Әлемде: АҚШ Украинаның АЭС-терін басқаруға ниетті, Сербия премьер-министрі қызметтен кетті

Бөлісу:
Әлемде: АҚШ Украинаның АЭС-терін басқаруға ниетті, Сербия премьер-министрі қызметтен кетті

BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын ұсынады.

Әлемде: АҚШ Украинаның АЭС-терін басқаруға ниетті, Сербия премьер-министрі қызметтен кетті
Фото: Shannon Stapleton/REUTERS

Трамп Киевке Украинаның АЭС-терін АҚШ бақылауына беруді ұсынды

АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесіп, Украинаның атом электр станцияларын АҚШ-тың басқаруына беру мүмкіндігін талқылады.

Трамптың пікірінше, бұл қадам Украинаның энергетикалық инфрақұрылымын қорғаудың ең тиімді жолы болар еді. Ол АҚШ-тың электр энергетикасы мен коммуналдық қызметтер саласындағы тәжірибесін пайдалана отырып, осы станцияларды басқаруда үлкен көмек көрсете алатынын атап өтті.

Сонымен қатар, Зеленский АҚШ-тан қосымша Patriot әуе қорғаныс жүйелерін жеткізуді сұрады. Трамп бұл сұранысты қолдап, Еуропада қолжетімді жүйелерді қарастыратынын айтты.

Екі ел басшылары Курск облысындағы жағдайды талқылап, қорғаныс ведомстволары арасында ақпарат алмасуды жалғастыруға келісті. Зеленский бұл әңгімені позитивті, өте мазмұнды және ашық деп сипаттап, Сауд Арабиясында өткен украин және америкалық командалардың өнімді жұмысы үшін Трампқа алғыс білдірді.

Әлемде: АҚШ Украинаның АЭС-терін басқаруға ниетті, Сербия премьер-министрі қызметтен кетті
Фото: Predrag Milosavljevic/Xinhua/picture alliance

Сербия парламенті премьер-министр Милош Вучевичтің отставкасын мақұлдады

Кезектен тыс сайлаудан аулақ болу үшін жаңа премьер-министр мен үкімет 30 күн ішінде, яғни 18 сәуірге дейін тағайындалуы керек.

Сербия парламентінің спикері Ана Брнабичтің айтуынша, ендігі қадамдарды ел президенті Александр Вучич жасауы тиіс, ол премьер-министр лауазымына жаңа кандидат ұсынуы керек.

Вучевич қаңтардың соңында отставкаға кететінін мәлімдеді. Бұл шешім биліктегі Сербияның прогрессивті партиясымен байланысты топтың Нови-Сад қаласында студент-активистерге шабуылынан кейін қабылданды. 2024 жылдың қарашасында осы қаладағы теміржол вокзалында бетон жабыны құлап, 15 адам қаза тапқаннан кейін елде жаппай наразылықтар басталған болатын.

Сарапшылардың пікірінше, парламенттің Вучевичтің отставкасын жеті апта бойы мақұлдамай келгені Вучичтің уақыт созып, жаңа үкімет құру немесе парламенттік сайлау өткізу туралы шешімді кейінге қалдырғысы келгенін көрсетеді.

ЦАХАЛ: Израиль Әскери-әуе күштері Йеменнен атылған зымыранды атып түсірді

Израильдің Әскери-әуе күштері Йеменнен атылған зымыранды Израиль аумағына жетпей тұрып атып түсірді. Бұл туралы 20 наурызда Израиль Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Telegram желісінде хабарлады.

Ал Йемендегі хуситтер радикалды әскери тобы өз мәлімдемесінде зымыранның мақсаты Тель-Авивтен 14 км қашықтықта орналасқан Бен-Гурион халықаралық әуежайы болғанын айтты. Олардың нұсқасы бойынша, шабуыл гипердыбысты баллистикалық зымыранмен жасалған. Сонымен қатар, хуситтер Қызыл теңіздегі америкалық әскери-теңіз тобына да соққы беруге тырысқанын мәлімдеді.

Иранның АҚШ пен Израильге қарсы "қарсыласу белдеуінің" бір бөлігі саналатын хуситтер Газа секторындағы соғыс басталғалы бері Қызыл теңіздегі кемелер мен Израиль аумағына шабуыл жасап келеді. Олар бұл әрекеттерін палестиналықтарға қолдау көрсету деп түсіндіреді.

Өзгелердің жаңалығы