BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.
Гонконгта ұшақ көлікпен соқтығысып, теңізге құлады
Гонконг халықаралық әуежайында жүк ұшағы ұшу-қону жолағынан шығып, теңізге құлағаннан кейін екі адам көз жұмды. Гонконгтың Азаматтық авиация департаментінің (CAD) хабарлауынша, апат әуежай аумағында болған. БАӘ-ден келген Boeing ұшағы бағытын өзгерту кезінде ұшу-қону жолағында тұрған автокөлікке соғылған.

Полиция мәліметінше, көлікте болған әуежайдың екі жерүсті қызметкері оқиға орнында қаза тапқан. Ұшақ бортында болған төрт экипаж мүшесі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Апаттан кейін дүйсенбі күні әуежайдың солтүстік ұшу-қону жолағы уақытша жабылды, ал қалған екі жолақ жұмысын жалғастырды.
Ұшақ техникалық қызмет көрсетумен бірге жалға алынған және түрік ACT Airlines компаниясына тиесілі. Апат кезінде ұшақта жүк болмаған.
Гонконг халықаралық әуежайы — әлемдегі ең қарбалас әуе айлақтарының бірі. Аралда орналасқанына қарамастан, мұнда адам өліміне әкелген әуе апаттары өте сирек тіркеледі.
Дональд Трамп: Колумбияға берілетін қаржылай көмекті тоқтатамын

АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social-дегі жазбасында Колумбияға берілетін барлық төлемдер мен субсидияларды тоқтатып тастайтынын жариялады. Ол Колумбия президенті Густаво Петроны есірткі саудасын қолдап отыр деп айыптады.
Трамптың сөзінше, "қазір бұл Колумбиядағы ең ірі бизнес түрі.
Петро АҚШ тарапынан жасалып жатқан ауқымды төлемдер мен субсидияларға қарамастан, оны тоқтатуға ешқандай әрекет жасаған жоқ. Бұл АҚШ-ты ұзақ уақыт тонаумен тең" Сондықтан бүгіннен бастап Колумбия ешқандай қаржы немесе субсидия алмайды, - деп жазды ол.
АҚШ президенті тыйым салынған заттар Колумбияда өндіріледі де, одан әрі АҚШ нарығына шығарылады деп мәлімдеді. Бұл адам өлімі мен хаос тудыратынын еске салды.
Трамп егер Колумбия билігі осындай плантацияларды жоймаса, "біз өзіміз жоямыз" деп ескерткен.
АҚШ пен Израиль Трампты Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынбақ

АҚШ Конгресі мен Израиль Кнессетінің депутаттары бұрынғы АҚШ президенті Дональд Трампты 2026 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсыну бастамасын қолға алды.
АҚШ Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон Трамптың бұл сыйлыққа лайық екенін айтып, әріптестерімен бірге халықаралық деңгейде қол жинап жатқанын мәлімдеді.
Менің ойымша, ол (Трамп) Нобель бейбітшілік сыйлығына әбден лайық. Кнессет спикері Амир Оханамен бірге біз әлемнің түрлі елдеріндегі парламент басшыларынан қолдау жинау ісін бастадық. Бұл сыйлыққа бұдан артық лайық адам жоқ, - деді Джонсон.
Бастамаға Израиль парламентінің төрағасы Амир Охана да қосылды. Екі ел өкілдері Трамптың әлемдік саясаттағы бітімгерлік қадамдарын, соның ішінде оның президенттік кезеңінде АҚШ делдалдығымен жасалған Таяу Шығыстағы "Авраам келісімдерін" ерекше атап өтті.
Айта кетсек, Нобель комитеті 2025 жылғы бейбітшілік сыйлығын Венесуэла парламентінің оппозициялық бұрынғы депутаты Мария Корина Мачадоға беру туралы шешім қабылдаған еді.
Осы жаңалықтан кейін Дональд Трамп әзіл-шыны аралас түрде "Мүмкін, 2026 жылы Нобель сыйлығын алатын шығармын" деп мәлімдеген.