BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын назарларыңызға ұсынады.
Сауда соғысы шиеленісуде: Трамп жаңа тарифтер енгізуді уәде етті

BBC агенттігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, АҚШ президенті Дональд Трамп болат пен алюминий импортына қосымша тарифтер енгізетінін мәлімдеді. Бұл қадамға жауап ретінде Еуропалық Одақ (ЕО) пен Канада қарсы шаралар қабылдады.
Трамп қарымта әрекетке "міндетті түрде" жауап қайтаратынын айтып, келесі айда бүкіл әлем елдеріне "жауап тарифтері" енгізілетіні туралы ескертуін тағы да қайталады.
Олар бізді не нәрсеге айыптаса, біз де оларды соған айыптаймыз, - деді ол.
Бұл мәлімдеме АҚШ пен оның негізгі сауда серіктестері арасындағы сауда соғысының одан әрі ушығуына алып келді. Қаржы нарықтары экономикалық әсері мен әлемдік тұтынушыларға тигізетін салдарына байланысты алаңдаушылық білдірді.
Сәрсенбі күні Трамп АҚШ-тың болат пен алюминий импортына тарифтерін кеңейту жоспарын жариялады. Ол 25% мөлшерінде жалпы тариф енгізіп, бұған дейін кейбір елдер үшін жасалған жеңілдіктерді алып тастады.
Бұл шешім осы айдың басында АҚШ-қа Қытайдан келетін импортқа салынатын тарифті кемінде 20%-ға дейін көтеру туралы жарлықтан кейін қабылданды.
Трамп сондай-ақ мыс, ағаш материалдары және автокөліктер сияқты нақты тауарларға да тариф енгізетінін ескертті.
Канада мен Еуропа елдерінің басшылары металлға салынған жаңа тарифтерді "негізсіз" деп атап, АҚШ-тан әкелінетін бірқатар тауарларға қарсы өз тарифтерін енгізетінін мәлімдеді.
Металлдың негізгі жеткізушілері болып саналатын Ұлыбритания, Австралия, Мексика және Бразилия сынды елдер әзірге қарсы шаралар қабылдаудан бас тартты.
Басқа елдер сияқты біз де болат пен алюминийге салынған әлемдік тарифтерге көңіліміз толмайды, бірақ біз прагматикалық тәсіл ұстанамыз, - деді Ұлыбритания премьер-министрі сэр Кир Стармер.
Ол тарифтерге қатысты келісім бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Біз тарифтерді қамтитын келісім бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Егер табысқа жетсек, бұл мәселені шешеміз. Бірақ барлық нұсқа қарастырылатын болады, - деп толықтырды ол.
Германия барлау қызметі: COVID-19 пандемиясы Қытайдағы зертханадан вирус таралуынан пайда болған
.jpeg)
Германия үкіметі BND (Германияның сыртқы барлау қызметі) барлау қызметінің SARS-CoV-2 вирусының шығу тегі туралы қорытындыларын құпия сақтағаны үшін сынға ұшырады, деп хабарлады Deutsche Welle ақпарат агенттігі.
COVID-19 пандемиясы, шамасы, Қытайдың Ухань қаласындағы зертханадан SARS-CoV-2 вирусының таралуынан басталған. Мұндай қорытындыға Германияның сыртқы барлау қызметі BND 2020 жылы келген, деп жазады Süddeutsche Zeitung және Zeit басылымдары 12 наурызда.
Басылым мәліметінше, бұл тергеуді жүргізуді федералды канцлер ведомствосы арнайы қызметке тапсырған және кейіннен дәл осы ведомство алынған ақпаратты құпиялаған.
BND талдауы ашық дереккөздерге, әсіресе арнайы қызметтің "Saaremaa" деген кодтық атаумен жүргізген операциясы барысында жиналған материалдарға сүйенеді. Онда Қытайдың ғылыми-зерттеу институттарынан, соның ішінде Ухань вирусология институтынан алынған ғылыми мәліметтер бар. Бұл материалдарда табиғи вирустарды жасанды түрде модификациялайтын қауіпті эксперименттер жүргізілгені туралы дәлелдер ғана емес, сондай-ақ зертханаларда қауіпсіздік ережелерін бірнеше рет бұзу фактілері де көрсетілген.
Журналистердің мәліметінше, Ангела Меркель Германия үкіметін басқарған кезде BND басшысы Бруно Каль канцлер ведомствосын SARS-CoV-2 вирусының шығу тегін тексеру операциялары туралы жеке өзі хабардар еткен.

Süddeutsche Zeitung және Zeit мәліметінше, осы есептерде вирустың зертханадан шығу ықтималдығы 80-95% деп бағаланған. Алайда, канцлер ведомствосы бұл ақпаратты жарияламауды жөн көрген.
ХАМАС Трамптың Газадан халықты жаппай көшіру жоспарын тоқтатуын құптады

Al Jazeera агенттігінің мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамп "палестиналықтарды Газадан ешкім қуып шықпайды" деп мәлімдеп, соғыс өртіне оранған аймақтан халықты көшіру туралы бұған дейінгі пікірінен бас тартты.
ХАМАС өкілі Хазем Касем АҚШ президенті Дональд Трамптың Газадан екі миллионнан астам палестиналықты тұрақты түрде көшіру туралы ұсынысынан бас тартуын оң бағалады.
ХАМАС өкілінің бұл мәлімдемесі Трамптың сәрсенбі күні Ирландия премьер-министрі Майкл Мартинмен Ақ үйдегі кездесуінде "палестиналықтарды Газадан ешкім қумайды" деп айтқан сөзінен кейін жарияланды.
Егер АҚШ президенті Трамптың мәлімдемесі Газадан халықты көшіру идеясынан бас тартуды білдірсе, біз оны құптаймыз, - деді Касем мәлімдемесінде.
Ол сондай-ақ, "бұл ұстанымды нығайтып, Израиль оккупациясын атысты тоқтату келісімдерінің барлық шарттарын орындауға міндеттеуге" шақырды.
Өткен айда Трамптың Газаны АҚШ бақылауына алу және соғыс жүріп жатқан аймақтың палестиналық халқын көршілес елдерге біржола көшіру туралы ұсынысы Таяу Шығыста және әлемнің басқа бөліктерінде үлкен резонанс тудырған еді.