BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.
АҚШ Кариб теңізінде екі мұнай танкерін қолға түсірді
АҚШ Жағалау күзеті «елес флотына» тиесілі екі мұнай танкерін басып алды. Бұл туралы АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, танкерлердің бірі Солтүстік Атлант мұхитында тоқтатылса, екіншісі Кариб теңізіне жақын орналасқан жерде ұсталған.
Кристи Ноэмнің дерегіне сәйкес, Marinera және Sophia атты танкерлер бұған дейін Венесуэла порттарына барған.

АҚШ билігі бұл кемелерді санкцияларды айналып өту мақсатында пайдаланылған «елес флотына» жатқызады.
Зеленский Трамппен кездесіп, бейбіт келіссөздерді жеделдетпек

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен тағы бір кездесу өткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Ол бейбіт келіссөздердегі ең күрделі мәселелер ретінде Донецк облысының шығыс бөлігіндегі аумақтық даулар мен Запорожье атом электр станциясының тағдырын атады.
Зеленскийдің сөзінше, АҚШ пен Украина өкілдері бұл мәселелерді шешудің бірнеше нұсқасын талқылап жатыр. Сондай-ақ ол Трамптың Ресейге қысым жасау тетіктері бар екенін айтып, Вашингтонды бейбіт бастамаларды қолдауға шақырды.
Киев АҚШ ықпалы арқылы қауіпсіздік кепілдіктерін алуды қалайды. Алайда Ресейдің Донецк өңірінің бір бөлігін беру және Запорожье АЭС-ке толық бақылау орнату талаптарымен келіспейді.
Зеленский соғыстың 2026 жылдың ортасына қарай аяқталуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.
Германияда жұмыссыздық көбейді

2025 жылдың соңына қарай Германияда жұмыссыздық деңгейі артты. Федералдық еңбек агенттігінің мәліметіне сәйкес, желтоқсан айында жұмыссыздардың саны 23 мыңға көбейіп, елдегі жалпы жұмыссыздық деңгейі 6,2%-ға жетті. Агенттік басшысы Андреа Налес еңбек нарығында әлі де экономикалық серпін жетіспейтінін атап өтті.
Жыл бойына Германияда орта есеппен 2,948 миллион адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Бұл 2013 жылдан бері байқалған ең жоғары орташа жылдық көрсеткіш болып отыр. Сонымен қатар, компаниялардың жаңа қызметкерлерді жалдау сұранысы айтарлықтай төмендеді. 2025 жылы Федералдық еңбек агенттігі орта есеппен 632 мың бос жұмыс орнын тіркеген, бұл бір жыл бұрынғыдан 62 мыңға аз. Жарияланған вакансиялардың саны соңғы 25 жылдағы ең төмен деңгейге жеткені байқалады.
Экономикалық жағдайдың әлсіздігі мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктерінің төмендеуі Германиядағы еңбек нарығы үшін маңызды мәселе болып отыр. Бұл жағдай елдегі компаниялар мен жұмыс іздеушілерге жаңа қиындықтар туғызуда.
Париж әуежайларында ауа райына байланысты 150 рейс тоқтатылды
Париждегі Шарль-де-Голль әуежайында қар жаууына байланысты шамамен 100 рейс, ал Орли әуежайында – 40 рейс тоқтатылды. Бұл туралы Францияның транспорт министрі Филипп Табаро мәлімдеді.
Оның айтуынша, Парижде жалғасып жатқан қолайсыз ауа райына байланысты рейстердің тоқтатылуы алдын ала күтілген. Қар мен мұздан әуе алаңдарын тазалау және ұшақтардан мұзды алу операциясына байланысты тоқтатылған рейстер Шарль-де-Голль әуежайында 9:00-ден 14:00-ге дейінгі аралықтағы рейстердің шамамен 40%-ын, ал Орли әуежайында 6:00-ден 13:00-ге дейінгі рейстердің 25%-ын қамтыды.
Солтүстік-батыс Францияның үлкен аумағында қар мен мұзға байланысты автокөлік, әуе және теміржол байланысы, сондай-ақ қоғамдық көлік қызметінде қиындықтар туындауда. 38 департаментте қауіптілік деңгейі жарияланды.
Франция бойынша жолдарда жалпы ұзындығы 1 600 километрден асатын кептелістер қалыптасты. Оның шамамен 950 километрі Иль-де-Франс аймағына тиесілі.