Нұр-Сұлтан, BAQ. KZ. Украинадағы шиеленіс басталғалы әлемде энергетикалық дағдарыс туындады. Қуат көздері күрт қымбаттап барады. Әсіресе бұл жағдай Еуропада қатты байқалады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Франция билігі тұрғындарды тұрмыстық техниканы пайдалануды шектеуге шақырады. Жапондар да осыған көшті. Ал АҚШ тіпті энергетикалық дағдарысқа байланысты төтенше жағдай жариялады. Климаттың өзгерісі АҚШ-та анық байқалады. Бірқатар өңірді қуаңшылық жайлады.
Сөйтіп экологиялық проблемалар энергетикалық дағдарысқа ұласты. Құрғақшылық салдарынан кейбір штатта электр энергиясының тапшылығы артып барады. Болжам бойынша алдағы уақытта ахуалдың одан бетер ушығатын түрі бар. АҚШ Президенті амалы қалмаған соң елде төтенше жағдай жариялады. Ал энергияны күн көзінен өндіруге күш салып жатыр. Алдағы жоспар ауқымды. Тіпті 2022 және 2023 жылдары елде өндірелетін электр энергиясының жартысынан астамын күн батареялары мен аккумуляторлардан алу көзделген. Енді Ақ үй басшысының бұйрығымен алдағы 2 жылда Камбоджа, Таиланд, Малайзия мен Вьетнамнан импортталатын тиісті элементтер мен модульдерден баж салығы алынбайды.