Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы жер қойнауын игеріп жатқан компаниялардың ғылымды дамытуға бөлген қаражаттарының қайда жұмсалғанын қатаң тексеруді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат осы мәселеге қатысты сауалын Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда: "Біз қоғамда білімпаздықты дәріптеуге, білім және ғылым саласын дамытуға баса мән беріп келеміз" деген еді.
Ақиқат сөз. Себебі қазір дөңгеленген дүниеде ғылымы дамыған елдер ғана топ жарып, экономикасы қарыштап дамып, қажет десеңіз жаңа технологиямен адамзатты айға тасуға тырысып жатыр. Ал біздегі жағдай қалай? Қазақта “Ғылым - теңіз, білім – қайық” деген қанатты сөз бар. Бірақ біздегі бүгінгі байламмен қарасақ, теңіміз тартылып, қайығымыз қайраңға шығып қалды. Себебі отандық ғылымға бөлінетін қаражат “жетім қыздың жүгіндей” болып тұр. Әлем келесі кезекте ғылымның қай саласында тыңнан түрен саламыз, қай биікті бағындырамыз деп жүргенде біз ғылымға ақшаны қайдан табамыз деп түбі тесік қалтамызды түрткілеп отырмыз. Содан кейін елден ақылды бастар кетіп жатыр деп сан соғатынымыз және бар, - деді Нартай Аралбайұлы.
Ғылымға жауаптылардың «жалпы ішкі өнімнің кем дегенде 1 проценті ғылыми зерттеулер мен өндіріске жұмсалса» деп жақ сауып айтып жүргеніне талай жылдың жүзі болды. Бірақ айтқанның аузы жаман, жылағанның көзі жаман дегендей, ғылым жыл сайын тек бюджетке қол жаюға мәжбүр. Биыл Республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыруға 204 млрд теңге қарастырылған. Бұл сумма 2025 жылы 242,6 млрд теңгеге, 2026 жылы 259,5 млрд теңгеге жетеді.
Бір елдің ғылымын аяққа тұрғызып, дамыту үшін бұл қаржы жеткіліксіз. Дегенмен онсызда ішер ас, киер киімге жарымай, жұмыссыздықтан қиналып жүрген жұрттың аузынан артық ақшаны жырып алу мүмкін емес, оған ешкім құқығы да жоқ! Бұл мәселені шешудің, онсызда кім көрінген бүйірінен теспей сорып, түбі көрінген бюджетке салмақ салмаудың бір тәсілі бар. Ол талап заңда тайға таңба басқандай жазылған. Яки, Қазақстанның жерасты байлығын қалағанынша игеріп, қисапсыз қаржы тауып отырған компаниялар ақшасының 1 пайызын ғылымды дамытуға беруі тиіс. Заңда солай көрсетілген. Бар болғаны 1 пайызын ғана. Бірақ сол талаптың өзін көкпарға салған алып компаниялар ақырында отандық ғылымды бюджетке мөлитіп қойды, - деп санайды мәжілісмен.
Оның сөзінше, жер қойнауын пайдаланушы қай компания ғылымның қайсы саласына қанша ақша салды деген нақты сұраққа салаға жауапты министрлік өкілдері нақты жауап бере алмағанын да көрдік бәріміз. Қазақтың жеріндегі байлықты қалағанынша игеріп, қымбатшылықтан әбден зәрезап болған Қазақ халқының ғылымын дамытуға ақшасының 1 пайызын қимай, заңды тиісінше орындамай отырған компанияларды қатаң тәртіпке шақырар кез келді.
Депутат мынадай ұсыныстар айтты:
- Жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың бүгінге дейін ғылымға нақты қанша қаржы бөлгенін, оның қайда жұмсалғанын қатаң тексеру керек.
- Жер қойнауын пайдаланушы компаниялар ғылымға деп бөлген 1 пайыз қаражатқа жасалатын ғылыми жобаларға арнайы ашық байқау жариялануы тиіс. Қай жобаның ұтқаны, оған қанша теңге аударылғаны анық көрсетілуі қажет.
- 1 пайыздық межені орындамаған компанияларға заңға сәйкес шара қолдану керек.
Жер қойнауын пайдаланушы компаниялар ғылымға деп бөлген қаржыны орталықтандырудың тетігін іздеу керек. Сол үшін арнайы қор құрып, ғылымды қолдауға арналған қаражаттың барлығы соның қамбасына аударылуы тиіс. Бұл қордың жұмысын тәуелсіз комиссия бақылауы керек, оның құрамына қоғам белсенділері міндетті түрде кіруі қажет.