Әлемде: Армения мен Әзербайжан бейбіт келісімге келді, АҚШ Гренландияны тартып алмақ

Бөлісу:
Әлемде: Армения мен Әзербайжан бейбіт келісімге келді, АҚШ Гренландияны тартып алмақ

BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын ұсынады.

Әлемде: Армения мен Әзербайжан бейбіт келісімге келді, АҚШ Гренландияны тартып алмақ
Фото: Sergei Karpukhin/SNA/IMAGO

Армения мен Әзербайжан бейбіт келісімге келді

Армения мен Әзербайжан бірнеше онжылдыққа созылған қақтығысты реттеу бойынша бейбіт келісімге келді. 

Армениямен бейбіт келісім мәтіні бойынша келіссөздер аяқталды", – деп мәлімдеді Әзербайжанның сыртқы істер министрі Жейхун Байрамов.

Арменияның Сыртқы істер министрлігі "Армения Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы бейбітшілік пен мемлекетаралық қатынастарды орнату туралы келісім" қол қоюға дайын екенін хабарлады. Ереван Бакумен құжатқа қол қою мерзімі мен орны бойынша кеңес бастауға дайын екенін мәлімдеді.

Бұған дейін Армения мен Әзербайжан бейбіт келісімнің 17 бабының 15-і бойынша келісімге келгені белгілі болды. Тек екі мәселе – халықаралық сот инстанцияларында өзара талаптардан бас тарту және шекарада үшінші күштердің орналастырылмауы туралы баптар келісілмей қалған еді.

Әзербайжан бейбіт жоспар аясында Арменияның Конституциясына түзетулер енгізуді талап етеді. Арменияның Негізгі заңының 1-бабында елдің Жоғарғы Кеңесі 1990 жылғы 23 тамызда қабылдаған Тәуелсіздік декларациясына сілтеме бар. Ал бұл декларация 1989 жылғы Армян КСР мен Таулы Қарабақтың "Қайта қосылу туралы" бірлескен қаулысына сүйенеді.

Олардың Конституциясында бұл тармақ бар болғандықтан, бейбіт келісім мүмкін емес, өйткені Конституция кез келген басқа құжаттан, соның ішінде халықаралық шарттардан жоғары. Сондықтан біз болашақта олар шешімін өзгертіп, біз қыркүйекте жасағанымызды қайта жасауға мәжбүр болғымыз келмейді, – деп түсіндірді Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев. 

Бұған дейін ол бірнеше рет Ереван Конституциясына түзетулер енгізуі қажет екенін айтқан.

Әлемде: Армения мен Әзербайжан бейбіт келісімге келді, АҚШ Гренландияны тартып алмақ
Фото: Evelyn Hockstein/REUTERS

Трамп АҚШ-тың Гренландияны аннексиялайтынына сенімді

АҚШ Гренландияны аннексиялайды, деп сенеді Дональд Трамп. 

Менің ойымша, бұл болады. Ол (Гренландия – ред.) бізге халықаралық қауіпсіздік үшін қажет", – деді АҚШ президенті Ақ үйде НАТО Бас хатшысы Марк Рюттемен кездесу барысында Гренландияның ықтимал қосылуы туралы сұраққа жауап бере отырып. 

Сондай-ақ ол Рюттенің Гренландияны АҚШ-қа қосу ісінде "маңызды рөл атқаратынына" сенім білдірді.

Өз кезегінде Марк Рютте "НАТО-ны бұл мәселеге араластырғысы келмейтінін" айтты, бірақ Ресей мен Қытайдың аймаққа қызығушылығының артуына байланысты Гренландияның Арктика қауіпсіздігі үшін маңыздылығын мойындады.

Гренландия - Дания құрамына кіретін автономиялық аймақ. Дания парламентінің қорғаныс комитетінің төрағасы Расмус Ярлов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында АҚШ-тың Гренландияға деген талабы "екі НАТО елі арасындағы соғысқа" әкелуі мүмкін екенін жазды. Сондай-ақ ол Марк Рюттенің Трамппен кездесу кезіндегі ұстанымын сынға алды. 

Гренландия жақында Даниядан жедел тәуелсіздік алуға қарсы дауыс берді және ешқашан АҚШ-тың құрамында болғысы келмейді, – деп қосты Ярлов.

