Әлемде: Израиль – ХАМАС келісімі, Өзбекстандағы ЖИ реформасы және Филиппиндегі цунами қаупі – соңғы тәуліктегі ең өзекті әлем жаңалықтары, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Израиль мен ХАМАС арасында тұтқындармен алмасу мен атысты тоқтату келісімі бекітілді
Израиль мен ХАМАС алғашқы кезеңдегі атысты тоқтату және тұтқындарды қайтару келісіміне келді.
Атап айтқанда, келісім жасалған жағдайда Израиль 2000‑дай Палестина тұтқындарын босатса, ХАМАС 20 тірі және 28 мәйіт күйінде тұтқыны бар израильдіктерді қайтаруы тиіс.
Бұл гуманитарлық көмекті жеңілдету мен тұрақтылыққа қадам бола алады, бірақ аймақтық шиеленістер мен сынақтар әлі де жалғасуы мүмкін
Трамп Газа келісіміне қол қою үшін Мысырға баратынын жариялады
АҚШ президенті Дональд Трамп ХАМАС пен Израиль арасындағы атысты тоқтату келісіміне ресми қол қою үшін Мысырға баруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Бұл туралы америкалық көшбасшы бейсенбі, 9 қазанда Ақ үйде министрлер кабинетінің отырысында мәлімдеді, деп жазды NBC News арнасы.
Мен сонда баруға тырысамын. Біз оған жетуге тырысамыз, қазір нақты уақыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз, - деді ол.
Трамп Газадан кепілге алынғандарды дүйсенбі немесе сейсенбіде қайтару жоспарланғанын қосты.
Кеше түнде біз Таяу Шығыста тарихи серпіліске қол жеткіздік – көпшілік мүмкін емес деп ойлаған нәрсе. Біз Газадағы соғысты аяқтадық... Біз қалған барлық кепілге алынғандарды босатуды қамтамасыз еттік, - деп Ақ үйдің X әлеуметтік медиа платформасындағы ресми аккаунтында президенттің сөзі келтіріледі.
Алдыңғы күні америкалық көшбасшы жексенбі күні Израильге баруы мүмкін екенін мәлімдеп, сапардың нақты уақыты анықталып жатқанын атап өтті.
Еске сала кетейік, Трамп бұған дейін Израиль мен Хамас бейбітшілік жоспарының бірінші кезеңі аясында келісімдерге қол қойғанын хабарлаған болатын.
Қозғалыс өкілдері Газа секторындағы соғысты тоқтатып, Израиль әскерлерінің шығарылуын қамтамасыз ететін қол жеткізілген келісімді растады. Олар Ақ үй мен Газа келісімінің кепілі елдерді Израильді оның орындалуын қамтамасыз етуге шақырды. Топ сонымен қатар Трампқа қақтығысты тоқтатуға күш салғаны үшін алғыс білдірді.
Израильдік БАҚ-тың хабарлауынша, ХАМАС-тың кепілге алынғандары сенбі, қазанның 11-і күні босатылады деп күтілген.
Филиппинде 7,4 балдық жер сілкінісі болды – цунами қауіпі бар
10 қазанда Филиппин аралдарындағы Минданао өңірінде қуаты 7,4 балдық жер сілкінісі болды.

Reuters Еуропа және Жерторта теңізі сейсмологиялық орталығының (EMSC) мәліметінше, жерасты дүмпуінің ошағы 58 км тереңдікте орналасқан.
Бұл уақытта, АҚШ-та цунамиді ескерту жүйесі цунами қаупі туралы жариялап үлгерді. Ол жер сілкінісі ошағынан 300 км жерге жайылуы мүмкін.
Филиппинде жер сілкінісі жиі болып тұрады. Өйткені архипелаг бірнеше тектоникалық тақталардың түйіскен тұсында орналасқан. Жер астындағы тақталардың үйкелісі үнемі жерасты дүмпулерін туғызып тұрады.
Өзбекстан екі мыңнан астам шенеунікті қысқартады, оларды ЖИ алмастырады
Цифрландыру және жасанды интеллектті (ЖИ) дамыту нәтижесінде 2025 жылдың 1 қарашасына дейін елде 2141 мемлекеттік қызметші қысқартылады.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің қол қойған тиісті жарлығы ұлттық заңнама базасында жарияланды.
Құжатқа сәйкес, өзгерістер әртүрлі ведомстволарды қамтиды:
Ең көп қысқарту Мемлекеттік салық комитетінде – 498 қызмет орны;
Су шаруашылығы министрлігінде – 224;
Ауыл шаруашылығы министрлігінде – 200;
Әділет министрлігінде – 197;
Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігінде – 176;
Жұмыспен қамту және кедейлікті азайту министрлігінде – 163 қызмет орны.
Мақсат – цифрландыру арқылы республикалық атқарушы органдарға жүктелген міндеттер мен функцияларды оңтайландырып, басқарушылық штат санын азайту, – деп жазылған құжатта.