BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.
АҚШ виза беру тәртібін қатаңдатты
Жаңа ережелерге сәйкес, Ресей азаматтары АҚШ-тың туристік визасына өтінішті тек Астана мен Варшавада, Беларусь азаматтары – Варшава мен Вильнюсте, ал Украина азаматтары – Варшава мен Краковта ғана тапсыра алады.

АҚШ билігі шетелдіктерге, соның ішінде B1/B2 туристік визаларына көші-қонға жатпайтын визаларды беру ережелерін қатаңдатты.
Мемлекеттік департаменттің 6 қыркүйек, сенбі күні хабарлауынша, енді мұндай визаларды тек өз еліңде немесе тұрақты тұрып жатқан мемлекетіңде ғана рәсімдеуге болады.
Сонымен бірге мұндай визаларды беруді тоқтатқан 17 елдің азаматтары үшін арнайы елшіліктер мен консулдықтар белгіленді. Мәселен, ресейліктер тек АҚШ-тың Астана мен Варшавадағы елшіліктерінде өтініш бере алады. Беларусь азаматтары – Варшавада немесе Вильнюсте, ал Украина азаматтары – Варшава мен Краковта ғана рәсімдей алады.
Бұған дейін мұндай визаларға кез келген елде өтініш беріп, сұхбаттасудан өтуге мүмкіндік болған. Бұрыннан жоспарланған сұхбаттасу күндері өзгеріссіз қалады.
Жаңа ережелер A, G, C-2, C-3 визаларына, НАТО визаларына, сондай-ақ кез келген дипломатиялық және қызметтік визаларға немесе БҰҰ штаб-пәтері жөніндегі келісімге сәйкес сапарлармен байланысты визаларға қолданылмайды. Мемлекеттік департаменттің мәлімдеуінше, сирек жағдайда гуманитарлық себептерге, медицинаға немесе сыртқы саясат мәселелеріне байланысты ерекшеліктер жасалуы мүмкін.
Бұған дейін Трамп әкімшілігі студенттер мен журналистерге арналған визалық талаптарды күшейту туралы шешім қабылдаған болатын.
"Елім күн сайын зымырандар тап болып жатқанда, мен Мәскеуге бара алмаймын"

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей басшысы Владимир Путинмен келіссөз өткізуге дайын екенін мәлімдеді. Алайда ол мұндай кездесудің Ресей жерінде өтуіне үзілді-кесілді қарсы екенін атап өтті.
Бұл туралы Зеленский 7 қыркүйек, жексенбі күні ABC News арнасына берген сұхбатында айтты. Оның сөзінше, Путин кездесудің шарттарын алға тартқанымен, ол шарттар Украина тарапына мүлде қолайсыз.
Елім күн сайын зымырандар мен шабуылдарға тап болып жатқанда, мен Мәскеуге бара алмаймын, – деді ол.
Сонымен бірге Зеленский Ресей президентінің бұл жағдайды жақсы түсінетінін жеткізді.
Ол өз ұсынысын да нақтылады.
Путиннің өзі Киевке келуі керек. Әйтпесе, оның әрекеті кездесуді тағы да кейінге қалдыруға бағытталған қадам ғана, – деп пікір білдірді Украина басшысы.
Зеленский кездесуден мүлде бас тартпайтынын айтып, басты шарт – келіссөздің Ресей аумағында өтпеуі екенін қадап айтты.
Мен кез келген форматтағы кездесуге дайынмын: екіжақты да, үшжақты да. Тіпті басқа ел өкілдері қосылса, қуанышпен қабылдаймыз. Бірақ Ресейде емес, – деді ол.
ХАМАС АҚШ президентінің "соңғы ескертуіне" жауап қатты

Палестиналық ХАМАС қозғалысы америкалық тараптан атысты тоқтату және Газа секторынан әскерді шығару туралы ресми жариялаудың орнына кепілге алынған барлық израильдіктерді босату мәселесін талқылау ұсынысы түскен соң, келіссөздерге бірден қатысуға дайын екенін мәлімдеді.
Біз америкалық делдалдар арқылы атысты тоқтату жөніндегі бірқатар ұсыныстарды қабылдадық. Осыған байланысты ХАМАС халқымызға қарсы агрессияны тоқтатуға ықпал ететін кез келген бастаманы қолдайды. Біз соғысты тоқтату және әскерлерді толық әкету туралы нақты мәлімдеменің орнына кепілге алынғандардың бәрін босату мәселесін талқылау үшін келіссөздерге дереу баруға әзірміз. Газа секторын тәуелсіз палестиналық тарап басқаруы тиіс, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар ХАМАС өкілдері "дұшпан тарапынан осы келісімнің сақталатынына нақты кепілдік болған жағдайда билікті технократтар комитетіне дереу беруге дайын" екенін жеткізді.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп ХАМАС-қа атысты тоқтату туралы ұсынысты қабылдауға "соңғы ескерту" жасағанын хабарлаған еді.
Бұл туралы ол Truth әлеуметтік желісіндегі жазбасында мәлімдеді. Ақ үй басшысының айтуынша, Израиль ұсынылған шарттармен келісіп қойған.
БАҚ деректеріне сәйкес, ұсынысты ХАМАС-қа жексенбі күні АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Виткофф жеткізген. Онда Вашингтон кепілге алынғандардың барлығын босатуға айырбас ретінде Израильдің әскери операциясын тоқтатуға кепілдік беретіні айтылған. Ал Израиль билігі үш мыңға жуық палестиналық тұтқынды түрмеден босатуға келіскен.
Айта кетейік, бұл Трамптың ХАМАС-қа алғаш рет ультиматум қоюы емес. Биыл наурыз айында да ол қозғалыс өкілдеріне дәл осындай "соңғы ескерту" жасаған болатын. Ал жаңа ұсыныс, Вашингтонның пайымдауынша, ұзаққа созылған жанжалдың шешілуіне жол ашуы тиіс.
Германиядағы веложарыста жаппай жол апаты: шамамен 70 адам зардап шекті

Германияның Бад-Дюрхайм қаласында (Баден-Вюртемберг жері) әуесқойлар арасындағы Riderman веложарысы кезінде ондаған спортшы қатысқан ірі соқтығыс болды.
Полиция дерегінше, шамамен 70 адам жарақат алған, олардың 20-ға жуығы ауыр халде.
Оқиға қатысушылардың бірінің құлап қалуынан басталып, тізбекті реакция туғызған. Соның салдарынан жаппай соқтығыс орын алып, трассада нағыз "велосипед кептелісі" пайда болды. Оқиға орнына ондаған жедел жәрдем көліктері мен төрт санитарлық тікұшақ жетті. Зардап шеккендер жақын маңдағы клиникаларға жеткізілді, жарақат алғандардың нақты саны анықталуда.
Жарыс ұйымдастырушылары қалған кезеңдерді тоқтату туралы шешім қабылдады. Бәсекеге шамамен 1200 адам қатысқан. Полиция оқиғаны жазатайым жағдай деп бағалады.