Гренландияда 12 наурызда өткен парламенттік сайлауда Даниядан тәуелсіздік туралы референдум өткізуді қолдайтын оппозициялық Demokraatit ("Демократтар") партиясы 30%-ға жуық дауыс жинап, бірінші орын алды.

Екінші орынды Гренландияның жедел тәуелсіздігін қолдайтын ұлтшыл Naleraq ("Меже") партиясы иеленді. Үшінші және төртінші орындарды билеуші солшыл-жасыл Inuit Ataqatigiit ("Халық қауымдастығы") партиясы мен оның коалициялық серіктесі Siumut ("Алға") партиясы бөлісті. Олар да Гренландияның Даниядан бөлінуі жөніндегі референдумды қолдайды, бірақ оның мерзімі туралы нақты шешім қабылдаған жоқ.

Әлемде: Армения мен Әзербайжан бейбіт келісімге келді, АҚШ Гренландияны тартып алмақ
Фото: Mikhail Metzel/AP/picture alliance

Путин Украинадағы атысты тоқтатуға келісім білдірді

РФ президенті Владимир Путин Украинадағы атысты белгілі бір шарттар негізінде тоқтату туралы ұсыныспен келісетінін мәлімдеді.

Біз әскери әрекеттерді тоқтату туралы ұсыныстармен келісеміз, бірақ бұл тоқтау ұзақ мерзімді бейбітшілікке әкеліп, осы дағдарыстың бастапқы себептерін жоюы тиіс, – деді ол Мәскеуде Беларусь басшысы Александр Лукашенкомен келіссөздерден кейінгі баспасөз мәслихатында.

Путин Курск облысындағы жағдайға да тоқталып, онда Ресей Қарулы Күштері қарсы шабуыл жүргізіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, Киев үшін 30 күндік бітім жасау тиімді, өйткені Курск облысында украин әскері қоршауда қалған. 

Егер алдағы күндері олар толықтай қоршауға алынса, ешкім шыға алмайды. Екі жол ғана қалады – не тұтқынға берілу, не өлім. Сондықтан Украина үшін 30 күндік бітімге қол жеткізу өте тиімді болар еді. Біз бұған қарсы емеспіз, бірақ кейбір нюанстар бар, – деді ол.

Путиннің айтуынша, Ресей әскері соғыс шебінің барлық бағытында ілгерілеп келеді, сондықтан бітім жасалғаннан кейін шептегі жағдай қалай реттелетіні белгісіз. ТАСС агенттігі оның сөзін келтірді.

Ресей әскерлері іс жүзінде барлық бағытта алға жылжып келеді. Біз де бірқатар ірі бөлімшелерді қоршауға алу үшін жағдай жасап жатырмыз. Осы 30 күн қалай пайдаланылады? Украинада мәжбүрлі мобилизация жалғаса ма? Қару-жарақ жеткізіле ме? Жаңадан шақырылған әскери бөлімдер дайындықтан өте ме? Әлде мұның ешқайсысы болмай ма?" – деп атап өтті.

Сонымен қатар, Путин "бақылау мен тексеру қалай жүргізілетінін" сұрады. 

Бізге мұндай жағдай қайталанбайтынына қандай кепілдік беріледі? Бақылау қалай ұйымдастырылады? – деді ол.

Айта кетейік, 11 наурызда Сауд Арабиясында АҚШ пен Украина делегациялары бейбіт реттеу бойынша келіссөздер өткізді. Кездесу қорытындысы бойынша Жиддада Киев 30 күндік атысты тоқтату туралы АҚШ ұсынысымен келісетіні мәлім болды. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио енді шешім Ресейдің қолында екенін айтып, егер Мәскеу келіссе, бітім күшіне енетінін және кейіннен бейбіт келіссөздер басталатынын мәлімдеді.

РФ президентінің көмекшісі Юрий Ушаков 13 наурызда Ресей Украинамен уақытша бітімге емес, қақтығысты ұзақ мерзімді шешуге мүдделі екенін айтты. Ал Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің соғысты жалғастырғысы келетініне сенімді екенін жеткізді. Сол күні Ресейге АҚШ-тың келіссөз жүргізуші делегациясы келді.

Өзгелердің жаңалығы