Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әлемде: Ресей-АҚШ-Украина саммиті, Қытай АҚШ-қа қарсы тергеу бастады

15 Қыркүйек 2025, 10:10
801
Бөлісу:

BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.

Трамп: Ресей, АҚШ және Украина саммиті жақын арада өтуі мүмкін

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путин мен Украина президенті Владимир Зеленскийдің қатысуымен үшжақты саммит «салыстырмалы түрде жақын арада» өтуі ықтимал екенін айтты. Бұл туралы ол Нью-Джерсидегі Бедминстерде Ақ үйдің баспасөз пулына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Білмеймін, жақында. Біз бұл мәселені қандай да бір жолмен шешеміз, бірақ салыстырмалы түрде жақын арада, – деді Трамп журналистердің сұрағына жауап беріп.

Оның айтуынша, алдағы келіссөздер саммит немесе жай ғана кездесу ретінде өтуі мүмкін. Сонымен бірге ол Путин мен Зеленский арасында жеке дұшпандықтың жоғары деңгейі бар екенін атап өтті. Сондықтан екі тарап арасындағы келіссөздер АҚШ-тың қатысуымен жүргізілуі тиіс деп есептейді.

Қытай АҚШ-тың чип өндірушілеріне қарсы тергеу бастады

Қытай билігі АҚШ-тың жаңа шектеулеріне жауап ретінде американдық чип өндірушілерге қатысты екі тергеу жариялады.

ҚХР Сауда министрлігінің мәліметінше, алғашқы тергеу Texas Instruments пен ON Semiconductor секілді компаниялар шығаратын кейбір аналогтық чиптерге қатысты демпингке қарсы шараларға бағытталған. Сонымен қатар, Вашингтонның қытайлық жартылай өткізгіш секторына қарсы "кемсітушілік әрекеттері" туралы бөлек тергеу басталды. Министрлік АҚШ-тың экспорттық шектеулері мен тарифтері "Қытайдың жоғары технологиялық салаларын тежеуге бағытталған" деп атап өтті.

Бұл қадамдар Мадридте 14-17 қыркүйек аралығында өтетін АҚШ – Қытай келіссөздері қарсаңында жасалып отыр. Кездесуге АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент пен ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хэ Лифэн қатысады. Талқылаудың негізгі тақырыптары – сауда кедергілері, ұлттық қауіпсіздік мәселелері және TikTok әлеуметтік желісінің болашағы болмақ.

АҚШ жақында ұлттық қауіпсіздік пен сыртқы саясат мүдделеріне қауіп төндіргені үшін 23 қытайлық компанияны "қара тізімге" енгізді. Олардың қатарында Қытайдың ең ірі чип өндірушісі SMIC үшін жабдық жеткізді деп айыпталған екі фирма бар.

Айта кетейік, осы жылдың басында тараптар Женева, Лондон және Стокгольмде келіссөздер жүргізіп, тарифтік қақтығыстарды уақытша тоқтату үшін бірнеше рет 90 күндік үзіліс енгізген болатын.

Иран БҰҰ шешіміне жауап ретінде ядролық бақылауды доғаруы мүмкін

Иранның Ұлттық қауіпсіздік Жоғары кеңесі егер Еуропа елдері БҰҰ-ның елге қарсы санкцияларын қайта бастаса, Тегеран Халықаралық атом энергиясы агенттігімен (МАГАТЭ) байланысын тоқтатуы ықтимал екенін ескертті.

Иран бұған дейін МАГАТЭ-ге өзінің ядролық нысандары туралы есеп беруге және инспекторларға қол жеткізуге рұқсат етуге келіскен.

Алайда Тегеран мәлімдемесінде: "Егер Иранға қарсы қандай да бір дұшпандық әрекеттер жасалса, соның ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің санкциялық қарарлары қалпына келтірілсе, бұл келісімдер тоқтатылады", – деп атап өтті.

Кеңес мұндай жағдайда Иранның ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығуы да мүмкін екенін мәлімдеді.

Иран СІМ басшысы Аббас Арагчи 9 қыркүйекте Ислам Республикасының ядролық нысандарындағы инспекциялар тоқтатылғаннан кейін МАГАТЭ-мен өзара іс-қимылдың жаңа шарттары талқыланып жатқанын айтты.

10 қыркүйекте ол жаңа келісім агенттік инспекторларына толық қолжетімділік бермейтінін, тек белгілі бір тетіктер арқылы нысандарға бару шарттарының келісілетінін нақтылады.

Талибтер АҚШ-пен тұтқын алмасу жөнінде келісімге келді

"Талибан" қозғалысы АҚШ өкілдерімен тұтқындарды алмасу бойынша келісімге қол жеткізгенін мәлімдеді.

Алайда келісімнің нақты шарттары мен алмасуға қатысатын тұтқындардың саны жария етілмеді. Ақ үй бұл кездесуге қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ, - деп жазады ABC News.

Келіссөздер Кабулда өтті. Оған талибтердің Сыртқы істер министрі Амир Хан Муттаки мен АҚШ-тың арнайы өкілдері қатысты. 

Қозғалыстың мәлімдемесінде тараптар тұтқындар мәселесімен қатар «екіжақты қатынастарды дамыту жолдары» және Ауғанстанға инвестиция тарту мүмкіндіктерін де талқылағаны айтылған.

Бразилия президенті Трамппен ашық диалог орнату үшін эссе жазды

Бразилия президенті Луис Инасио Лула да Силва АҚШ-тың қазіргі көшбасшысы Дональд Трамппен "ашық диалог" бастау мақсатында арнайы эссе жазды. 

Мақалада Лула өзінің ондаған жылдық келіссөз тәжірибесін атап өтіп, барлық тарапты тыңдауға және түрлі мүдделерді ескеруге дайын екенін жеткізді.

Мен Трамп әкімшілігінің Бразилия өнімдеріне 50 пайыздық баж салығын енгізу туралы дәлелдерін мұқият зерттедім. Бұл шешім қате әрі қисынсыз. АҚШ-тың Бразилиямен сауда тапшылығы жоқ және біздің тауарларға жоғары тарифтер қолдануға негіз де жоқ, – деді Бразилия президенті.

Лула да Силва Вашингтонмен өзара тиімді мәселелерді талқылауға дайын екенін, бірақ «Бразилияның демократиясы мен егемендігі ешқашан талқылау тақырыбы болмайтынын» баса айтты.

Еске салсақ, 30 шілдеде Дональд Трамп Бразилия тауарларына қосымша 40% баж енгізген еді. Соның нәтижесінде ел өнімдеріне тарифтің жалпы көлемі 50%-ға жетті. АҚШ бұл қадамды Бразилия үкіметінің әрекеттері «ұлттық қауіпсіздікке және сыртқы саясатқа қатер төндіреді» деп түсіндірді.

Өзгелердің жаңалығы