BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.
Женевада АҚШ пен Украина қақтығысты реттеу бойынша келіссөздерді бастады
Женевада АҚШ пен Украина делегациялары қақтығысты реттеу жолдарын талқылауға арналған келіссөздерді бастады.
Ақпаратқа сәйкес, бұған дейінгі консультациялар раундтары "өнімді" өткен, әрі бірқатар мәселелер бойынша тараптар "түбегейлі келісімдерге" келген.

Украина президенті Владимир Зеленский украин делегациясы АҚШ және Еуропа елдерінің өкілдерімен кездесулер бастап, соғыс қимылдарын тоқтату жөніндегі қадамдарды талқылап жатқанын растады.
Бұған дейін агенттік Вашингтон мен Киев америкалық бейбіт жоспар жобасының қалған тұстарын келісуді жоспарлап отырғанын хабарлаған еді.
Албания 2030 жылға қарай ЕО құрамына енуі мүмкін

Албания Еуропалық одаққа интеграциялану бойынша рекордтық қарқын көрсетіп жатыр. Өткен аптада ел мүшелікке қабылдау үшін қажетті тақырыптардың соңғы блогы бойынша келіссөздерді бастап, алдыңғы кезеңдерді небәрі бір жылдың ішінде аяқтады.
Премьер-министр Эди Рама бұл нәтижені "рекордтық жетістік" деп атап, ел 2030 жылға қарай ЕО құрамына ене алатынын мәлімдеді.
Кеше ғана мұндай нәрсе мүмкін емес болып көрінетін, - деді Рама.
Ол мүшелікке қабылдау жөніндегі келіссөздер 2027 жылы аяқталып, үш жылдан кейін Албания одақтың толыққанды мүшесіне айналатынын атап өтті.
ЕО-ны кеңейту жөніндегі Комиссар Марта Кос премьердің сөзін қолдап, Албанияның жетістігі маңызды реформаларды жүзеге асырудың нәтижесі екенін айтты. Апта соңында Тиранада ЕО—Балкандар саммиті өтті. Ол өңірдің еуроинтеграциясын жеделдету үшін 6 млрд еуро бөлуді қарастыратын Өсу жоспарын іске асыруға арналды.
ОАР G20-ның алғашқы африкалық саммитінің сәтті аяқталғанын жариялады

Йоханнесбургте G20-ның тарихтағы алғашқы африкалық саммиті аяқталды. Қабылдаушы тарап - Оңтүстік Африка Республикасы жиынды сәтті өтті деп бағалады. Кездесудің басты нәтижесі — қорытынды декларацияның қабылдануы болды, алайда АҚШ бұл құжатқа қосылудан бас тартты.
Қарама-қайшылықтарға қарамастан, қатысушы елдердің өкілдері көлемі шамамен 30 бет болатын мәтінге келісім бере алды. Онда қарулы қақтығыстарды тоқтатуға, стратегиялық маңызды минералдардың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етуге және климаттың өзгеруімен күрестегі жаһандық күш-жігерді нығайтуға шақырулар бар.
122 тармақтан тұратын декларацияда сондай-ақ табысы төмен елдердің қарыз жүгін жеңілдету үшін халықаралық қаржы жүйелерін реформалау қажеттігі аталып өткен.
Израиль Бейрутте "Хезболлахтың" негізгі өкілін нысанаға алғанын мәлімдеді

Израильдің Қорғаныс армиясы Бейрут маңында арнайы операция жүргізіп, шииттік "Хезболлах" қозғалысының негізгі мүшелерінің бірін жойғанын хабарлады. Бұл туралы ЦАХАЛ баспасөз қызметінің мәлімдемесінде айтылды.
Израильдің Қорғаныс армиясы Бейрутте 'Хезболлахтың' негізгі террористіне дәл соққы жасады, - делінген ресми хабарламада.
Вашингтон соты Трамптың жедел депортация жөніндегі жоспарын тоқтатты

Вашингтондағы апелляциялық сот Дональд Трамп әкімшілігінің мигранттарды жедел депортациялау тәжірибесін кеңейтуге қатысты жоспарын тоқтатты.
Алғашында бұл процедура тек шекарада ұсталғандарға қолданылған. Алайда қаңтарда билік оны бүкіл АҚШ аумағына таратып, елде екі жылдан артық тұрғанын дәлелдей алмайтын барлық шетелдіктерге қолдануды көздеген еді.