Әлемде 345 миллион адам аштықтан зардап шегуде – БҰҰ

17 Қыркүйек 2022, 06:33
1044
Бөлісу:
Әлемде 345 миллион адам аштықтан зардап шегуде – БҰҰ

Біріккен Ұлттар Ұйымы Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының басшысы әлемде 345 миллион адам «бұрын-соңды болмаған ауқымдағы жаһандық төтенше жағдайға» айналып бара жатқан аштыққа ұшырағанын ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бейсенбі күні өткен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында ұйымның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының (ДАБ) атқарушы директоры Дэвид Бизли агенттік жұмыс істейтін 82 елде 345 млн адам азық-түліктің жетіспеушілігін қатты сезінгенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл көрсеткіш пандемияға дейін азық-түлік қауіпсіздігін қатты сезінген адамдар санынан 2,5 есе көп.

Әлем бұрын-соңды болмаған көлемдегі жаһандық төтенше жағдайға тап болды. 345 миллионға жуық адам аштықтан зардап шегіп, өлуге шақ қалды, ал Украинадағы соғыс салдарынан 70 миллионға жуық адам оған жақындап тұр, – деді Бизли.

Оның пікірінше, биыл ақпанда Ресейдің Украинада соғыс қимылдары басталғаннан кейін азық-түлік, жанар-жағармай мен тыңайтқыш бағасының күрт өсуі 70 млн адамды ашаршылыққа жақындатты.

Одан бөлек, Украинадағы соғыс инфляцияны күшейтіп, Йемендегі гуманитарлық дағдарысты ушықтырды, өйткені Таяу Шығыстағы бұл ел толығымен дерлік азық-түлік импортына тәуелді.

Егер біз әрекет етпесек, 2023 жылы азық-түлік бағасының ағымдағы дағдарысы азық-түліктің қолжетімділік дағдарысына айналуы мүмкін, – деп болжады Бизли.

Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында алдымен Эфиопия, Нигерияның солтүстік-шығысында, Оңтүстік Судан мен Йеменде азық-түлік қауіпсіздігі мен ашаршылық қаупі талқыланды.

Алайда Бизли мен БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Мартин Гриффитс, сондай-ақ, Сомалидегі азық-түлік дағдарысы жайлы ескертті. Бұл ретте Гриффитс ашаршылыққа ұшырайтын елдер тізімінде Ауғанстанды бірінші орынға қойды.

Ол азық-түлік қауіпсіздігінің болмауы бейбіт тұрғындар өлімі мен зардап шегуіне әкелетін қақтығыстар мен зорлық-зомбылықтың тікелей және жанама әсерінің нәтижесі екенін атап өтті.

Бұл отбасыларды табыс пен азық-түлікке тәуелді жерлерін тастап кетуге мәжбүр етіп, экономикалық құлдырауға және бұдан былай азық-түлік бағасын төлей алмауына әкеледі, – деді ол.

Гриффитс Қауіпсіздік кеңесін қақтығыстарды тоқтату және гуманитарлық операцияларды қаржыландыруды арттыру әрекетін тоқтатпауға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы