BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын назарларыңызға ұсынады.
Ұлыбритания Украинада бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін "ниеттілер коалициясын" құратынын мәлімдеді

Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер Украинамен ынтымақтастық орнату мақсатында соғысты тоқтатып, елді Ресейден қорғау үшін төрт тармақтан тұратын жоспар ұсынды, деп хабарлайды BВС агенттігі.
Оның айтуынша, Ұлыбритания, Франция және басқа елдер Украинаға қолдау көрсету үшін "ниеттілер коалициясы" аясында күш-жігерін арттырып, АҚШ-ты осы бастаманы қолдауға тартуға тырысады.
Бүгін біз тарихтың бетбұрыс кезеңінде тұрмыз, - деді Стармер 18 көшбасшының саммитінен кейін.
Саммитке негізінен еуропалық мемлекеттердің басшылары мен Украина президенті Владимир Зеленский қатысты. Зеленский Украина "күшті қолдауды" сезінетінін және саммит "ұзақ уақыттан бері болмаған жоғары деңгейдегі еуропалық бірлікті" көрсеткенін айтты.
Бұл мәлімдеме Ақ үйде Украина көшбасшысы мен АҚШ президенті Дональд Трамп арасындағы қызу пікірталастан екі күн өткен соң жасалды.
Біз барлығымыз Еуропада бірігіп, нағыз бейбітшілік пен кепілдендірілген қауіпсіздік үшін Америкамен ынтымақтасудың негізін табуға тырысамыз, - деді Зеленский саммиттен кейін.
Лидерлер кездескеннен кейінгі баспасөз мәслихатында Кир Стармер келесі төрт тармақтан тұратын жоспарды жариялады:
1. Украинаға әскери көмекті жалғастырып, Ресейге экономикалық қысымды күшейту;
2. Кез келген тұрақты бейбітшілік Украина егемендігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, Украина кез келген бейбіт келіссөздерге қатысуы тиіс;
3. Бейбіт келісім жасалған жағдайда, Украинаның қорғаныс қабілетін кез келген болашақ басқыншылықтың алдын алу үшін нығайту;
4. Украинадағы келісімді қорғап, кейінгі бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін "ниеттілер коалициясын" құру.
Стармер сондай-ақ Ұлыбританияның Украинаға 1,6 миллиард фунт стерлинг (2 миллиард АҚШ доллары) көлемінде қосымша экспорттық қаржыландыру беретінін мәлімдеді. Бұл қаражат 5000-нан астам әуе шабуылына қарсы зымыран сатып алуға бағытталады. Бұған дейін Ұлыбритания Украинаға қосымша әскери көмек көрсету үшін мұздатылған ресейлік активтерден түскен кірістермен қамтамасыз етілген 2,2 миллиард фунт стерлинг көлемінде несие бөлген еді.
Біз өткеннің қателіктерінен сабақ алуымыз керек. Ресей оңай бұза алатын әлсіз келісімді қабылдай алмаймыз. Кез келген келісім күшпен бекітілуі тиіс, - деді Стармер.
Премьер-министр бұл "ниеттілер коалициясына" қай елдердің қосылатынын нақтыламады, бірақ коалицияға қосылған мемлекеттер жоспарлау жұмыстарын жеделдететінін айтты.
Оның айтуынша, Ұлыбритания өз міндеттемелерін "жердегі сарбаздар мен әуедегі ұшақтар арқылы" растайды.
Еуропа ауыр жұмысты атқаруы керек, - деді ол.
Сондай-ақ, келісімге АҚШ-тың қолдауы қажет болатынын және оған Ресейді де тарту керектігін айтты, бірақ Мәскеуге шарттарды диктатуралауға жол берілмейтінін атап өтті.
Мен айтайын дегенім: біз Трамптың тез арада тұрақты бейбітшілік қажет деген пікірімен келісеміз. Енді бізге бірлесе әрекет ету керек, - деді Кир Стармер.
Ол АҚШ-тың Трамп басқарған кезеңдегі сенімділігі туралы сұраққа жауап берді.
Өткен жұмада болған жағдайды ешкім қаламады, бірақ мен АҚШ-ты сенімсіз одақтас деп санамаймын, - деді Стармер.
Саммитке Франция, Польша, Швеция, Түркия, Норвегия, Чехия, Дания, Германия, Нидерланд, Румыния, Финляндия, Италия, Испания және Канада өкілдері қатысты.
Режиссерлер АҚШ пен әлемнің саяси ұстанымын сынға алған Израиль-палестиналық фильм "Оскар" алды

Reuters агенттігінің мәліметінше, "No Other Land" ("Басқа жер жоқ") атты Израильдің палестиналық қауымдастығын күштеп көшіру туралы фильм жексенбі күні "Үздік деректі фильм" аталымы бойынша "Оскар" сыйлығын жеңіп алды. Фильмнің режиссерлері әлемге қақтығысты тоқтатуға көмектесуге шақырып, бұл мәселенің шешімін бұғаттап отырғаны үшін АҚШ-ты айыптады.
Фильмнің тең режиссерлері – палестиналық белсенді Базель Адра мен израильдік журналист Юваль Авраам – бұл туындыны жасауға бес жыл жұмсаған. Фильмде израильдік әскерилердің палестиналықтардың үйлерін қалай қирататыны және тұрғындарды әскери жаттығу алаңын салу үшін қалай күштеп көшіретіні, сондай-ақ еврей қоныстанушыларының палестиналық қауымдастыққа қалай қол сұғатыны көрсетілген.
Деректі фильм екі достың – Авраам мен Адраның өмір сүріп жатқан параллель шындықтарын баяндайды. Авраам израильдік сары нөмірі бар көлікпен елдің кез келген жеріне еркін саяхаттай алады, ал Адра палестиналықтар үшін күн санап тарылып бара жатқан шектеулі аумақта ғана қозғала алады.
"Басқа жер жоқ" фильмі біз бірнеше ондаған жылдар бойы бастан кешіп келе жатқан қатал шындықты көрсетеді. Біз әлі де оған қарсы тұрып келеміз және әлемді палестиналықтарға жасалып жатқан әділетсіздік пен этникалық тазартуды тоқтату үшін нақты шаралар қабылдауға шақырамыз, - деді Адра сахнада сөз сөйлегенде.
Өзінің тең режиссерімен бірге тұрған Авраам да филь туралы өз ойын қосты.
Бұл фильмді палестиналықтар мен израильдіктер бірігіп түсірдік, өйткені біздің даусымыз бірге шыққанда күштірек. Біз бір-бірімізді көреміз, Газа мен оның халқының қатыгездікпен жойылып жатқанын көреміз – бұл тоқтатылуы керек. Сондай-ақ, 7 қазан қылмысы салдарынан қатігездікпен тұтқынға алынған израильдік тұтқындар да босатылуы тиіс, - деп қосты израильдік журналист Авраам.