BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.
Нетаньяху Иранның әрекеттерін қатаң бақылауда ұстайтынын айтты
ТАСС агенттігінің мәліметінше, Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху Иранның Израильге қарсы кез келген әрекеті қатал жауапқа ұшырайтынын айтты. Бұл мәлімдемені ол Иерусалимдегі үшжақты кездесуден кейін Греция премьері Кириакос Мицотакиспен және Кипр президенті Никос Кристодулидиспен бірлескен баспасөз мәслихатында жасады.
.png)
Біз Иранның соңғы уақытта жаттығу жасап жатқанын білеміз және мұны мұқият бақылауда ұстаймыз. Израильге қарсы кез келген әрекет өте қатал жауапқа әкеп соқтырады, - деді Нетаньяху.
Ол Израильдің 2025 жылғы маусымдағы Иранмен «он екі күндік соғыста» жеткен жетістіктерін атап өтіп, Иранның уран байыту және прокси соғыстарды жүргізу жоспары өзгермегенін айтты.
Трамп: Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер қалыпты жүріп жатыр
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей Федерациясы мен Украина арасындағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөздер қалыпты жағдайда өтіп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Флорида штатындағы Мар-а-Лаго резиденциясында журналистерге айтты.

Украина мен Ресей бойынша келіссөздер жалғасуда. Біз келіссөздер жүргізіп жатырмыз, және олар жақсы жүріп жатыр, – деді Трамп.
Оның айтуынша, соңғы күндері өткен консультациялар аясында Майамиде Ресей президентінің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев АҚШ-тың арнайы өкілі Стивен Уиткоффпен және Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнермен кездескен.
Трамп қақтығыстың аяқталуына үміт білдіріп, «барлығы соғыстан шаршады, ол тоқтауы керек» деп атап өтті.
Ресей президенті Владимир Путинмен немесе Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесу жоспары бар-жоғы туралы сұраққа ол: «Мен қажет болғанның бәрін жасаймын, бастысы – соғыстың тоқтауы», – деп жауап берді.
Лаоста Меконг өзенінде паром апатқа ұшырады: із-түзсіз жоғалғандар бар
.png)
Лаоста Меконг өзенінде туристер мінген жолаушылар паромы аударылып, салдарынан дүрбелең мен абыржу орын алды. Бортта 140-тан астам адам болған, олардың басым бөлігі – шетелдік туристер. Алдын ала мәлімет бойынша, үш адам із-түзсіз жоғалған.
ВВС мәліметінше, апат өткен бейсенбі күні Хуайсай қаласынан Луанг Прабангқа бағыт алған паромның су астындағы жартастарға соғылуынан болған. Бірнеше минут ішінде кеме суға бата бастаған.
Куәгерлердің айтуынша, паромда құтқару жилеттері өте аз болған – шамамен 15 дана ғана. Жолаушылар көмек сұрап айқайлап, балалар жылаған. Кейбір адамдар өтіп бара жатқан кемелерге жүзіп жетуге мәжбүр болған.
Құтқару операциясы кезінде екінші паром тоқтап, адамдарды қабылдаған. Алайда құтқару сәтінде салмақтың бір жаққа ауысуы жағдайды одан әрі қиындатқан.
Лаос бұқаралық ақпарат құралдары кейінірек әйел адамның мәйіті табылғанын хабарлады. Қазіргі уақытта оның екі баласын іздеу жұмыстары жалғасуда.