BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.
Ақ үй: Путин мен Зеленскийдің кездесуі алдағы апталарда өтеді
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Левитттің хабарлауынша, Ресей басшысы Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамппен кеше өткен телефон арқылы сөйлесу барысында Украина президенті Владимир Зеленскиймен алдағы апталарда кездесуді жоспарлап отырғанын айтқан.
NBC News мәліметінше, ол бұл туралы сейсенбі, 19 тамыз күні Ақ үйдегі брифингте Путиннің Зеленскиймен екіжақты кездесуіне қатысты берген сигналдары туралы сұраққа жауап бере отырып айтты.

Ол кеше тікелей сөйлесті, ал президент (АҚШ – ред.) бұл туралы БАҚ-қа арналған мәлімдемесінде атап өтті. Өйткені әңгімеден кейін сұрақтар туындайтыны түсінікті еді. Бұл ашықтық мақсатында жасалды, – деп түсіндірді Левитт.
2026 жылы НАТО саммитінің қайда өтетіні белгілі болды

2026 жылғы НАТО саммиті Түркия астанасы Анкарада 7-8 шілде күндері өтеді. Бұл туралы Солтүстік Атлантикалық альянстың бас хатшысы Марк Рютте ресми түрде мәлімдеді.
Альянстың келесі саммиті Түркияның Анкара қаласындағы Бештепе (Кюллие) президенттік резиденциясында ұйымдастырылады. Түркия – НАТО-ның 70 жылдан астам уақыт бойы маңызды әрі сенімді одақтасы. Осы кездесуді өткізуге келісім бергені үшін Анкараға алғыс айтамыз, – деді Рютте.
Оның айтуынша, Анкарадағы басқосу барысында альянс елдерінің көшбасшылары қазіргі қауіпсіздік сын-қатерлеріне жауап беретін мықты әрі әділетті ұйым қалыптастыру жолындағы жұмысты жалғастырады.
Айта кетсек, бұған дейін осындай жиын 2004 жылы Стамбулда өткен.
Ауғанстанда жантүршігерлік жол апаты: 71 адам көз жұмды

Ауғанстанның Герат провинциясында жолаушылар автобусы мотоцикл мен жүк көлігіне соқтығысып, ауыр апатқа ұшырады, деп жазады BAQ.KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап. Қайғылы оқиға сейсенбі күні кешке орын алып, салдарынан 71 адам, соның ішінде 17 бала қаза тапқан.
Хабарламаға сәйкес, автобуста Кабулға жеткізіліп жатқан депортацияланған мигранттар отырған. Соқтығыстан соң көлік отқа оранып кеткен.
Бұл апат соңғы күндері тіркелген ең ірілерінің бірі саналады. Еске сала кетейік, 16 тамызда Алжирдің Хараш ауданында автобус көпірден өзенге құлап, 18 адамның өмірін қиған еді.
Фин парламентінде қайғылы оқиға болды

Фин парламентінде қайғылы оқиға болды. 30 жастағы депутат Эмели Пелтонен Хельсинкидегі парламент ғимаратынан өлі табылды. Билік оның өз-өзіне қол жұмсағанын мәлімдеді.
Пелтоненнің қазасы ел саясатында үлкен күйзеліс туғызды. Барлық партия өкілдері көңіл айтты. Социал-демократиялық фракция жетекшісі Тютти Туппурайнен оны "қауымдастықтың қадірлі мүшесі" деп атады.
Премьер-министр Петтери Орпо сейсенбі күні барлық саяси жұмыстарды тоқтатып, марқұмды бір минут үнсіздікпен еске алды. Парламент спикері Юсси Халла-ахо да Пелтоненнің барлық партияда құрметке ие болғанын атап өтті.
Полиция оқиға орнына таңертең шақырылып, бірнеше сағаттан кейін қазаны растады.
Пелтонен саясатқа жас кезінен араласқан. Ол 18 жасында-ақ Ярвенпяа қалалық кеңесіне сайланған.
Соңғы уақытта денсаулығына байланысты саясаттан шеттеп, емделуге көңіл бөліп жүрген.