Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әлемде: Папа мен Зеленский кездесуі, Трамптың салық жоспары, Франциядағы алапат өрт

10 Шілде 2025, 10:46
595
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

Папа мен Зеленский кездесті

Сәуірде тағайындалған папа Лео XIV 2025 жылғы 9 шілдеде Италиядағы Кастель Гандольфода (Рим маңы) Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті.

Кездесу барысында олар әскери қақтығысты тоқтату үшін бейбіт келіссөздерді бастау жолдарын талқылады. Папа Ватиканның бейтарап алаң ретінде қолайлы екенін тағы бір мәрте атап өтті.

Әлемде: Папа мен Зеленский кездесуі, Трамптың салық жоспары, Франциядағы алапат өрт
ANSA агенттігі

Израиль мен ХАМАС атысты тоқтату жөнінде келісімге жақындап келеді

Израиль билігі мен палестиналық ХАМАС қозғалысы Газа секторындағы қарулы қақтығысты тоқтату және анклав аумағында кепілдікте отырған азаматтарды босату жөнінде келісімге келу бағытында алға жылжып жатыр. Бұл жөнінде Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мәлімдеді, деп хабарлайды ресейлік ТАСС агенттігі.

Менің ойымша, біз келісімге қол жеткізуге жақынбыз. Қазіргі сәтте келісімді бекітуге шынайы мүмкіндік туып отыр, – деді Нетаньяху Fox Business телеарнасына берген сұхбатында.

Трамп АҚШ-қа импортталатын мыс пен дәрі-дәрмекке жоғары салық салмақ

Дональд Трамп АҚШ-қа әкелінетін мысқа 50% баж салығын енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы CNN хабарлады. Ақпан айында ол ұлттық қауіпсіздік негізінде тексеру жүргізуді тапсырған болатын. Мыс - электроника, техника мен көлік өндірісінде маңызды шикізат, ал салықтың өсуі тауар бағасына әсер етуі мүмкін. Өткен жылы АҚШ-қа 17 млрд доллардың мысы импортталған. Мәлімдемеден кейін Нью-Йоркте мыс бағасы 15% өсіп, фунты $5,68-ге жетті.

Сондай-ақ Трамп дәрі-дәрмек импортына 200% салық енгізілетінін айтты. Бірақ кейбір компанияларды елге тарту үшін бұл шешім кейінге қалуы мүмкін. Бұған дейін әкімшілік фармацевтикалық өнімдер импортына тексеру бастаған еді. Президент медициналық өнімдердің ішкі өндірісін арттыруды көздейді. Кейбір компаниялар АҚШ-тағы өндірістерін кеңейтетіндерін хабарлады, бірақ олардың бірқатары бұл жұмысты Трамп келмей тұрып бастаған.

Әлемде: Папа мен Зеленский кездесуі, Трамптың салық жоспары, Франциядағы алапат өрт
Ақ үйдің Facebook парақшасынан

Франциядағы өрттен 110 адам зардап шекті

Францияның оңтүстігінде, Марсель маңында болған орман өрті салдарынан 110 адам жеңіл жарақат алды. Өрт А552 автомагистралінде тұтанып, ыстық пен құрғақ шөптің әсерінен Марсельдің солтүстігіне жайылды. 700-ден астам өрт сөндіруші жұмылдырылды.

Қою түтін Фоке қаласына жетіп, тұрғындарға көшеге шықпау ескертілді. Буш-дю-Рон префектурасы үйдегі есік-терезелерді жауып, тесіктерді сулы шүберекпен бітеп тастауға кеңес берді.

Өрт 700 гектардан астам аумақты шарпыды, кемінде 70 үй зақымданып, 10-ы толығымен жойылды. Әзірге адам өлімі тіркелмеді. Марсель мэрі өрттің бәсеңдеп жатқанын, бірақ жаңа ошақтардың пайда болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Әлемде: Папа мен Зеленский кездесуі, Трамптың салық жоспары, Франциядағы алапат өрт

Шілде Батыс Еуропа тарихындағы ең ыстық ай болды

2025 жылғы шілде Батыс Еуропа тарихындағы ең ыстық ай болды. Еуропалық Copernicus қызметінің дерегінше, маусым айының ортасы мен соңында Батыс және Оңтүстік Еуропада екі қуатты ыстық толқыны тіркелді. Біріншісі 17–22 маусымда, екіншісі 30 маусым мен 2 шілде аралығында өтті. Екінші толқын кезінде температура Испания мен Португалияда 46°C-қа жетті.

30 маусым мен 1 шілдеде орташа тәулік температурасы 24,9°C болды — бұл маусым айы үшін рекорд. Жалпы, 17 маусымнан 2 шілдеге дейінгі кезеңде тіркелген температура 1979 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішке жетті.

2025 жылғы маусымның орташа температурасы — 20,49°C, бұл 1991–2020 жылдар аралығындағы қалыптыдан 2,81°C жоғары. Бұл көрсеткіш 2003 жылғы рекордтан да асып түсті.

Әлемде: Папа мен Зеленский кездесуі, Трамптың салық жоспары, Франциядағы алапат өрт
Өзгелердің жаңалығы