Астанада өтіп жатқан "Digital Bridge" форумының аясында "Alem.AI" халықаралық жасанды интеллект орталығы ресми түрде ашылды. Бірегей орталықтың тұсауын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кесті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еліміздегі цифрлық саланы дамытудағы маңызды қадамға айналған орталықтың ғимараты 8 қабаттан тұрады. Жалпы аумағы – 22 мың шаршы метр.

.jpeg)
Орталықта білім беру бағдарламалары, зертханалар, стартап алаңдары және тұрғындарға арналған интерактивті кеңістіктер орналасқан.
Алғашқы қабат – ашық орта мен AI музейі
Ғимараттың бірінші қабаты келушілерге еркін қолжетімді алаң ретінде ұйымдастырылады. Мұнда хакатондар мен түрлі шаралар өткізуге арналған аймақ, заманауи жасанды интеллект музейі, арнайы AI-кинотеатр және балаларға арналған интерактивті ойын-оқыту кеңістігі орналасады. Келушілер жаңа технологиялармен танысып, оларды тәжірибеде көре алады.


"TUMU Education" – балаларға арналған IT мектебі
Екінші және үшінші қабаттарда әлемге әйгілі «TUMU Education» бағдарламасы іске қосылады.

Бұл жобаға 12-18 жас аралығындағы оқушылар қатысып, 3D-моделдеу, компьютерлік графика, музыка мен кино өндірісі, робототехника және генеративті жасанды интеллект бағытында қосымша білім алады. Жыл сайын 5-6 мың бала осы бағдарлама арқылы заманауи IT дағдыларын меңгермек.

.jpeg)
Сонымен қатар аймақтарда шағын «TUMU-бокстарын» ашу жоспарланып отыр. Бұл ауылдағы балалардың да цифрлық білімге қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
"TUMU Road School" – жастарға арналған тегін IT-жоба
Төртінші және бесінші қабаттар 18 жастан асқан жастарға арналған «TUMU Road School»-ға беріледі. Бұл мектеп француз кәсіпкері әрі «Ecole 42» негізін қалаушы Николя Адиракпен серіктестікте ашылады.

Ерекшелігі – дәстүрлі ұстаздар болмайды, білім беру үдерісі толығымен peer-to-peer әдісі бойынша жүзеге асады. Жыл сайын шамамен мың студент тегін оқып, 50-ден аса IT-жоба әзірлеуге мүмкіндік алады.

Жаңадан құрылған Жасанды интеллект және даму министрі Жаслан Мәдиев орталықтың дүниежүзінде алғаш рет жүзеге асырылып отырған кешенді бастама екенін айтқан болатын.

.jpeg)
Біз «ALEM AI»-ді тек Қазақстан үшін ғана емес, халықаралық деңгейде де үлгі болатындай жобаға айналдыруды көздеп отырмыз. Аталған орталық қарапайым тұрғындардан бастап, мектеп оқушылары мен студенттерді, стартаптар мен ірі технологиялық корпорацияларды біріктіріп, ең озық шешімдерді нақты экономика салаларына жеткізетін толыққанды экожүйе қалыптастырады, - деді министр.


