Бүгінгі таңда бүкіл әлемде Альцгеймер ауруын қоса алғанда деменция туралы хабардар болу күні атап өтіліп жүр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Денсаулық сақтау министрлігі деменция туралы хабардар болуды арттыру, стигманы жою және осы жай-күйден зардап шегетін адамдарға, сондай-ақ олардың отбасыларына қолдау көрсету қажеттілігіне назар аударады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.
Әлемде деменциямен ауыратын 55 миллионнан астам адам бар, жыл сайын 10 миллионға жуық жаңа жағдай тіркеледі.
Деменция — бұл нерв жасушаларын біртіндеп бұзатын және миды зақымдайтын бірқатар аурулардан туындауы мүмкін синдром.
Алматының он бес емханасының базасында ҚазҰМУ нерв аурулары кафедрасының невролог дәрігерлерімен ауқымды ғылыми-клиникалық жұмыс жүргізілді, оның барысында 60 жастан асқан адамдардың арасында орташа когнитивті бұзылулардың жоғары таралушылығы анықталды, — делінген хабарламада.
Бұл бұзылулар деменцияға дейінгі кезең болып табылады және қауіп факторларын түзету болмаған кезде пациенттерде көбінесе Альцгеймер ауруымен байланысты деменция дамуы мүмкін, бұл жағдайлардың 60-80%-ын құрайды.
Бүгінгі күні деменцияның дамуына ықпал ететін 14 қауіп факторы белгілі. Бұл білім деңгейінің төмендігі, содан кейін алкогольді шектен тыс пайдалану, есту қабілетінің төмендеуі, гипертония, бас жарақаттары. Болашақта деменцияның дамуына депрессия, қант диабеті, физикалық әрекетсіздік, темекі шегу, әлеуметтік оқшаулану сияқты факторлар әсер етеді, — деп хабарлады ведомстводан.
Аталған қауіп факторларын болдырмау арқылы деменция жағдайларының шамамен 45%-ның алдын алуға болады.
Сондықтан қоғамды профилактика тәсілдері мен қолда бар ресурстар туралы хабардар ету өте маңызды, сонымен қатар бұл диагнозы бар пациенттерге стигмасыз және біржақтылық танытпай қолдау қажет. Бүгінгі таңда Қазақстанның неврологтар қауымдастығының www.neuroassoc.kz сайтында деменцияның қауіп факторлары және оның профилактикасы туралы ақпарат бар.