Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әлемде: Газадағы шабуыл, Венесуэла-АҚШ текетіресі, Трамп пен Си келісімі, Конгодағы вирус

16 Қыркүйек 2025, 10:46
564
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

Израиль Газаға қарсы ірі шабуыл бастады

Израиль армиясы Газаға қарсы шабуылға кірісті. Израиль Әуе күштері Газаға массалы авиациялық соққылар жасады, содан кейін қалаға Израиль танктері кірді. Шабуыл басталған соң 20 минут ішінде Газаға 37 соққы жасалған.

Әлемде: Газадағы шабуыл, Венесуэла-АҚШ текетіресі, Трамп пен Си келісімі, Конгодағы вирус
Anadolu Ajansı

Дегенмен, Израильдің қорғаныс басшылары мен барлау қызметтері премьер-министр Нетаньяхуға операцияны тоқтатуды ұсынған. Олар шабуыл тұтқындардың өміріне қауіп төндіріп, ЦАХАЛ-ға ауыр шығын келтіруі мүмкін екенін, сондай-ақ ХАМАС-ты толық жоюға кедергі болатынын ескертті.

Бұған дейін Нетаньяху Газаның тұрғындарын қаладан кетуге шақырған еді. Ол 21 тамызда Газаны бақылауға алу және ХАМАС-ты талқандау жоспарын бекітті. Операция 2026 жылға дейін жалғасып, оған 130 мың резервист қатысады деп хабарланды.

Мысыр мен Қатар сияқты елдер Израильдің жоспарын сынап, 60 күндік бітім туралы ұсыныс жасаған. Келісімге сәйкес, 2023 жылғы 7 қазанда ұсталған тұтқындардың жартысы босатылып, палестиналық тұтқындармен айырбасталады. ХАМАС бұл ұсынысты қолдаған, бірақ Тель-Авив әлі жауап бермеген.

Николас Мадуро АҚШ-ты сынға алды

Әлемде: Газадағы шабуыл, Венесуэла-АҚШ текетіресі, Трамп пен Си келісімі, Конгодағы вирус
Anadolu Agency

Венесуэла президенті Николас Мадуро АҚШ-ты елге қарсы агрессия жасады деп айыптады. Ол бұл оқиғаларды АҚШ-тың барлық бағыттағы — құқықтық, саяси, дипломатиялық және әскери агрессиясы деп сипаттады.

АҚШ-тың Дональд Трамп әкімшілігі Кариб теңізінің оңтүстігінде есірткіге қарсы әскери операцияларын күшейтіп, 2 қыркүйекте Венесуэлаға тиесілі кемені нысанаға алып, 11 адамды өлтірген еді. Мадуро бұл әрекетті "қылмыстық шабуыл" деп атады.

Ол АҚШ-пен байланыс үзілгенін, тек Венесуэлалықтарды АҚШ-тан қайтару үшін шектеулі байланыс қалғанын айтты. Сондай-ақ, Венесуэла үкіметі есірткіге қарсы күресте мыңдаған әскери жұмылдырып, қаза болғандардың ешқайсысы елдегі қылмыстық топтарға қатысы жоқ екенін жеткізді.

Трамп әкімшілігі Венесуэла оппозициясын қолдап, олар өткен жылғы сайлауда жеңіске жеткенін айтады. Ал соңғы уақытта АҚШ әскери кемесі Венесуэла балық аулау кемесін заңсыз тоқтатып, тексергені хабарланды.

Дүйсенбіде Трамп әлеуметтік желіде АҚШ Қарулы күштері халықаралық суда есірткі тасымалдайтын террористерге тағы соққы бергенін мәлімдеді. Шабуылда үш адам қаза тауып, америкалықтар зардап шекпеген.

Трамп пен Си келісімі

Әлемде: Газадағы шабуыл, Венесуэла-АҚШ текетіресі, Трамп пен Си келісімі, Конгодағы вирус
Reuters

АҚШ-тың президенті Дональд Трамп Қытай басшысы Си Цзиньпинмен 19 қыркүйек күні келіссөз өткізуді жоспарлап отыр. Бұл жайлы ол өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.

"Жұма күні Си Төрағамен сөйлесемін. Екі ел арасындағы қарым-қатынас өте мықты!" – деп жазды америкалық саясаткер.

Трамптың айтуынша, Құрама Штаттар мен Қытай жастарының қызығушылығын тудыратын белгілі бір компания жөнінде келісімге келген.

Бұған дейін ол TikTok компаниясының АҚШ-тағы қызметі жайлы келіссөздер әлі де жалғасып жатқанын, әрі оның нәтижесі Қытай тарапына байланысты болатынын мәлімдеген болатын.

Конгода Эболаға қарсы вакцинация басталды — ДДСҰ

Әлемде: Газадағы шабуыл, Венесуэла-АҚШ текетіресі, Трамп пен Си келісімі, Конгодағы вирус
BAQ.KZ

Конго Демократиялық Республикасының Касаи провинциясындағы Булапе аймағында Эболаға қарсы вакцинация басталды. Бұл жерде аурудың жаңа ошағы қыркүйек айының басында анықталған.

Вакцинация науқаны вирус жұқтырғандармен байланыста болған адамдар мен медицина қызметкерлеріне бағытталған. Алғашқы 400 доза Ervebo вакцинасы жеткізілді, алдағы күндері тағы 45 мың доза күтілуде.

Індеттің ошағы Чикапа қаласына жақын орналасқан. Елде 68 күдікті жағдай тіркеліп, 16 адам қайтыс болған. ДДСҰ 25 жағдайды растады. Булапе мен Чикапа арасындағы халық қозғалысы вирус таралу қаупін арттырып отыр.

Бұл Конгода тіркелген Эболаның 16-шы ошағы. Касаи провинциясында бұған дейін 2007 және 2008 жылдары да індет тараған болатын.

Өзгелердің жаңалығы