BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.
Трамп рэпер P. Diddy-дің рақымшылық сұрағанын айтты
АҚШ рэпері Шон Комбс (P. Diddy) президент Дональд Трамптан рақымшылық жасауын өтінген. Бұл ақпаратты Трамп CNN арнасына берген сұхбатында растады.

Көп адам менен кешірім сұрады, олардың арасында Комбс та бар, – деді ол.
Бұған дейін Трамп Newsmax арнасына берген сұхбатында рэперге рақымшылық беруі екіталай екенін айтқан. Оның сөзінше, екеуі бұрын жақсы қарым-қатынаста болған, бірақ Трамп президенттікке үміткер болған кезде Комбс оған қарсы шыққан.
Сол себепті оған рақымшылық жасау қиын, – деді экс-президент.
Еске салайық, өткен аптада Нью-Йорктегі сот Шон "Дидди" Комбсты жезөкшелікке тарту мақсатында адамдарды тасымалдағаны үшін 50 айға бас бостандығынан айырды. Бұған дейін ол осы қылмыс бойынша екі эпизодта кінәлі деп танылған. Прокурорлар рэперге 11 жыл жаза сұраған болатын.
Эквадор президентінің кортежіне қарулы шабуыл жасалды

Эквадор президенті Даниэль Нобоаның кортежіне Каньяр кантонында қарулы шабуыл жасалды. Мемлекет басшысы зардап шеккен жоқ. Бұл туралы ақпаратты Radio Atalaya радиоарнасы хабарлады.
Президент Даниэль Нобоаның кортежіне Каньяр кантонында шабуыл жасалды. Мемлекет басшысы мен үкімет өкілдері отырған көліктерге оқ атылған, - делінген радиостанцияның X әлеуметтік желісіндегі хабарламасында.
Президент әкімшілігінің мәліметінше, оқ атылғаны айтылмағанымен, шабуыл Нобоа Каньярға тазарту құрылыстарының (құны 4,5 миллион доллар) салынатынын жариялап, кәріз жүйелерін іске қосу үшін бара жатқан кезде болған.
Баспасөз қызметі атап өткендей, шабуыл радикалды топтардың бұйрығымен ұйымдастырылған, ал кортежде азаматтық тұлғалар да болған.
Президент әкімшілігі шабуыл ісі бойынша ұсталғандардың барлығы терроризм және кісі өлтіруге оқталу баптары бойынша жауапкершілікке тартылатынын хабарлады.
RBC агенттігі Reuters-ке сілтеме жасап хабарлағандай, Эквадордағы наразылықтар қыркүйектің ортасынан бері жалғасып келеді. Оларды президент дизель отынына берілетін субсидияны алып тастау туралы шешім қабылдағаннан кейін бағаның күрт өсуіне наразылық ретінде жергілікті халық конфедерациясы CONAIE ұйымдастырған.
Елдің бірнеше провинциясында төтенше жағдай жарияланып, кейбір өңірлерде түнгі коменданттық сағат енгізілді.
Нобоаның айтуынша, бұл наразылықтардың артында венесуэлдік Tren de Aragua картелі тұр. Ол заңды бұзған демонстранттар терроризм бабы бойынша айыпталып, 30 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін ескертті.
CONAIE 1997 жылдан 2005 жылға дейінгі аралықта үш президенттің биліктен кетуіне әкелген наразылықтарды да басқарған ұйым ретінде белгілі.
Қырғызстанда жер сілкінісінен тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар зақымданды

6 қазанда болған зілзала салдарынан Жалал-Абад және Талас облыстарындағы бірнеше ауылда үйлер мен нысандарға зиян келді. Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше, алты үйдің, төрт мектептің, бір балабақша мен екі фельдшерлік пункттің қабырғасында жарықтар пайда болған.
Азаматтық қорғаныс қызметі мен ТЖМ мамандары шығын көлемін анықтау жұмысын жалғастыруда.
Айта кетейік, жер сілкінісі 6 қазан күні Қырғызстанның оңтүстігінде тіркелген. Сейсмология институтының хабарлауынша, зілзала ошағы Талас жотасында орналасқан.
Иранда әйелдерге хиджабсыз жүруге рұқсат етілді

Көп жылдар бойы қоғамда дау туғызып, жаппай наразылықтарға себеп болған хиджаб тағу міндеттілігіне қатысты Иранда маңызды өзгеріс енгізілді. Ұзақ жылдарға созылған күрестен кейін билік хиджаб жөніндегі қатаң талаптарды жеңілдетті. Иранның Мақсаттылық кеңесінің мүшесі Мұхаммадреза Бахонардың мәлімдеуінше, енді әйелдерге хиджабты міндетті түрде тағу талабы алынып тасталды.
Оның айтуынша, хиджаб кимеген әйелдерге айыппұл, жаза немесе басқа да құқықтық шектеулер қолданылмайды.
Бұл шешімнен кейін ел көшелерінде және қоғамдық орындарда еркін киінген әйелдердің көбейгені байқалды.
Қаулы қабылданған соң әлеуметтік желілерде хиджабсыз жүрген әйелдердің видеолары жылдам тарап, қоғамда кеңінен талқылануда.
Айта кетсек, 2022 жылы 22 жастағы Махса Аминидің қаза табуы Иранда ауқымды наразылықтарға түрткі болған еді. Ол бас киімін дұрыс кимегені үшін полиция ұстаған соң көз жұмған.
Сол оқиғалар кезінде көптеген әйел бас киімдерін шешіп, кейбірі тіпті оларды өртеген болатын. Репрессиялар салдарынан 550-ден астам адам қаза тауып, мыңдаған адам тұтқындалған.
Бұған дейін де Тегеранда Азад Ислам университетінің студенті хиджабты дұрыс кимегені үшін қысымға ұшырап, наразылық белгісі ретінде көшеде іш киіміне дейін шешіп тастаған еді.