BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.
Иранда ұлттық валютаның құнсыздануына қарсы наразылықтар әлі тоқтамады
Иранда инфляция мен ұлттық валютаның рекордтық деңгейде құнсыздануына байланысты басталған наразылықтар үшінші күнге ұласты. Алғашында Тегерандағы ірі базар саудагерлерінің ереуілімен басталған акциялар елдің бірнеше қаласына тарады.

BBC Persian дерегінше, наразылықтар Карадж, Исфахан, Шираз, Йезд, Керманшах және басқа да қалаларда өтті. Кей жерлерде полиция демонстранттарды тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданған. Акцияларға университет студенттері де қосылып, билікке қарсы ұрандар айтылды.
Иран президенті Масуд Пезешкиан наразылықтарды мойындап, ішкі істер министріне ереуілшілер өкілдерімен келіссөз жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ ол Орталық банк басшысы Мұхаммедареза Фарзиннің отставкасын қабылдап, оның орнына бұрынғы экономика министрі Абдолнасер Хемматиді тағайындады.
АҚШ Мемлекеттік департаменті наразылық білдірушілерге қолдау білдірсе, елден тыс жүрген Реза Пехлеви де шерушілерге үндеу жолдады. Билік өкілдері кез келген арандатушылыққа қатаң жауап берілетінін ескертті.
Йеменде үш айға төтенше жағдай жарияланды
Йемен Президенттік басшылық кеңесінің төрағасы Рашад Мұхаммед әл-Алими сейсенбі күні мемлекеттік қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету қажеттігін алға тартып, бүкіл ел аумағында 90 күн мерзімге төтенше жағдай жариялады.

Мемлекеттік Saba ақпарат агенттігі таратқан ресми мәлімдемеге сәйкес, бұл шешім елдегі барлық порттар мен шекаралық өткелдерде әуе, теңіз және құрлық арқылы қатынасты қамтитын 72 сағаттық эмбарго енгізуді көздейді. Эмбарго дереу күшіне енеді.
Сондай-ақ әл-Алими Біріккен Араб Әмірліктерімен (БАӘ) жасалған қауіпсіздік жөніндегі келісім күшін жойды. Бұл шешім БАӘ қолдайтын Оңтүстік өтпелі кеңестің Хадрамаут пен Әл-Махра провинцияларындағы елеулі аумақтарды басып алуынан кейін қабылданған.
Ол екі провинциядан әскерді 24 сағат ішінде шығару жөнінде бұйрық берді.
Зеленский: АҚШ әскерлерін Украинаға орналастыру мәселесі талқылануда
Киев билігі АҚШ президенті Дональд Трамппен Украинада американдық әскерлерді орналастыру мәселесін талқылауда. Мұндай мәлімдемені Украина президенті Владимир Зеленский жасады, деп жазады ТАСС агенттігі.

Бұл АҚШ әскерлері, сондықтан шешімді Америка қабылдайды. Әрине, біз мұны президент Трамппен және «ниет білдірушілер коалициясының» өкілдерімен талқылаймыз. Біз мұны қалаймыз. Мұндай шешім қауіпсіздік кепілдіктерінде күшті позиция болар еді, - деді Зеленский WhatsApp-тағы кеңсесінің чатында журналистердің сұрағына жауап беру барысында.
Ол бұл мәлімдемені Польша премьер-министрі Дональд Тусканың АҚШ-тың әскерлерін Украинаға орналастыруға дайын екендігі туралы сөздеріне қатысты түсіндіріп өтті.
Батыс елдерінің әскери қызметшілерін Украинаға орналастыру тақырыбы алғаш рет 18 тамызда Вашингтонда Зеленский мен Трамп кездескеннен кейін қайтадан белсенді көтерілген болатын.