Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әлемде: АҚШ-та қаралы күн, Израиль шабуылы, Макрон мәлімдемесі, Үндістанда табиғи апат

28 Тамыз 2025, 10:50
945
Бөлісу:
 BAQ.KZ  коллаж BAQ.KZ
PHOTO
Фото: BAQ.KZ коллаж BAQ.KZ

BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

АҚШ мектебіндегі атыс: Мемлекеттік тулар төмен түсірілді

АҚШ-тағы Миннеаполистегі Благовещение католик мектебінде жаппай атыс болды.

Әлемде: АҚШ-та қаралы күн, Израиль шабуылы, Макрон мәлімдемесі, Үндістанда табиғи апат
Global Look Press/Hu Yousong

Губернатор Тим Уолц оқиғаға қатысты пікір білдірді.

Жаңа оқу жылының алғашқы аптасы осындай қасіретті зорлық-зомбылықпен көлеңкеленді. Балаларымыз бен ұстаздарымыз үшін дұға етемін, - деді ол.

Полиция атыс туралы хабарға дереу әрекет етіп, күдіктіні оқшаулағанын растады. Атыс ұйымдастырған адам да қаза тапқан.

АҚШ президенті Дональд Трамп қайғылы оқиғаға қатысты 27–31 тамыз аралығында ел бойынша мемлекеттік туларды төмен түсіру туралы жарлыққа қол қойды.

Израиль шабуылдарынан қаза тапқандар саны 62 895-ке жетті

Әлемде: АҚШ-та қаралы күн, Израиль шабуылы, Макрон мәлімдемесі, Үндістанда табиғи апат
picture-alliance / dpa

Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2023 жылғы 7 қазаннан бері Израиль әскерінің Газа секторына жасаған шабуылдарынан 62 895 адам қаза тапты, 158 927 адам жараланды. Тек соңғы тәуліктің өзінде 76 адам мерт болып, 298 адам жарақат алған.

19 қаңтардағы атысты тоқтату келісімі бұзылғаннан кейін, 18 наурыздан бері Израиль шабуылдарынан 10 050 палестиналық қаза тауып, 46 886-сы жараланды.

27 мамырдан бері Израиль мен АҚШ құрған «көмек тарату орталықтары» орналасқан аймақтарда 2 158 адам мерт болып, 15 843 адам жарақат алды.

Сондай-ақ кейінгі тәулікте тамақтанбау мен аштықтан 10 адам көз жұмды, олардың арасында балалар да бар. Аштықтан қайтыс болғандар жалпы саны – 313, оның 119-ы – бала.

Макрон отставкаға кетпейтінін айтты

Әлемде: АҚШ-та қаралы күн, Израиль шабуылы, Макрон мәлімдемесі, Үндістанда табиғи апат
Ақорда

Франция президенті Эмманюэль Макрон саяси дағдарысқа қарамастан отставкаға кетпейтінін мәлімдеді. Бұл туралы ол JDNews-ке берген сұхбатында айтты.

8 қыркүйекте Ұлттық жиналыста Франсуа Байру үкіметіне сенім вотумы өткізіледі деп күтілуде. Сарапшылар Байрудың алдында үш ай ғана қызмет атқарып, сенімсіздік вотумынан кейін кеткен премьер Мишель Барньенің тағдырын қайталауы мүмкін екенін айтады.

Президент болу — ел сені не үшін сайлаған болса, соны орындау. Ең бастысы ел үшін дұрыс деп санаған нәрсені жасау. Мен мұны алғашқы күннен бастап істеп келемін және соңғы сәтке дейін істеймін, — деді Макрон.

Джамму мен Кашмирдегі су тасқыны мен көшкін: 34 адам қаза тапты

Әлемде: АҚШ-та қаралы күн, Израиль шабуылы, Макрон мәлімдемесі, Үндістанда табиғи апат
aa.com.tr

Үндістан бақылауындағы Джамму мен Кашмир штатында нөсер жауын салдарынан 34 адам қаза тапқаны туралы жергілікті билік хабарлады. Толассыз жауған жауын сел мен көшкінге әкеліп, бірқатар аудандарды су басып, көпірлерді қиратып, көлік қатынасын үзді.

Сонымен қатар шамамен 20 адам жарақат алған, ал 3500-ден астам тұрғын құтқару жұмыстары кезінде эвакуацияланды. Аймақта электр қуаты мен телекоммуникация өшірілген, мектептердегі сабақтар 29 тамызға дейін тоқтатылды.

Бұл муссондық жауын-шашындар жыл сайын орын алатын табиғи апаттар жиі қайталанатын Оңтүстік Азияның көптеген аймақтарында қирауларға себеп болып отыр.

Өзгелердің жаңалығы