекте Лондонда Ұлыбритания премьері Кейр Стармермен өткен баспасөз мәслихатында Ресей президенті Владимир Путин ресейлік мұнай бағасы төмендесе, Украинадағы соғысты тоқтатуға мәжбүр болатынын мәлімдеді.

Оның таңдауы жоқ, ол бұл соғыстан кетеді, - деді Трамп.

Стармер Ресейдің энергетикаға тәуелді екенін атап, кейбір еуропалық елдердің бұл мәселедегі көзқарастарын қайта қарауы қажет екенін айтты. Ұлыбритания ресейлік энергетикаға тәуелді емес.

13 қыркүйекте Трамп Ресейге қарсы қатаң санкция салуға дайын екенін, бірақ НАТО елдері мен әлемнің барлығы ресейлік мұнайдан бас тартуы тиіс екенін мәлімдеген.

16 қыркүйекте Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Лейен АҚШ президентімен сөйлескен соң, ЕО елдеріне ресейлік мұнай мен газдан бас тартуды жеделдетуді ұсынды.

Көктемде Еурокомиссия 2027 жылға дейін ресейлік газ импортын тоқтатуды жоспарлады. Алайда Венгрия мен Словакия бұл жоспарға қарсылық білдіруде.

Қытай әлемдегі ең ұзақ әуе рейсін іске қосады

Әлемде: Сауд Арабиясы-Пәкістан одағы, Газада қантөгіс, Трамптан саяси қысым, Қытайда әуе рекорды
BAQ.KZ

Қытайлық China Eastern Airlines әуе компаниясы 4 желтоқсаннан бастап жаңа бағытты ашады. Бұл бағыт әлемдегі ең ұзақ әуе рейсі болады.

Рейс Шанхай мен Буэнос-Айрес қалалары арасында орындалады. Ұшу қашықтығы шамамен 20 мың шақырым, ал жалпы жол уақыты 25 сағат болады. Бұл сапар Жаңа Зеландиядағы Окленд қаласында транзиттік қонуымен жүзеге асырылады. Жолаушылар бұл жерде екі сағат болады.

Кері бағытта ұшу уақыты ұзарады. Яғни, ол 29 сағатқа дейін созылады.

Бұл бағытты іске қосу Шанхайды Азия мен Оңтүстік Америка арасын байланыстыратын маңызды көлік торабы ретінде нығайтуға бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы