BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.
Трамп Иранға «тозақ орнатуға» уәде берді
whitehouse.gov
АҚШ президенті Дональд Трамп егер Иран Таяу Шығыстағы қақтығысты реттеу бойынша мәмілеге келіспесе, бұл елге «тозақ орнатуға» дайын. Бұл туралы сәрсенбі күні өткен брифингте Ақ үйдің өкілі Кэролайн Левитт мәлімдеді.
Егер Иран шынайылықты қабылдай алмаса, өзінің жеңілгенін және бұдан былай да жеңіліске ұшырай беретінін түсінбесе, онда президент Трамп оған бұрын-соңды болмаған жойқын соққы берілуін қадағалайды. Президент Трамп құр босқа айтып тұрған жоқ (блеф жасамайды) және нағыз «тозақ орнатуға» дайын. Иран бұл жолы да қателеспеуі тиіс, - деп мәлімдеді Левитт.
Левитттің айтуынша, Иранның мемлекеттік БАҚ-тары Тегеран Вашингтонның соғысты тоқтату туралы жоспарын қабылдамады деп хабарлағанына қарамастан, Америка Құрама Штаттары мен Иран келіссөздерді жалғастырып жатыр.
Келіссөздер жүріп жатыр. Олар нәтижелі, - деді ол.
Сондай-ақ, ол БАҚ-та тараған АҚШ-тың 15 тармақтан тұратын жоспары туралы мәліметтерде «шындыққа жанасатын элементтер» бар екенін айтты.
Өз кезегінде Иран Сыртқы істер министрі АҚШ-тың ұсыныстары қаралып жатқанын, бірақ «делдалдар арқылы хабарлама алмасу келіссөз жүргізу дегенді білдірмейтінін» мәлімдеді.
Аббас Аракчи Ислам Республикасы «соғысты өз шарттарымен аяқтағысы келетіндіктен», «қарсылықты жалғастыра беретінін» атап өтті.
Тегеран бес елдің кемелеріне Ормуз бұғазы арқылы өтуге рұқсат берді
freepik.com
Тегеран достас елдердің кемелеріне бұғатталған Ормуз бұғазы арқылы өтуге рұқсат берді. Бұл туралы Иран СІМ басшысы Аббас Аракчи мәлімдеді.
Біз өзіміз достас деп санайтын бірнеше елге, атап айтқанда Ресей, Үндістан, Ирак, Қытай және Пәкістанға Ормуз бұғазы арқылы өтуге рұқсат бердік. Қарсыластарымыздың бұғазды пайдалануына жол берудің еш қисыны жоқ, - деп келтіреді оның сөзін «Аль-Алям» телеарнасы.
Аракчидің айтуынша, Ормуз бұғазы арқылы өтуге тек Тегеранның қарсыластары саналатын АҚШ пен Израиль кемелеріне ғана тыйым салынған.
Жау тарап басқа мемлекеттердің көмегімен бұғазды бұғаттан шығаруға тырысты, бірақ одан ештеңе шықпады. Бұғаз тек жау елдердің кемелері үшін жабық, - деді министр.
Бұған дейін Bloomberg агенттігі өз дереккөздеріне сүйене отырып, Иранның мақұлданған тасымалдаушылар үшін бұғаз арқылы өтуді ақылы негізде белгілегенін жазған болатын.
Сондай-ақ агенттік транзитті мақұлдау жүйесі іске қосылатыны туралы да хабарлаған еді.
Пентагон Таяу Шығысқа екі мың десантшы жіберіп жатыр
depositphotos.com
Пентагон Таяу Шығысқа АҚШ Құрлық әскерлері 82-ші әуе-десанттық дивизиясының екі мыңға жуық әскери қызметшісін аттандырып жатыр.
Десантшылардың Таяу Шығыстың нақты қай жеріне жіберілетіні әзірге нақтыланбаған, бірақ олардың орналасу орны Иранға соққы жасау мүмкіндігі жететін аймақта болады. Олар Иранның Парсы шығанағының солтүстік бөлігіндегі мұнай экспортының басты орталықтарының бірі - Харк аралын басып алу үшін де қолданылуы мүмкін екені жоққа шығарылмайды.
«NYT (New York Times) десантшылардың қайта орналастырылуын шиеленістің жаңа кезеңі, эскалация деп сипаттайды.
Сонымен қатар, кеше ғана АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның Тегеранмен «қазір келіссөздер жүргізіп жатқанын» және Иран ядролық қару жасаудан бас тартуға келіскенін мәлімдеген болатын.
Бұқаралық ақпарат құралдары дереккөздерге сілтеме жасап, АҚШ делдалдар арқылы Иранға соғысты тоқтату жоспарын бергенін де хабарлады.
Associated Press агенттігінің мәліметінше, жоспар санкцияларды жеңілдетуді, азаматтық ядролық энергетика саласындағы ынтымақтастықты, Иранның ядролық бағдарламасын тоқтатуды және зымырандық қару-жараққа шектеу қоюды қарастырады.